"Індет жойылады" – академик, қоғам қайраткері Ғарифолла ЕСІМ
"Індет жойылады" – академик, қоғам қайраткері Ғарифолла ЕСІМ
385
оқылды
– Күтпеген жерден әлем елдеріне індет енді. Коронавирустың әлі күнге дейін емі жоқ. Оған несіне таң­ға­ламыз. Әлі рак дер­тінің емін таппай отыр­ған жайымыз бар. Бұл ма­ғы­нада коронавирус емі жоқ – екінші індет. Бірақ аса қауіпті рак дерті жұқпалы емес, ал мына пәле болса майша жұ­ғады. Бір ауырған жан қа­та­рынан он адамға дертті жұқтыру мүмкіндігі бар. Ал он адам қанша адамға жұқтырмақ, Құдай бетін әрі қылсын, бұл – кәдімгі геометрия­лық тәсілмен өсу. Бұған қалай тоқтау салуға бол­мақ? Қазақ елі дұрыс шешімге келді. Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларын карантинге жапты. Бү­гінде осыған ұқсас шаралар өзге өңірлер, қалаларда жүруде. «Сақ­тансаң сақтаймын» деген Жаратушымыздың сөзін басшы­лыққа алуға бәріміз міндеттіміз. Ендігі әңгіме осы әр азаматтың індет жағдайындағы міндеті ту­ралы. Биліктің айтқандарын ешбір талқыға салмай орындау. Мәселе, күллі жұрттың тағдыры болғанда тек солай болуы азаматтық іс. Тәр­тіпке бағыну, айтқанды орындау, үйден мүмкіндігінше шықпау – бұлар жай нәрсе емес, ол індетті жеңудің амалы. Үйде отырған соң, санаңа ой­лар сауылдап келе береді. Со­ның бірі – бүгінде індетпен алы­сып жүрген біздің жаужүрек азамат­тарымыз. Олар болмағанда не істер едік. Нағыз қилы заман орна­ды. Ол тек қазақ елінің ғана емес, күл­лі адамзатқа ауыр заман. Бұрын кө­ріп, білмеген індетпен біздің дәрі­гер­лер қоян-қолтық арала­сып кетті. Нағыз ерлік! Байқай­мын, біздің дәрігерлерде терең білім, тамаша тәжірибе бар екен. Мұндайда іске араласып кету үшін, әрине білім, тәжірибе, жүрек қажет. Хакім Абайдың айтатын «жылы жүрек» дегенін дәрігерлер іспен дәлелдеуде. Індетті жеңу, сірә оңай болмас, ол әлі мың басты албастыдай аннан-мыннан бас көтеріп шыға беруде, ойлаймын, біздің дәрігерлер оның мың ба­сы болса да жеңеді. Індеттің беті қайтып, бұл істен босатуды сұрағандарды мен естіген жоқпын, сірә ондай болмас. Дәрігер бауырларым, сіздерге халықтың мың алғысы, бар үміт сіздерде. Індетті ініне тығып, бас көтертпейтін етіңіздер, Алла разы болсын! Әрине, күні-түні шапқылап жүрген ішкі істер, басқа да құры­лымдағы азаматтар сіздерге де мың алғыс. Реніш етпеңдер, хал­қымыздың балалық қылықтары бар, кей-кей жерде тәртіпке көн­бесе көндіріңдер, бірақ олар да жан сақтап, күнкөріс қамында жүр­гендер екенін де естеріңнен шы­ғар­маңдар. Қазір қоғам, қауым іші ты­ғыздау болып тұрғаны. Жарату­шымыздың жарқырап күні шықты, жер жылынды, әркімнің көңілінде үміт пен күдік. Ел қамы бір мәселе болса, күнделікті отбасының қа­мы, бір сөзбен айтқанда, нан қамы, мың­даған ағайынның ойын, тілегін жегідей жеп барады. Індет созылып кетіп, карантиннен шыға алмасақ не болғаны? Бұл, әсіресе күнделікті несібені күнде тауып жүрген отбасылар үшін аса қиын болды. Аяқ-қолым аман болса деп нәпақа тауып жүр­гендердің аяқ-қолын мына індет тұсады. Енді қалай күн көрмек. Мұны біліп, сезіп отырған Мем­лекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы мырза халыққа үндеуін жария етті, онда көп мәсе­лелер шешуін табуы қажет. Ендігі жерде, бар ауыртпалық – Үкіметте. Екі миллионға жуық өз бетімен күн көрушілер бар еді, індет нәти­жесінде тағы да жұмыссыздық өсіп шыға келді. Айта берсек, мәселе көп, бірақ бәрін үсті-үстіне төпелей бермей, Мемлекет басшысына, Үкіметке, Парламентке мүмкіндік берейік, болмай, назарға алмай жатқан жағдай болса айтып отырармыз. Айтарым, ағайын, ел басына күн туды, бірақ оны сейілтуге хал­қымыздың қуаты, қайраты, жігері, ақылы, парасаты жеткілікті. Қазақ халқы өз төл тарихында, өз атамекенінде нелерді басынан өткізбеді. Бұл жолы да шыдаймыз, індет жойылады. Көркем ғұмы­рымыз қайта орнығады. Туыстар тек тәртіпке бағынып, үйде оты­рып, індетпен алысып жатқан ерлер­ге күш-қуат тілейік!