Бір адам үш адамға жұқтырды
Бір адам үш адамға жұқтырды
179
оқылды
Атырау облыстық ауруханасында covid-19 індетін жұқтырған 20 адам жатыр. Бұл көрсеткіш жергілікті халықты алаңдатып-ақ отыр. Жиырма адамның біреуі үш адамға жұқтырғаны тіпті қорқынышты үдете түскендей. Атырауда індет жұқтырғандар туралы алғашқы оқиға 27 наурызда мәлім болды. Бірден 3 адамнан анықталған індетті жұқтырғандар шетелден келген жергілікті тұрғындар болып шықты. Тағы бір дерек бойынша шетелден келген студенттен анализ алған емхана мейірбекелері де студентпен бірге жұқпалы аурулар ауруханасына жатқызылып, емхана залалсыздандырылуға жабылды. Күні кеше індет жұқтырған 16-шы адам деп анықталған Қызылқоға ауданың 28 жастағы тұрғыны облыстық ауруханаға ЖРВИ белгілері бойынша жүгінген. Кейін ем алу кезінде одан алынған коронавирус сынағы оң нәтиже берген. Бүгінгі таңда науқаспен қарым-қатынаста болған мейірбике мен екі науқастан да індет жұқтыру оқиғасы тіркелді. Осылайша бір адам үш адамға жұқтыру оқиғасы орын алып, індеттің таралу жылдамдығын айқындап берді. Атырау облысы Денсаулық сақтау басқармасының шешімімен облыстық аурухана екі күндік карантинге жабылды. Қауіпті індетті жұқтырған жиырмасыншы науқас Атырау қаласының 37 жастағы тұрғыны. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы жолдаған ақпаратқа сәйкес, 1983 жылы туған науқас бұған дейін бірнеше адамға індет таратқан әйел адаммен қарым-қатынас жасағандардың тізімінде болған.

Тұрсын  Жұмабекқызы, Атырау облысы.