Ауызсу саласының жұмбағы
Ауызсу саласының жұмбағы
452
оқылды
Дариға Назарбаеваның төрағалығымен өткен Сенат Бюросының ­отырысында палатаның 25 сәуірде болатын жалпы отырысының күн тәртібі талқыланды. ­Алдағы жиында ­сенаторлар Жоғарғы сот судьяларын қызметтен босату туралы мәселені қарамақ. Сонымен қатар «Авторлық және сабақтас құқықтарды ұжымдық не­гізде басқару тәртібі туралы келісімді ратификациялау туралы», «Бір тарап­тан Еуразиялық экономикалық одақ пен оған мүше мемлекеттер және екін­ші тараптан Иран Ислам Республикасы арасындағы еркін сауда аймағын құруға алып келетін уақытша келісімді ратификациялау туралы» және Қазақстан мен Ресей үкіметтері арасындағы «М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің Қазақстандық филиалының жұмыс істеуі туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобаларын талқыға салатын болады. Сенат Бюросы Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетін «Бір тараптан Еуразиялық экономикалық одақ пен оған мүше мемлекеттер және екінші тараптан Қытай Халық Республикасы арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы бойынша бас комитет етіп белгіледі. Бюро мүшелері сондай-ақ жоғарғы палатаның 2019 жылға арналған Негізгі іс-шаралар жоспарына өзге­рістер мен толықтырулар енгізді және халықаралық парламенттік ұйымдар мен шет мемлекеттердің парла­мент­терімен ынтымақтастық жөніндегі топтардағы Сенат депутаттарының құрамын жасақтады. Осы күні Дариға Назарбаеваның қатысуымен жоғарғы палатада «Қа­зақстандағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» заңды жүзеге асыру мәселелері қарал­ды. Сенат жанындағы Жергілікті өкіл­ді органдармен өзара іс-қимыл жө­ніндегі кеңес «Қазақстан мәслихат­тары депутаттарының бірлестігімен» және «Өңір» депутаттық тобымен тізе қоса отырып, орталық атқарушы және жергілікті өкілді органдардың бас­шыларын шақырып, кездесу өткізді. Өз сөзінде Сенат төрағасы жергі­лікті билік – мемлекеттік басқарудың негізгі буыны екенін атап өтті. Әкім­шілік реформа нәтижесінде жергілікті билікке елеулі өкілеттіктер берілді, мәслихаттар ауыл, ауылдық округ, аудандық маңызы бар қала деңгейін­дегі бюджетті дербес қалыптастыра алады. Алайда өңірлердің бірінші кезектегі міндеттері тиісті деңгейде ше­шілмей тұр. Д.Назарбаева жедел шешуді талап ететін өңірлік дамудың бірқатар мә­се­лесіне, соның ішінде өңірлердің әлсіз инфра­құрылымына назар аудартты. – Өңірлерді ауызсумен қамтамасыз ету мәселелеріне тәуелсіздік жылдары 540 миллиард теңгеден астам қаржы жұмсалды. Сонда да көптеген елдімекендерге әлі күнге дейін ауызсу неге жетпеген? Бұл бағдарлама «Бермуд үштағаны» сияқты: оған бағытталған қаражат жұмбақ жағдайда жоғалып кетеді, – деді Д.Назарбаева. Жиында сенатор, «Қазақ­стан мәс­лихаттары депутаттары бірлес­тігінің» төрағасы Т.Мұқашев, Ұлттық эко­номика министрі Р.Дәленов, Есеп комитетінің төрағасы Н.Годунова, Түркістан облыстық мәслихатының хатшысы Қ.Балабиев, Қостанай облыстық мәслихатының хатшысы С.Ещанов баяндама жасады. Д.Назарбаева жергілікті өкілді органдармен өзара іс-қимыл жөніндегі кеңестің қызметіне қарқын беруге шақырды. – Кеңес жергілікті өзін-өзі бас­қа­рудың қалыптасуы мен өңірлік даму­дың өзекті мәселелері талқыланатын, туындаған мәселелерді шешу жөнін­де­гі ұсыныстар түзілетін, тұрақты жұ­мыс істейтін алаңға айналуға тиіс! – деді Сенат басшысы. Кездесу қорытындысы бойынша ұсыныстар әзірленетін болады. Жо­ғарғы палата басшысы «олар мерзімі мен жауапкершілігі көрсетілетін нақты сипатқа ие болуға» тиістігін нықтай келе, сенаторларға олардың іске асырылуы барысына тұрақты мониторинг жүргізуді жүктеді.