Агроөндіріс мүмкіндігі ашылады
Агроөндіріс мүмкіндігі ашылады
384
оқылды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 31 наурызда Қазақстан халқына арнайы үндеу жария­лап, төтенше жағдай кезінде барлық са­­лаға, соның ішін­де ауыл шаруашылығына да айрықша қолдау көр­сетілетінін айтты. Пре­­­зидент алдымен шағын және орта шаруа қо­жа­лықтарына көмек беруді тап­сыр­ды. Оған жұм­салатын қаражаттың көлемі де ай­­­­тылды. Иә, коронавирус панде­мия­сы үлкен қаланың тұр­ғын­­дарын үйге қамап, қаң­та­рып қой­ғанымен, ауылда­ғы шаруа қол қусырып қарап отыра ал­ма­сы анық. Диқан жер­ге, мал­шы малға қарауы ке­рек. Фермер үшін көктем­нің әр күні жылға азық. На­ғыз науқан қызатын кез. Сон­­­­дықтан шикізат баға­сы­ның түсімі азайып, бұрын­ғы­дай бюджет болмайтынына көз жеткен тұста ауылға мойын бұрмасқа амал жоқ.
Дағдарыстың жаңа тол­қынына тап келгенде ел бас­шы­лығы да тың шешімдер қа­растырып жатыр. Мем­ле­кет басшысы үндеуінде аг­ро­ө­неркәсіппен айна­лы­са­тын кәсіпкерлерге қазы­на­дан 70 мил­лиард теңге бөлінетінін айт­ты. Оған қосымша, көк­тем­гі егіс науқаны үшін «Қа­рапайым заттар эконо­ми­ка­сы» бағдарламасы арқылы 100 млрд теңге тағы беріледі. «Үкі­метке дизель отынының на­рықтық бағасын он бес пайызға арзандатып, 165 тең­геге дейін төмендету мін­де­ті жүктелді. Осыны қамта­ма­сыз ету үшін 390 мың тон­на ди­зель отыны жеңіл­дік­пен са­ты­лады», – деді Қ.Тоқаев.
Осылайша, шаруа дәл қазіргі науқан қажеттілігіне дизель отынын арзанға алатыны белгілі болды. Бұған дейін Энергетика министрлігі мен Ауыл шаруа­шылығы министрлігі бірлесіп, «Егін жұмыстарына дизель оты­нын жеткізуге арналған МӨЗ-ге аудандарды бөлу кестесін» бе­кіткен еді. Яғни, бұрын зауытта бір тонна дизель отынының бағасы 194 мың теңге (литрі – 161 теңге) болса, енді тоннасы зауытта 174 мың теңге немесе литрі 144 теңге деп бекітілді. Ендігі мәселе – оны шаруа­шылық иесіне осы бағамен жет­кізу. Президент бағаның жол-жө­некей, делдалдар арқылы өсіп кет­пеуін Бас прокуратура мен Үкі­мет тікелей қадағалауын тап­сырды. Біздіңше, жалғыз дизель отыны ғана емес, ауылға бөлінген барлық қаражаттың, жеңіл­детіл­ген несиенің дер кезінде қолға тиюін жоғарыдағы құзырлы ор­ган­дар бақылағаны жөн.    width= Қазақстан – аграрлық әлеуе­тін толық аша алмай отырған мем­­лекет. Қазақ жері егін салуға да, мал өсіруге де қолайлы­лы­ғы­мен ерекшеленеді. Жай­ы­лым­дық жер мен шабындық және егістік жер­дің көлемі өндірісті өркен­детіп, ішкі нарықты қам­тамасыз етуді былай қойғанда экспорттан мол пайда табуға мүм­кіндік бер­мек. Тек саланың өзіне тән проб­лема­лары мен ұзақ жыл­дан бері ше­шілмей келе жат­қан кедер­гілерді реттейтін тұтас ха­лық­тық реформа жасалса болғаны. Ауыл шаруашылығы экс­порты демекші, былтыр агро­өнер­кәсіп өнімдерінің экспорты 6,4%-ға өс­кен болатын. 2019 жылы елі­міздің сыртқа шығарған өнімі 12,41 млн тоннаны құрап, түскен пайда 3,29 млрд долларды құрады. Айта кететін жайт, экс­портқа шы­ғарылған өнімнің қайта өңделген көлемі 2018 жыл­мен салыстыр­ған­да 33,65%-ға артқан. Осылай­ша, былтыр 72 мемлекетке ауыл шаруашылығы өнімін жеткізе алдық. Бұл әрине аздық етеді. Ең алдымен, экс­порт­қа азық-түлік өнімін ши­кізат күйінде емес, қайта өңдеп дайын тауар күйінде сатуды жетілдіре түскеніміз жөн.   Маман пікірі:    width=Атамұрат ШӘМЕНОВ, экономика ғылымдарының докторы: – Біздің Үкімет мүшелерінің ауыл шаруашылығы саласы туралы есебінде макроэкономикалық цифр көп. Алайда құрғақ сандар ешқашан нақты жағ­дайдың көрсеткішін бере алмайды. Агроөнеркәсіптің ахуалын анықтау үшін негізгі екі көрсеткішке қарасаңыз, жетіп жатыр. Біріншісі, азық-түлік өнімдерінің бағасы. Егер азық құны үздіксіз көтеріле беретін болса, істеліп жатқан жұмыстың нәтижесі қайда? Екіншіден, азық-түлік тауарларындағы импорттың үлесі. Қазір дүкенге, супермаркетке кіріп, сөредегі өнімнің шыққан жерін қараңыз. Отандық өнім көп пе, импорттың үлесі көп пе? Импорт көп, демек ішкі өндірістің жағдайы мәз емес деген сөз. Ресейден келетін сүт өнімдері неге арзан? Себебі оның сапасы біздің өнімнен төмен. Ресейдің сүтінің құрамында пальма майы көп, соны ұнтақпен араластырып бізге сатады. Импорттың сапасын қадағалап отырған орган жоқ. Бұл алдымен біздің өндірісті шектейді және оны ішкен адамда аллергия, асқазан ауруларын тудырады. Сондықтан отандық өнімді барынша көп өндірсек, оның бағасы да арзандайды. Сондай-ақ нарық заңы бойынша шетелдің сапасыз өнімі бәсекеден өз-өзінен ығысып түсіп қалады. Бұл екі нақты көрсеткішті қадағаламай ауылға бөлген ақша құмған сіңген сумен бірдей болып қала береді. Осы уақытқа дейін біз аграрлық сала – Қазақстан экономикасының локомотиві болады деп сөз жүзінде айтып келсек, енді іс жүзінде жүзеге асыратын кез келді.    width=Алмасбек САДЫРБАЕВ, «Шопан ата» қойшылар қауымдастығының төрағасы: – Президент Үкіметке шаруаларды несиелен­діруді жеңілдетуді, көмек беруді тапсырды. Енді осы қарастырылған төменгі пайыз несиенің дер кезінде жетуін, тиімді жұмсалуын қадағаласа дейміз. Себебі «ҚазАгроның» талабы бойынша кепілдеме 75-100% мөл­шерінде болуы тиіс. Ауылдағы шаруада ондай кепілге қоятын мүлік қайдан болсын?! Қаланың қазағының өзінде ондай мүмкіндік аз. Сондықтан осы кепілдікті фермердің алдындағы малмен өлшейтін механизм жасалса. Оның үстіне, осы уақытқа дейін фермерлер несиеге техника алды, басқа да қажетті жабдықтар алды. Оның кепіл мүлкі сол алдыңғы қарызына кепіл болып тұр. Төтенше жағдайға байланысты мемлекет бөліп отырған 70 млрд теңге ша­руаның қолына уақытында жетуі үшін осы кепілзаттың механизмін тиімдірек қылып қайта қарау қажет. Біздің ұсынысымыз – агроөнеркәсіп өкілдерін несиелендіру ісіне «ҚазАгро» ғана емес, «Атамекен» ҰКП өкілдері және қоғам белсенділері араласса дейміз. Президентіміз «Халық үніне құлақ асатын Үкімет» форматында жұмыс істеуді ұсынды ғой, осы жүйені ауыл шаруашылығын қолдау ісіне енгізсе, көп мәселе шешілер еді.  

Бауыржан БАЗАР