Дағдарысқа дайын ел дамуға жол табады
Дағдарысқа дайын ел дамуға жол табады
298
оқылды
Алдыңғы аласа­пы­ран­­нан, 2008-2010 жыл­­­дардағы жаһан­­дық күйзелістен шы­ғуға Қазақстан ЖІӨ-нің 20 пайыз­дайын шығындапты. Сол күреске мемлекеттік жә­не басқа көз­дерді қоса алғанда кем дегенде 2,2 трил­­лион теңге ба­ғытталды. Дағдарысқа қарсы бағдар­лама қар­жысы әрбір қа­­­зақ­стандыққа шаққанда ша­мамен 920 доллардан келді. Бұған қоса, Ұлттық қордан 1,2 трил­лион теңге бөлінді. Қа­зір ше? Биылғы 23 наурызда өткен Тө­тен­ше жағдай жөніндегі мем­ле­кет­тік комиссия отырысында Пре­­­зидент Қасым-Жомарт То­қаев дағ­дарысқа қарсы шаралар қар­­жысының жалпы көлемі 4,4 трил­лион теңгені немесе 10 мил­лиард долларды құрайтынын хабарлады. Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленовтің айтуынша, Қа­зақстанның атаулы жалпы ішкі өні­мі 2020 жылы 69,7 триллион тең­ге болады деп бағаланып отыр. Де­мек, бұл жолғы дағдарысқа қар­сы іс-қимылға бөлінген қар­жы (4,4 трлн теңге) әзірге ЖІӨ-нің 6,31%-ына ғана тең екенін кө­реміз. Дегенмен бұл сома әрі қарай өсе­тінге ұқсайды. Себебі оған са­лық­тық жеңілдіктер мен жер­гі­лік­ті деңгейдегі қолдау шаралары кір­меген. Бұдан бөлек, әз-Наурыз ме­рекесінен бергі кезеңде мем­ле­кет алдында жаңа міндеттер мен түйткілдер туындады.  

Күйзеліспен күрестің төл тәжірибесі

Барлығы салыстыру арқылы та­нылады. Халқымыздың осы жол­ғы үлкен сынақтан да табысты шы­ғатынын ұғыну үшін Елба­сы­мен бірге өткен жолымызға шола қа­рап, өз тәжірибемізді бағамдай кет­кен жөн. 2008 жылы көптеген ел­дің жайқалған бақшасын жаһан­­­дық қаржылық-эконо­ми­ка­­лық дағдарыс аяусыз жайпап кет­ті. Еліміздің сол кездегі Үкімет бас­­шысы әрі білікті кризис-ме­нед­­жер Кәрім Мәсімов әлемдегі ахуалды үлкен майданға теңеді. Ба­тыстың белді басылымдары да бас­қан бұл атақты сөзін Кәрім Қа­жымқанұлы әріден бастады. Үкі­меттің 26 наурыздағы селек­тор­лық кеңесінде ол алдымен АҚШ бас қаржыгері Т.Гайтнердің м­ә­лімдемесіне өз пікірін білдіре кетті. «Құрама Штаттардың қаржы министрі «нарық бәрін реттеуі тиіс» деген үміт білдірді. Бар­лы­ғын өз орнына қойып, тәртіпке кел­­­тіреді деді. Алайда жүз жылда бір рет мұндай жүйе істен шығады. Бү­гінде осындай кезең туды. На­рық барлығын қалпына келтіре ал­майды. Сондықтан осы алма­ғайып кезеңде мемлекет эконо­ми­каға белсенді араласуы қажет. Дағ­дарыс – соғыс екен, ендеше біз де соғыс уақытының заңда­ры­мен өмір сүретін боламыз» деген К.Мәсімов Елбасының тап­сыр­ма­сына сәйкес, ел экономикасы «қол­мен басқару режиміне» кө­ше­тінін мәлім етті. Министрлер кабинетінің же­текшісі мұны қарапайым мы­сал­мен түсіндірді: қандай да бір ірі ны­сан құрылысына қаржы беріл­се, ондағы жұмыстар мемлекеттік ба­қылауға алынады, жауапты ком­пания құрылыс материалын уа­қытылы жеткізбесе, оның ісі­мен комиссия айналысады. Бұл тәжірибе өзін-өзі ақтады. Қа­­зақстан кейбір елдердегідей не­месе 90-жылдағыдай күйзеліс құ­зы­нан құрдымға құлаған жоқ. Дағ­дарысқа қарсы бағдарлама ая­сында бөлінген қаражаттар иге­ріл­ді. Жаңа жобалар іске қосылды. 2009 жылы ел тарихында алғаш рет жұ­мысшылардың жаппай бо­сауы­ның алдын алудың және жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің жаңа бағ­дар­ламасы – Өңірлік жұмыспен қамту стратегиясы қабылданды. Екі жылда 390,6 мың жұмыс орны құ­рылды. Бұған дейін оңды-солды несие та­ратқан, бірақ ірі сынаққа шы­да­май жайрап қала жаздаған банк сек­торы Үкімет қолдауымен қайта тү­леді. Ірі құрылыс алаңдары ашы­лып, елде индустрияландыру бас­тау алды. Шағын және орта бизнес ар­зан несиеге қарық болды. Елдің тұр­ғын үй-коммуналдық шаруа­шы­лығы біршама жаңартылды. Сарапшылар дүниежүзіндегі мем­лекеттерді жаппай қамтыған 2008 жылғы дағдарыс оған дейінгі барлық экономикалық күй­зе­ліс­терден ауыр әрі терең болғанын жаз­ды. АҚШ-та ол ХХ ғасырдың 30-жылдардағы «Ұлы депрессия­дан» да асып түскен, себебі тек банк­тер­ді емес, экономика­ның нақты секторын да қамтыды. Егер Қазақстанның сақтаған қо­ры, жинаған қоңы болмағанда сол дағдарыс-ақ жас мемлекетімізді қаусатып кететін еді. 1990 жыл­дар­дағы шаруашылық байла­ныс­тар­дың үзілуі, жоспарлы экономи­ка­дан нарықтық жүйеге шұғыл өту жағ­дайында туындаған елдегі тар жол, тайғақ кешу кезеңі, одан кейін Азия мен посткеңестік кеңіс­­тікті жайлаған дағдарыс Қа­зақ­станға әлдеқайда ауыр тигені белгілі. Өйткені ол кезде респуб­ли­када резерв болмады, нарықтық тәжірибесі жоқ еді. Оның үстіне білікті экономист, қаржыгер ма­ман­дар тапшы болатын. Заманауи даму қорлары мен институттары да құрылып үлгермеген. Елбасы айт­қандай, бюджет қаражаты зей­нетақы-жәрдемақы төлеуге де жет­педі. Әйткенмен, еліміз сол өтпелі ке­­­­зеңнің барлық ауыртпалықтарын лайық­ты өткере алды. Дамуда кен­же­леп қалған Африка, Азия, Ла­тын Америкасының қайыршы­лық пен шетсіз-шексіз қиыншы­лық жайлаған елдерінің деңгейіне дейін құлдырамады. Күйзелістен қуат­танып шықты, жаңа биіктерге бет алды. Ал 2008 жылғы дағдарыстан Қа­зақстанды Ұлттық қор құтқарды. Ұлт­тық компаниялар, даму инс­титуттары тіреу болды. Нәти­же­сін­де, еліміз өркендеудің жаңа даң­ғы­лына аяқ басты. Айтпақшы, ХХІ ға­сыр басында мұнай бағасы әр бөш­кесі үшін 148,5 долларға дейін ша­рықтағанда оны сатудан түскен барлық қаражатты әр қазақстан­дық­қа бөліп беруді талап еткен қар­жы-экономика сарапшылары, бе­делді саясаткерлер көп болды. Ел басшылығы популистердің те­геурінді талаптарына шыдас берді, со­ның дұрыс болғаны кейін анық­тал­ды. Қазақ елі қой үстіне бозтор­ғай жұмыртқалаған ауқатты жыл­дары ел қазынасына құйылған мол түсімді «жеп» қойған жоқ, Ұлттық қор құрып, сонда қордалады. Енді сол қаржы бүкіл адам­зат­тың үрейін ұшырған, тіпті ең д­а­мы­ған елдердің еңсесін езген қа­зір­гі жаһандық нәубет шақтың өзі­нен елімізге абыроймен өтіп, әрі қарай алға қозғалуына мүмкін­дік беріп отыр.    width= 2020 жылғы наурыздағы жағдай бойынша, Ұлттық қорда 61 мил­лиард 153,5 миллион доллар не­месе 27 триллион 335,6 миллиард тең­геден аса қазына бар. Ел Үкіметі бұл қаражаттың бір бөлігін коро­навирусқа тосқауыл қоюға, аза­мат­тар мен кәсіпкерлерді қолдауға, дағ­дарысқа қарсы шараларға ба­ғыттап жатыр. Ұлттық экономика ми­нист­рі Руслан Дәленовтің мәлі­ме­тінше, бюджет кірістерінің тап­шы­лығын жабу және дағдарысқа қар­сы шаралар кешенін қаржы­лан­дыру үшін 2020 жылы Ұлттық қор­дан тағы 2 триллион 70 мил­лиард теңге тартылады. Бұдан бұ­рын республикалық бюджетте бе­кітілген кепілдендірілген транс­ферт­ті қоса алғанда биыл «мұнай қо­рынан» жалпы сомасы 4 трил­лион 770 миллиард теңге шығын­да­лады деп жоспарлануда.  

Тоқыраудан шығарар тоғыз қадам

– Қазіргі қалыптасқан жағдай күр­делі болғанымен, аса ауыр деп ай­туға болмайды. Біздің барлық мүм­кіндігіміз бен қорымыз бар. Ең бас­тысы, қолайсыз жағдайға дер ке­зінде дайындықты бастадық жә­не не істеу керек екенін білеміз,– дей­ді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев. Сарапшылардың бағалауынша, Қа­зақстанның дағдарысқа қарсы ша­ралары – посткеңестік кеңіс­тік­тегі, ТМД елдері арасындағы ең ірі­сі. Мұны осы өңірдің алпауыты, экономикасы көлемі жөнінен де, хал­қының саны бойынша да рес­пуб­­ликамыздан он еседей үлкен Ресейдің шараларымен салыс­тыр­ған­да байқаймыз. Ресей үкіметінің тө­рағасы Михаил Мишустин «ко­ро­навирустық инфекцияның та­ралуымен күрес және дағдарысқа қар­сы шаралар үшін жалпы алған­да 1,4 триллион рубль қаражат қа­рас­тырылғанын» жеткізді. Ресей қар­жы министрі Антон Силуанов COVID-19 және оның әлеуметтік-эко­номикалық салдарын жоюға ЖІӨ-нің 1,2% бөлінетінін айтты. Қазақстанда халық пен бизнес­ті қолдау шаралары әлдеқайда кең, жан-жақты. 23 наурызда Мемлекет бас­шысы Қ.Тоқаев Дағдарысқа қар­сы алғашқы шаралар топ­та­ма­сын жариялады. Жағдайдың ушы­ға түскенін ескеріп, ел Президенті 31 наурыздағы мәлімдемесі арқы­лы ол топтаманы толықтырды, қо­­­­сымша шешім қабылдады. Біріншіден, төтенше жағдай ке­зеңінде табыссыз қалып, үйінде отырған 3 миллиондай қазақ­стан­дыққа ең төменгі жалақы – 42,5 мың теңге көлемінде әлеуметтік тө­­лем төленеді. Пандемиямен кү­ре­суші медицина қызметкерлеріне 3 ай бойы қосымша үстемеақы тө­ленеді. Екіншіден, инфляция өскен­дік­тен, зейнетақы, мемлекеттік жәр­демақы және АӘК 10%-ға ин­дек­­сацияланады. Бұған 200 мил­лиард теңгедей бөлінеді. Үшіншіден, 800 мыңнан астам адам­ға тұрмысқа қажетті заттар мен азық-түлік тегін таратылады. Төртіншіден, шағын және орта биз­неске қолдау көрсету бағы­тын­да бұрын-соңды болмаған шаралар қол­ға алынып отыр. Әкімдіктер жер­гілікті кәсіпорындар өнімін кем дегенде жарты жыл бойы ке­пілді түрде сатып алады. ШОБ ең­­­бекақы төлеу қорынан алынатын са­лық жә­не әлеуметтік төлемдері – жеке та­быс салығын, әлеуметтік салықты, мін­детті зейнетақы жарналарын, мін­детті медициналық сақтандыру жә­не әлеуметтік аударымдарды 6 ай бойы төлемейді. Бесіншіден, ауыл шаруашы­лы­ғы кәсіпкерлерін демеуге бюд­жет­тен 70 миллиард теңге бөлінеді. Оны «Аграрлық кредиттік кор­по­ра­­­циясы» фермерлерге 5%-дық несие түрінде үлестіріледі. Көктем­гі егіс науқаны үшін «Қарапайым зат­тар экономикасы» бағдарла­ма­сы арқылы қосымша 100 милл­иард тең­ге арна тартады. Бұл ретте шаруа қожалықтарына жәрдем көр­­сетіледі. Сонымен бірге Үкі­мет­­ке жанармайды 165 теңгеге дейін арзандату жүктелді. Алтыншыдан, қаржы экономи­ка­ға тез әрі нақты жетуі үшін экс­порт­қа бағдарланған, жылдам өсу­­ші орташа компанияларды «Бәй­терек», «Аграрлық несие кор­по­­рациясы» және басқа даму инс­титут­тары арқылы тікелей қар­жы­лан­дыру қарастырылмақ. Бұл кә­сіпорындар дағдарыстан кейінгі ке­зеңде экономиканы ілгері сүй­рер «локомотивке» айналуы тиіс. Жетіншіден, ТЖ кезеңінде ха­лық­­тың барлық кредиттерін төлеуі кейін­ге қалдырылды. Банктердің сол үшін айыппұл мен өсімпұл есеп­теуіне тыйым салынды. Дәл осын­­дай игілік бизнеске де ұсы­ны­лады. Сегізіншіден, мемлекет халық көп тұтынатын барлық тауарларды өз елімізде шығаруға ден қойды. Осы мақсатта Мемлекет басшысы «қа­рапайым заттар экономикасы» бағ­­­дарламасын қаржыландыру кө­ле­мін 1 триллион теңгеге дейін жет­­­­кізуді тапсырды. Оның аясында осын­­дай тауар өндіргісі келетін биз­­неске 6%-дық арзан несие бе­рі­леді. Тоғызыншыдан, жаңа жұмыс орын­дарын ашу үшін «Жұмыспен қамту жол картасына» 1 триллион тең­ге бағытталады. Осы сомаға 85 мың теңге жалақы төленетін 250 мың­нан аса жұмыс орны құры­ла­ды, жол және басқа инфрақұрылым са­лынып, жөнделеді, ауыл абат­тан­дырылады. «Бір жайт назар аудартады. 2008 жылғы дағдарыс кезінде қар­жы және банк секторын қолдауға, ішкі сұранысты ынталандыруға, ірі биз­несті қолдауға, тұрғын үй құры­лысын өркендетуге екпін түсіріл­ген болатын. Үкімет кейбір банк­тер­ді национализациялауға дейін барды. Ал енді қазіргі дағдарыс жағ­­дайында басты қолдау шара­лары табысынан айырылған қазақ­стандықтарды және осал топтарды қол­дауға, шағын және орта биз­нес­ті қолтығынан демеуге, ауыл шаруашылығын дамытуға, импорт алмастыруға, ішкі ресурстарды жұ­мылдыруға баса мән берілуде. Бұл шаралар дағдарысты еңсеруге, ха­лықтың әл-ауқатын жақсартуға жол ашары сөзсіз», – дейді эко­но­мист-ғалым Бибі Өмірбаева. Қазақстан азаматтар мен кә­сіп­керлерді қолдау шараларын өріс­тете бермек. Мемкомиссияға қол­даудың өзге де шаралары кеше­нін пысықтау жүктелді.  

 width=      Айхан ШӘРІП