COVID-19 жас талғай ма?
COVID-19 жас талғай ма?
267
оқылды
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйы­мы­ның ресми сайтында COVID-19 инфек­ция­сын жұқтыруға бейім контингент ретінде қарттар аталады. Сонымен бірге созыл­малы дерті бар адамға да жұғу көрсеткіші жоғары екені ескертілген. Сөзбе-сөз кел­тірсек: «аурудың ауыр ағымы көбінесе егде жастағы адам­дарда, сондай-ақ со­ма­тикалық аурулары бар адамдарда (мысалы, артериялық ги­пертен­зия, жүрек аурулары, өкпе ауруы, қатерлі ісік немесе қант диабеті)» делінген. The Guardian басылымы 70 мыңнан астам адамның ана­лизіне жүргізген зерттеу нә­тижесі 50 жастан асқандарда ауру жұқтыру қаупі басым екенін, инфекция жұқтырған күн­нің өзінде асқыну көбірек болатынын көрсет­кен. Ал біздің елде коронавирус жұқ­тыр­ғандар арасында 20-40 жастағы адам­дардың үлесі басым. Неге?  

Қалың түскен қардың пайдасы тиді

Денсаулық сақтау министрлігінің 30 наурыздағы дерегіне сүйенсек, вирус жұқтырған азаматтардың 19-ы – 60 жас­тан асқандар, ал 22 адам – 50-60 жас ара­лығында. 37 адам 40-50 жас аралы­ғында болса, 87 адам – 20-40 жас аралы­ғында. 20 жасқа дейін вирус жұқтырғандар саны – 9. Осы дерек жария болғанда 30-50 жас аралығындағы адамдардың үлесінің көп болуына қатысты бірнеше болжам айтылды. Соның бірі – тоқсаныншы жыл­дар кезіндегі тоқырауда елдегі әлеу­меттік-экономикалық жағдайдың нашар­лығынан тойып тамақ жемеген буынның иммунитеті әлсіз деген пайым. Шынында солай ма? Біз бұл сауалды еліміздің денсаулық сақтау саласында көп жылдан бері еңбек етіп келе жатқан дәрігер, сарапшы Эрик Байжүнісовке қойдық. Оның айтуынша, аты жаман вирустың біздің елдегі егде жастағыларға жола­мауының бір себебі – қарияларымыздың қыс маусымында ел-жер аралауға шық­пауына байланысты. «Қарт кісілер қыстың күні көп қы­дыр­ған жоқ, қалың қар түсті, көлік қозғалысы шектеулі болды. Сондықтан елмен ара­ласа алмады, үйде отырды, яғни вируспен кез­десу мүмкіндігі болған жоқ. Егер 60 жастан асқан азаматтарымыз Қытай мен Италия тұрғындары сияқты ел аралап жүргенде жағдай қиындайтын еді. Шетел­мен барыс-келіс бар жерде бұл вирустың бізге келмей қоймасы белгілі еді», – дейді ол. Оның айтуынша, иммунитеті күшті адам кез келген ауруды жеңе алады, оның ішінде коронавирус та бар. Алайда осы вирус қанға кірген соң жасушамыз оны танымайды да, қалай күресу керек екенін білмейді. Бұл вирус түрлі ауру бойынша диспансерлік есепте тұрғандарға жұқса, салдары ауыр болады. Елімізде 3,5 млн адамның диспансерлік есепте тұрғанын ескерсек, бұл ойланатын мәселе-ақ. Себебі созылмалы ауруы бар адамның иммунитеті жаңа вируспен күресем де­ген­ше бұрынғы ауруы асқынып, содан көз жұ­мады, көп жағдайда. Ал жастың аты – жас. Олардың иммунитеті мықтырақ. 1 жасқа дейінгі балалардың да иммунитеті осалдау келеді. Сондықтан оларды да сақтауымыз керек. Әлеуметтанушы-ғалым Рамазан Салықжанов та бірінші респонденттің пікірін қостайды. Яғни, коронавирус көбіне әлеуметтік кәсіби белсенділік танытатындарға жұғады. «Карантинге дейінгі жағдайды алсақ, қызметте, қоғамдық орындарда кімдер жүреді? Орта жастағылар, жұмыстағылар, бала-шаға қамымен жүретін әйелдер жүр­ді. Бәріміз көшеде бірге жүрдік», – дейді. Ал енді «қамауға» түскеннен кейін ви­рус жұқтырудың басқа спецификасы пайда болуы мүмкін. Яғни, үйде отырып жұқты­ру­дың кезеңі басталады. Ғалымның пікі­рін­ше, қай кезеңде де пропорция сақталады.  

Вирус ешқайда кетпейді

«Тұмауға қарсы түрлі екпе ектірген адам­­ның иммунитеті күшейіп тұрады. Ек­пе еккен адам мен егілмеген адамды са­лыстырғанда алғашқысының организмі дертті жедел жеңеді. Өйткені вируспен күресуге қанында антитела бар. Егілмеген адам оған дайын болмайды. Жылда тұ­мауға қарсы екпе аламыз. Бірақ біз тұ­маудың қандай вирусы келетінін біл­мей­міз, ви­рустың түрі көп, соған қарамастан, тұмау­дан жеңіл өтеміз», – дейді Эрик Әбенұлы. Осы тұста егер коронавирусқа қарсы вакцина жасалса, оны ектіруге қарсылық пайда болса қайтеміз? Былтырғы Ден­сау­лық кодексіндегі вакцина салуды мін­дет­теу туралы бапқа қарсы жүрген ақпа­рат­тық соғысты еске алсақ, жетіп жатыр. Эрик Әбенұлының айтуынша, XXI ғасырда көзі ашық, білім-ғылым дамыған заманда осындай проблеманы халыққа қайта түсіндіріп жатудың өзі ұят. Бұл халық сауатының төмендігін көрсетеді. «Екпенің арқасында жер шарындағы халық саны 6 млрдтан асты. Қазақ­стан­дықтардың 18 миллионнан асуы да екпе­нің арқасы», – дейді ол.    width= Сарапшының пікірінше, екі айда эпидемияны ауыздықтауға мүмкіндік бар, жобамен мамыр айының ортасында тү­зелуі керек. Бірақ вирус ешқайда кетпейді, арамыздан табыла береді. «Эпидемиядан кейін екінші толқын пайда болады. Карантиннен босаған соң, ел көшеге шыққанда қайта жұқтыру мә­селесі туындауы мүмкін. Сондықтан қа­зіргі гигиеналық тазалықты тоқтатпай, жал­ғастыра беруіміз керек, сонда жұқты­рып ауырғандар саны белгілі бір мөлшер­ден көтерілмейді, жаздың аяғына барып басылады. Әлемде COVID-19 вирусы пай­да болды, бұл вакцина табылғанша арамызда жүреді. Вакцина табылған соң ел болып егілсек, сол кезде жеңуге мүм­кін­дік туады. Ал оған дейін вирусты жеңдік деп айтуға ерте», – дейді Эрик Байжүнісов.  

Тазалық өмір салтымызға айналуы тиіс

Коронавирустың елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайына да нұқсан келтіретіні белгілі болып отыр. Аты жа­ман вируспен күресу үшін ел қазы­на­сынан триллиондар бөлінбек, бұл бюджет бүйірін опырып кететін қаржы. Алайда амал жоқ. Қазірдің өзінде сарапшылар алдағы эко­номикалық ахуалымызға қа­тыс­ты түрлі болжам айта бастады. Ал әлеу­меттану ғылымдарының кандидаты Рамазан Са­лық­жанов бұл бағытта қандай да бір болжам жасауға әлі ерте деп санайды. «Жекелеген сарапшылардың дере­гінше, ауру жұқтыру сәуірдің ортасына дейін өседі, сол кездегі дерекке қарап, экономиканың бір саласындағы қатерді айта аламыз. Бір сценарий осы айдың ортасында вирус жұқтырғандар саны 1 200-2 000 адам болады десе, екінші сценарий 12-13 мыңмен тоқтайды дейді. 18-20 мыңға жетеді деген де сценарий бар. Вирус жұқтыру дерегі 7-8 мыңға жетсе де, Қазақтан экономикасына ауыр соқпас, бірақ дәрі-дәрмек жетіспеушілігі бас­талуы әбден мүмкін», – дейді ол. Ал ол көрсеткішке жеткізбеу – сіз бен біздің қолымызда. Ол үшін тек дәрігер нұсқауына құлақ асып, кәсіби кеңеске  жүгінген жөн. Зімбір жемісін іздеп базар аралап кету де вирус жұқтыруға себеп болуы мүмкін. «Зімбір – қазақта болмаған жеміс. Халық медицинасы негізінен сенімге бейімделген. Адам ешқашан қой мен жылқының өті, бауыры адамға шипалы деп айтпайды. Қайдағы бір қолға түсуі қиын нәрсені айтады: бұлынның бірдең­кесі, аюдың майы, суыр мен иттің майы. Соны тауып, сеніп ішеді, сосын жазы­лады. Бұл – психотерапияның бір бөлігі. Менің ұстанымым, адам егер сенсе, қолдан­са еш зияны жоқ. Бірақ сенімнің де шегі болады. Мысалы, түйенің зәрін ішіп кетуге бол­майды. Қойдың құйрық майы, шұбат, қымыз сияқты өзіміз білетін тамақтың пайдасы зор», – дейді Эрик Байжүнісов. Оның айтуынша, кез келген жануар­дың өзіне тән ауруы болады. Маймылдан, шошқадан, жарқанаттан жұғатын аурулар бар. Сондықтан адам өзіне тоқтам салуы керек. Ең бастысы, гигиеналық тәртіпті күн­делікті өмір салтымызға айналдырға­нымыз абзал. Сонда қандай вирус келсе де, дайын тұрамыз. «Қазіргі қабылданып жатқан іс-қи­мыл­дардың бәрі дұрыс. Мені адаңдататын екі жағдай бар, біріншісі дәрігерлеріміз­дің қорғалуы, себебі қазіргі күні бар сенері­міз – солардың күш-жігері таусыл­м­аса екен деген үміт. Эпидемияны жеңе­тін солар. Сондықтан оларға жағдай жа­сауымыз қажет. Екіншісі – үйдегі кемпір-шалды сақтауымыз керек», – дейді ол. Иә, COVID-19 инфекциясы жас тал­ғамайтын тажалға айналды. Ал егер дәрі­гер қауымының кеңесіне құлақ түрсек, айтқанын бұлжытпай орындасақ, бұл кезең де артта қалар.  

 width=     Халима БҰҚАРҚЫЗЫ