Тегін азық-түлік кімге беріледі?
Тегін азық-түлік кімге беріледі?
294
оқылды
Мемлекет басшысы үндеуінде 800 мыңнан астам азамат тұрмысқа қа­жетті заттар мен тегін азық-түлік алатынын айтты. Мұндай жеңілдікке қол жет­кізу үшін не істеу керек? Қажеттіліктерді тарату механизмі мен Пре­зидент тапсырған жауапты міндетті кім атқаратынын төменде тарқатамыз. Nur Otan партиясы, жергілікті әкімдік пен Нұр-Сұлтан қаласы Жастар саясаты басқар­ма­сы қызу жұмыс істеп жатыр. Жауапты аза­маттар таңғы сағат 7-ден бастап азық-түлік жиынтығын реттейді. Түске жақын аумаққа волонтерлар келеді. Олар әкімдік жасаған тізім бойынша азық-түлік жиынтығын тиесілі жер­ге жеткізеді. Қалада карантин енгізген тұста күніне 300-500 қорап тарататын. Қазір елор­дада карантин күшейтілгендіктен, күніне 30-80-ге жуық отбасын қуантып қайтады. Десек те, волонтерлар мен жауапты қыз­меткерлер жұмысын ыждаһатпен атқарады. Өйткені қажетін алған отбасы жүзіндегі қуанышты көру оларға күш береді. Сондықтан белгіленген межеге жетпей тынбайтындарын айтады. Иә, олар бастапқыда жарты миллион адамды азық-түлік жиынтығымен қамти­тын болған. Ақпарат және қоғамдық даму министрі мұндай көмекпен 500 мыңнан астам адам қамтылатынын айтқан. Ка­рантин аймағында тұратын және атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардың 6 жастан 18 жасқа дейінгі балалары мен ересек мүшелері, сонымен қатар I топтағы барлық мүгедек жан қамтамасыз етілетінін атап өткен. Кейіннен Мемлекет басшысы үндеуін­де қазіргі жағдайды саралай келcек, тегін азық-түлік 800 мыңнан астам адамға бе­рі­летінін мәлімдеді. Аталған көмекке қол жет­кізу үшін адамның әлеуметтік жағдайы қан­дай болуы керек дерсіз. Тұрмысқа қа­жет­ті заттар мен азық-түлік I,II,III топ мү­­­гедектеріне, мүмкін­дігі шектеулі бала­ларға, мү­­­гедек баланы тәрбиелеуші, аз қамтылған отба­сылар мен ресми тір­келген жұмыссыздарға беріледі. Сон­дай-ақ Президент азық-түлікті өндіру мен жет­кізуге жергілікті шағын және орта биз­нес тартылуы тиіс екенін айтты. Әрі әлеу­меттік көмектің әділ үлестірілуін қамта­ма­сыз ететін платформа дайындауға отандық ІТ компанияларды жұмылдыруды тапсырды.    width= Жоғарыда жасына қарамастан, үш са­наттағы мүгедек адамдар мен мүмкіндігі шектеулі балалардың тегін азық-түлік ала­тынын жаздық. Елімізде мұндай са­натта 995 мың адам тіркелген. Оған қоса мүмкіндігі шектеулі балаларды бағып отырған ата-аналар да көмек алады. Ал ресми тіркелген жұмысшыға келсек, мемлекетімізде осындай мәртебесі бар 1,5 млн адам тұрады. Ал Президент тапсырған бұл шараны жергілікті жерлердегі әкімдер жүзеге асырады. Әрине, волонтерлар мен ұйым өкілдері қол ұшын созады. Jas Otan Жастар қанатының төрағасы Елнұр Бейсенбаевтың айтуынша, олар бүгінге дейін #BizBirgemiz акциясы аясында 23 мың отбасыға тегін азық-түлік жиынтығын жеткізген. Осы мақсатта барлық аймақ бойынша 2 мыңға жуық волонтер қызмет атқарады. Ол та­рату жұмысы кезінде санитарлық талаптың бәрі орындалатынын жеткізді. Акция барысында байланыссыз есіктен-есікке қағидасымен жұмыс істейді екен. Волон­терларды арнайы медициналық бетпер­демен, қолғаппен қамтамасыз еткен. Жоғарыда жауапты қызметкерлер мен волонтерлардың күн тәртібін жаздық. Жұмыс механизмі жайлы бізге Нұр-Сұл­тан қаласы Жастар саясаты басқармасы­ның басшысы Дәулет Кәрібек айтып берді. Олар осыған дейін 3 709 отбасына азық-түлік жиынтығы мен тұрмысқа қажетті заттарды жеткізген. Сонымен бірге олар Альфа фарммен бірігіп, елордада 80 мың медициналық бетперде таратқан. Меди­циналық бетпердені жүкті әйелдерге, он­ко­логиялық ауруға шалдыққан азаматтар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға берген. Әрі учаскелік дәрігерлермен біріккен во­лонтерлар оларға медициналық бет­пер­демен бірге тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемін ұсынған.  

 width=     Айзат АЙДАРҚЫЗЫ