«Журналистің міндеті – жалған ақпарат таратпау» – профессор Назгүл Шыңғысова
«Журналистің міндеті – жалған ақпарат таратпау» – профессор Назгүл Шыңғысова
612
оқылды
Бүгінгі журналистиканың бет-бейнесі өзгерді. Осыдан 5 жыл бұрынғы уақытты бү­гін­мен салыстыруға келмейді. Техно­логия дамыған сайын қоғам алға жылжуы керек. Ен­деше бүгінгі талап қандай? Журналистика өтімді ме? Бұған біздің кейіпкеріміз не дейді? – Соңғы 10 жылда журна­лис­тика күрт өзгерді. Журналистерге қойылатын талап та күшейді. Ма­ман даярлайтын оқу орындары бұл қарқынға ілесе ала ма? – Әлемде бәрі өзгереді, өзгер­мейтін тек жансыз дүниелер болар. Журналистиканың да бет-бейнесі уақыт өткен сайын түрленіп тұ­ра­ды. Сон­дықтан бұл процесс – заң­­ды. Тех­нология қарқыны көз ілес­­пес жыл­дам­дықпен да­муда. Сәй­ке­сінше, біздің салаға мультиме­­диа­лық құралдар дендеп енді. Ол әл­бетте қоғам сұраны­сынан туын­дап тұр. Аталған үдерістің бар­лығын жіті назарда ұстап, журналис­ти­каға жаңа, тың сер­пін әкелетін ма­ман­дар даярлауға тырысамыз. Әлеуметтік қоғамдық жауапкершілік басты орында, себебі журналист тек ақпарат таратушы емес, журналист қоғамның мүддесін жақтаушы, қоғамдағы тыныштықты сақтаушы, яғни халықтың көзі, құлағы. – Сіз басқарып отырған ЮНЕСКО кафедрасының бағыты мен мақсаты қандай? – Кафедра оқу процесі мен ғылыми-инновациялық жұмыспен қатар, халықаралық деңгейде белсенді қызмет атқарып отыр. Сондай-ақ білім мен ғылымның алдыңғы қатарлы технологияларын ұлттық рухани құндылықтарымен сабақтастыра отырып, білім берудің жаңа моделін қалыптастыруды көздейді. Кафедра «Қоғаммен байланыс» және «Халықаралық журналистика» білім беру бағ­дар­­ламасы бойынша үш дең­гейде (ба­калавриат, магистра­тура, док­торантура) мамандар даярлайды. Білім беру бағдарла­масының мақсаты – халықаралық нарықта қызмет ете алатын бәсекеге қабі­летті маман даярлау. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне жаңа білім беру технологиясы енгізілгелі білім беру сапасы бұрынғыдан да артты. Осыған орай, халықаралық оқыту стандартына бағыттала отырып, инновациялық жаңа білім беру бағдарламасын оқу үдерісіне енгізіп, үнемі жетілдірумен келе­міз. Оқытушылардың кәсіби дең­гейінің жоғары болуы, бұл – басты критерий. Мамандыққа оқыту­дың сапасын арттыру мақса­тында АҚШ, Еуропа, Ресей елде­рін­дегі жетекші оқу орындары­нан кафедра профессор-оқытушылары­ның біліктілігін арттырып, оқу про­цесіне білім берудің инновациялық әдісін енгізіп отырамыз. Кафедрада «Болашақ» бағдарламасымен оқып келген бірнеше жас маман жұмыс істейді. Ал жақында қос дипломдық білім беру бағдарламасын жүзеге асырдық. – Кафедра оқу процесімен қатар халықаралық деңгейде белсенді қызмет атқарып отыр дейсіз. Қандай? – ЮНЕСКО кафедрасының ЮНИТВИН бағдарламасы 1992 жылы құрылды. Оған 116 ел қа­тысады. Бұл – халықаралық дең­гейде ЖОО арасында білім, тә­жірибе алмасу арқылы инсти­туцио­налдық әлеуетті арттыруға бағытталған бағдарлама. Осы бағ­дарламаның нәтижесінде ЮНИТВИН желісі құрылды, дүниежүзінде ЮНЕСКО кафе­дра­сы ашылды. Бұл кафедра адами, ма­териалдық ресурстарды бірік­тіре отырып, қоғамды дамытуға арналған кезек күттірмес міндетті шешуге атсалысады. Бүгінде бұл кафедралар ғылыми ортадағы, аза­маттық қоғамдағы шешуші ор­та­лыққа айналды. Біздің ЮНЕСКО кафедрасы 1996 жылы құрылған Орталық Азия аймағындағы жур­налистика және коммуникация жөніндегі жалғыз кафедра. Кафедраның ЮНЕСКО мәр­тебесі халықаралық деңгейдегі жобаларды жүзеге асыруға мүм­кіндік береді. Мәселен, 2018 жы­лы Коммуникацияны дамыту халықаралық бағдарламасының ЮНЕСКО/БҰҰ жобасын жүзеге асырдық. Осы жоба бойынша республиканың 15 жоғары оқу орын­дарының оқытушыларына «Қа­зақстанда гендерлік журна­листика бойынша оқу бағдар­ламаларын күшейту» атты екікүндік семинар-тренинг ұйымдастырып, өткіздік. Осы шараның нәтиже­сінде Қазақстанның жоғары оқу орындарында гендерлік журна­листикаға байланысты 8 курс оқу процесіне енгізілді. – Халықаралық журналистер даярлау сапасы ше? – Биыл бакалавриатта «Халық­а-ралық журналистика» білім беру бағдарламасын енгіздік. Оны бі­тірген түлектер болашақта тран­сұлттық және шетелдік БАҚ, әлемдік ақпарат агенттіктері, Сырт­қы істер министрлігінің бас­пасөз орталықтары мен ақпарат­тық құрылымдарында, елші­лік­тердің баспасөз қызметінде және дипломатиялық қызметті ат­қара алады. Бұл мамандық бойынша білім алатын студент­терге мүмкіндіктер көп. Бірін­шіден, академиялық мобильдік бағдарламасы бойынша шетелге бір семестр оқып келуге мүм­кін­дік бар. Біздің студенттер Гон­конг, Колумбия, Оксфорд университеттері, Адам Мицкевич атындағы университет, Стамбұл университеті, Барселона менедж­мент жоғары мектебі және т.б. университеттерде білім алуда. Білім және ғылым министрлігінің бағдарламасы бойынша 2011 жылдан бері біздің кафедраға 50-ден астам шетелдік профессорлар келіп, дәріс оқыды. Әсіресе, АҚШ-тан профессорлар көп келді. Огайо университетінің журналистика институтымен тығыз байланыс орнаттық, сондай-ақ Колумбия, Вайоминг университеттерімен ғылыми мақалалар жазу, ғылыми жобаларды бірлесе жүзеге асыру, ғылыми-зерттеулер жүргізу, т.б. бағытта жұмыс атқарып келеміз. Әлемдік ақпарат агенттіктерінің жұмыс істеу тәсілін үйретуге ба­ғытталған пәндер енгіздік. Халықаралық журналист жазу қабілетімен қатар, шет тіл­дерін, дипломатиялық, ком­муникациялық дағдыларды мең­геруі, саясат, экономика, тарих, т.б. салаларды, өзі жұмыс істейтін елдің тарихын, саяси жағдайын, мәдени, діни, тұрмыстық ерекшеліктерін терең білуі тиіс. Елдің сыртқы эко­­номикасын, сыртқы саясатты жазатын болғандықтан, басты міндеті – әлемдегі маңызды оқи­ғаларды бақылап, қалт жібермей, мемлекеттік саясат, қоғамдық пікір, заманауи трендтен үнемі хабардар болу, жағдайды жедел түсініп, ақпаратты сауатты беру, тек шындықты айту, шынайы хабар тарату. Белгілі бір топтың мүддесін қорғап, жалған ақпарат таратпау. Ақпарат беруде этикалық нормаларды қатаң сақтап, әр сөзіне жауапкершілікпен қарау, халықаралық журналистика талаптарына сай жұмыс істеу. Жаһандық деңгейдегі оқиғаларды, халықаралық саясатты сараптай отырып, ресми деңгейде шешім қабылдауға ықпал ету, қоғамдық пікір ғана емес, елдің сыртқы саясатын қалыптастыру оңай емес. Сондықтан біржақты ұстаным, ақпаратты бұрмалау қауіпті. Ақпараттың шынайылығын үнемі тексеріп, фактчекинг жүргізу өте маңызды. – PR мамандарын даярлау ісі қалай жүзеге асуда? – «Қоғаммен байланыс» ма­ман­дығы дәл қазіргі таңда на­рыққа өте қажет. Себебі ақша-тауар қат­ы­насында тұтынушылар тауар­ды сатып алмас бұрын қыз­метті ұсынушының, та­уарды өндірушінің немесе сату­шының абырой-бе­де­ліне қа­рай­ды. Сондықтан нарықты бас­қару PR қызметінсіз мүмкін емес. Біз нарыққа бәсекеге қа­бі­летті, PR-дың цифрлы жаңа құрал­дарын меңгерген кәсіби маман­дарды дайындаймыз. PR мен ком­муни­кацияның алдыңғы қа­тарлы же­тістіктеріне негізделген құзырет­тілік қалыптастырып, клас­си­калық және цифрлы PR құ­рал­дарды қолдана білуге, PR жобаларды жүзеге асы­руға үйретеміз. Сондықтан кафе­драда «PR» мамандығынан сабақ бе­ретін оқытушылардың көп­шілігі танымал, тәжірибелі топ-менед­жерлер. Бұл мамандық жалпы имидж қалыптастырады, жарнамадан үлкен айырмашылығы бар. Алайда көпшілігі жарнамамен шатастырады. Жарнама әртүрлі әдіс-тәсіл қолданып, тұтынушыны белгілі бір тауарды сатып алуға мәжбүрлейтін ақылы қызмет. Қо­ғаммен байланыс мамандары бірінші кезекте қоғамның мүддесін алғашқы орынға қояды. – Сұхбатыңызға рақмет.

 Әңгімелескен Асқар БЕК