Асарлатып үй салсақ, айып па?
Асарлатып үй салсақ, айып па?
559
оқылды
Алдағы 7 жылда көпбалалы отбасылар үшін жалға берілетін 42 мың пәтер салынады. Осылай­ша, жылдар бойы сең болып қатып тұрған тұрғын үй кезегінде біраз қозға­лыс болатын түрі бар. Елімізде 340 мың көпба­лалы отбасы бар екенін, оның 28 мыңнан астамы тұрғын үй кезегінде тұрғанын ескерсек, сондай-ақ болашақта көпбалалы болсам деген отбасыларды ынталан­дыру, қолдау үшін бұл үрдіс алдағы уақытта да ұдайы жүргізіліп отыруы тиіс. Мұндай үрдісті тоқтатпау керегін Құрылыс және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Мар­хабат Жайымовтың мына сөзінен де аңғаруға болады: «Ел­басының Nur Otan партиясының XVIII съезінде бізге берген үш тапсырмасы бар. Ол, алдымен, баспана мәселесі, екінші – ха­лықты таза ауызсумен қамту және жергілікті жерлердегі жол мәселесін шешу. Берілген тап­сырмадан соң біз Қазақстанның әр өңіріндегі 50 шақты елді­ме­кенде болып, тұрғындармен кез­десу ұйымдастырдық. Халық­тың мұң-мұқтажын тыңдай оты­рып байқағанымыз, көмек-қол­дау сұрап келген тұрғындардың 70-80 пайызы баспана мәселесін шешіп беруді сұрады». Міне, көптен айтылып жүр­ген, бірақ әлі де шешімін тап­па­ған үш мәселе тағы да алды­мыз­дан кесе-көлденең шықты. Комитет басшысының айтуын­ша, бұрын мемлекет тарапынан көпбалалы отбасыларға жылына 600 пәтер берілсе, биылдан бастап бұл көрсеткіш он есеге артып, жылына 6 мың пәтер бе­ріледі. Бұл мақсатқа бюджеттен 50 миллиард теңге қаржы қарас­тырылған. Біз әңгімеміздің ба­сында алдағы 7 жылда көпбалалы отбасылар үшін 42 мың жалға берілетін пәтер салынатын бо­лады деп жатқанымыз сол. Тұр­ғын үй кезегінде тұрған көп­ба­лалы отбасылардың көшін ­түр­кістандықтар бастап тұр. Олар – 4832 отбасы. Бұлай болуы заңды да. Өйткені, халқы тығыз, демографиялық қуаты мықты өңір статистика бойынша ең айлық табысы аз, кіріс көзі тө­мен мекеннің бірі болып сана­лады. Адамдары еңбекқор, ши­рақ болып келетін бұл аймақта баспана мәселесін өз беттерінше шешуге асарлатып, ағайындатып барынша талпынып-ақ келеді. Бірақ, айналып келгенде, жер учаскесін алу, құрылыс мате­риал­дары – бәрі қаржыға кеп тіреледі. Сондықтан көпбалалы отбасыларға мемлекет тарапы­нан жер учаскесін тегін беру де осы мәселенің шешімін табуға біраз серпін берер еді деп ой­лаймыз. Тұрғын үй кезегінде тұрған көпбалалы отбасылардың қатарында екінші орында 3149 түтінмен Алматы облысы тұрса, үштікті Нұр-Сұлтан қаласы түйіндеп тұр. Демек, жұмыс іздеп елордаға қарай ағылып, үй ке­зегіне тұрған көпбалалы отба­сылардың басым бөлігі, анығы 2888 отбасы пәтер жалдап тұрып жатыр деген сөз. Бір нәрсені анықтап алайық, біз тек тұрғын үй кезегінде тұрған, яғни қалада тіркеуде бар баспанаға мұқтаж­дарды ғана әңгіме етіп отырмыз. Ал тіркеуде жоқ немесе уақытша тіркеуде тұрған көпбалалы отба­сылар қаншама. Оның есебін алып жатқан кім бар? Мәселе сонда және нағыз қолдауға зәру топ та – осы. Баспанамен қамту дегенде, біз осы күнге дейін негізінен қала тұрғындарын айтып келдік. Құд­ды ауылдағылардың бәрі үй­мен толық қамтамасыз етілген­дей. Шындығында солай ма? Жоқ, олай емес екен. Өткен ап­та­да Парламент Мәжілісінде бол­ған әңгіме соның айғағы. Де­­пу­тат Құралай Қарекеннің ай­туына қарағанда, біз әңгіме етіп отыр­ған пәтерге зәру көп­ба­лалы отбасылар аудан мен ауыл­дарда да жетерлік. Шалғай елді­ме­кен­дерге барғанымызда са­лын­­­ға­нына 50-60 жыл болған үй­лерде тұрып жатқан қаракөз­де­рімізді өзіміз де көріп жүрміз. Әлдеқа­шан үйленіп, балалы-шағалы болса да екі-үш отбасы, яғни бірнеше келін еншісі бө­лінбей, бір шаңырақтың астында тұрып жатыр. Бұл, әрине, бірін-бірі қимаған­дық­тан емес, «Өз үйім – өлең төсегім» дей­тін жеке баспанасы болма­ған­дықтан. Депутат осы аудан мен ауылда тұратын бас­па­наға зәрулердің мәселесін қалай ше­шуге бола­тынын сұрады. Индустрия және инфрақұры­лым­дық даму вице-министрі Қайырбек Өс­кенбаев өз кезегін­де көпба­лалы отба­сыларға аудан орта­лық­тарында көпқабатты, ал хал­қы аз елді­мекендерде азқа­батты үйлер салуды жоспарлап жатқанын айтты. Қалай болғанда да бұл құптарлық, игі бастама. – Ең бастысы – әр адам «Үкі­мет береді, Үкімет жағдайымды жасайды» деп қарап отырмай, тірлік жасауы керек. Қарапайым ғана мысал, пәтерімнің терезе­сінен қарасам, үйімізге қарама-қарсы бесқабатты үйдің шатыры сынып, қираған. Менің ойымша, сол үйдің ішіне су күнде тамып жатыр. Сол пәтер иесі өзі шығып үш шифер сала салуға болады ғой, бірақ ол оны істемейді. Неге? Өйткені ПИК бар, әкім­шілік бар. Ол сол үшін әкімші­ліктің табалдырығын тоздыра­­ды, – дейді экономика ғылым­дарының докторы, профессор Жангелді Шымшықов. – Ауылда үй салу үшін ең негізгі мәселе – жер. Тұрғындарға тек жер берсе, сол үйді өздері-ақ салып алар еді. Конституция бойынша әрқай­сымыздың 10 жүздік жер алуға құқымыз бар. Алайда, бізге неге жер бермей жатыр? Өйткені көп жер жекеменшікке өтіп кеткен, иесі бар. Оның үстіне, ол жерде инфрақұрылым болуы, электр энергиясы, су тартылып, жол са­лынуы керек. Соны сылтау етіп, елге жер телімін бермей жатыр. Егер халыққа тиесілі жер телімін тегін берсе, қаншама адам сол үйді өздері-ақ салып алар еді. Ауылда үй жоқ деген бір жағынан қисынға келмейді. Неге десеңіз, көбі ауылдан қалаға кө­шіп жатыр. Ауылдарда қаншама үй қаңырап бос қалып жатыр. Міне, осындай үйлерді бос қал­дырмай, пай­да­лануымыз керек. Бұл мәселеге «Үкімет жарылқау керек» деп бір­жақты қарауға болмайды. Бұл – бір мәселе. Қа­зіргі негізгі мә­селе – әлеуметтік мәселе. Осы­ған дейін онша кө­ңіл аудармай келген мәселеге жаппай бет бұр­ған сияқты болып жатырмыз, бірақ оның бәрі жа­санды. Өйт­кені, ол – маусымдық мәселе. Бү­гін көтерілген мәсе­лені ертең ұмы­тып қалады. Не болып, не қойып жатқанына есеп беріп жатқан ешкім жоқ. Осы мау­сым­дық дегенді жойып, оған адам­гершілік тұрғысынан қарауымыз керек. Менің ойым­ша, көпбалалы отба­сы бірінші кезекте өздері әрекет етуі керек. Екіншіден, қа­зіргі кезде ауылда жанашыр кә­сіп­кер, фермерлер табылып жа­тыр. Со­сын бұрын тимуршылар отряд­ы деген бо­лушы еді, осы үрдіс­ті жалғас­ты­рып, асарлатып кө­мек­тесу жағын да қарастыру керек. Көпбалалы отбасылардың басты мәселесі баспана болса, міне, сол мәселені шешуде бар мүмкіндікті қарастыруға тиіс­піз. Өйткені түйін тарқамай, түп­кі­лікті мақсатқа жету мүм­кін емес. Гүлнар ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ