Сыйластықтан қымбат нәрсе жоқ
Сыйластықтан  қымбат нәрсе жоқ
937
оқылды
Қазақта «үзеңгілес» деген сөз бар. Бұл ұғым үзеңгі қағыстырып бір бағытта, бір мақсатта жол жүріп бара жатқан екі атты адамды көз алдыңа әкеледі. Менің Мейрам Базарұлымен бір мақсатта, бір бағытта әріптес, ойымыз, тілек-ниетіміз бір дос, үзеңгілес болғаныма біраз жыл болды. Бұрындары жолыққан жерде аман-саулы­ғымызды сұрасып жүретін едік, Мәкең 2006 жылы Qazaqstan ұлттық арнасының Алматы облысындағы меншікті тілшісі болып келгеннен бері таныстығымыз достыққа ұласты. Осылайша, жер ұйығы Жетісудағы қызметтік жолымыз көкшетаулық Мейрам мен тарбағатайлық Болатты Талдықорғанда тоғыстырды. «Ырыс жұғады, ақыл ауы­сады» дейтін бұрынғылар. Мә­кеңнің бүгінгі болмы­сының қалыптасуы да өміріндегі бірге жүрген жақсы адамдардың шарапаты, солардың ақыл-кеңесі, езулерінен бөліп берген еншісі екені анық. Қазақтың біртуар тұлғасы, мемлекет бас­шысы болған Д.Қонаев атамыз­дың үйінде болып сұхбаттасуы бүгінгі күннің көзқарасымен айтқанда аңыз, естілгенде ертегі болатыны анық. Еліміз тәуел­сіздігінің алғашқы жылдары Ел­басымен – Қазақ елінің Тұң­ғыш Президенті Н.Назарбаевпен бірге бірқатар алыс-жақын шет мемлекеттерге сапарлас болуы, бүгінгі Президент Қасым-Жо­март Тоқаев Үкіметті басқарып тұрған жылдары сұхбаттасуы және тағы басқа да қазақтың біртуар тұлғаларымен жұмыс бабымен жүздесуі оның өмірлік ұста­нымына оң әсер еткені сөз­сіз. Жан дү­ниесінің жылуы мен жүрегінің жұмсақ­тығы, бо­йын­дағы мейірімі мен қайырымы, адамға сенгіш бала көңілі және ретті жерінде мінезін көрсетіп, талап қоя біле­тіні сол ұлы адамдардан жұғысты болған деп ойлаймын. Оның адаммен сөй­лес­кенде ерекше бір зейін-зер­демен, ықылас таныта, іші-бауы­рыңа кіріп, жақын тарта әңгі­мелесетін сәттерінде ішкі жан дүниесі айнадай болып көрініп тұрады. «Сый­ластықтан бөтен сымбатты нәрсе жоқ» деген сөзді өмірлік қағидасына айнал­ды­ра білген. Қалай болғанда да, Мәкеңнің өмі­рінде ерекше орын алатын адам, әрине, ол – Серік Үмбетов екені даусыз. Ұстазы, алдын­дағы бой түзер асқар тауы. Екі дәуірді бастан кешіріп, екі қоғамның жасампаз азаматы атанған, Мәжіліс депутаты Серік Әбікен­ұлы бір сөзінде: «Абайды ұлы еткен не деп ойлайсыз? Мінезі мен ой еркіндігі. Жоғарыда өзі­міз әңгіме барысында тоқталып өткен адами құндылықтар ара­сындағы кісіге деген мейірім, Отанға деген махаббат, досқа деген адалдық, барға қанағат, уәдеге беріктік – бәрі-бәрі осы даналардың бойынан табылады. Мұндай асыл қасиет­терді бо­йына жинақтаған адамды құрмет­темеу мүмкін бе?!», – деген еді. Даналардың бар асыл қасиеттерін бойына жинап қана қоймай, артынан ерген інілерін де солай тәрбиелей білген Серік ағаның өнегелі өмірі Мейрамды да өрге ұмтылдырды. Жақсы нәрсені мәңгіге жадына сақтай­тын Серік көкеміз Талдықор­ғандағы бір жиын­да: «Мейрам­ның журналистігінің ішінде ко­ментаторлығының жөні бөлек. Басқаны айтпаймын, шешем марқұм радиодан тыңдап, «осы баланың үні керемет» деп сүй­сініп отыратын», – дегені бар. Бұл да – лайықты бағалау. Дән қанша асыл болса да, құнарсыз жерге тасталса, көк­темей қалады. Өмірде де солай. Талант екінің біріне бұйыра бермейтін Алланың тартуы, та­биғат сыйы екені рас. Бірақ Құдай берді екен деп талантқа жайдақ мініп, далақтап шапқан­дардың мәреге жетпей қалаты­нын талай рет көрдік. Өйткені Алла берген дарынның қауыр­сын қанатын қатайтып, рухани тұрғыда толыстырып, өсіріп қа­лыптас­тыратын қолында билігі, көкірегінде көзі, жүрегінде има­ны, аузында дуасы бар же­келеген адамдар да алдыңнан жолығуы керек бұл тірлікте. Міне, осы жер­де Мей­рам­ның бойындағы бұлқынған бұла талант көзінің ашылуына себепші болған кім­дер екенін жақсы білеміз және жоғарыда олардың біразын атап та өттік. Сол же­келеген тұлға­лар­дың өсиеті, өнегелі өмірі, бетінен қақпай белін буғаны, таным-түйсігінің ұшталуына, талға­мы­ның та­разылануына, таланты­ның ұшқын­дауына көп әсер етті. Бір басшылар болады, алысқа атақты, алайда айналасына аса қадірі жоқ. Көп­шілік алдында көсілгенде, елі үшін тау қопарып, тас үккендей көрінетін, ал күн­делікті ісіне қарасаң, қара ба­сынан аса алмайтын, ары кет­кен­де ағайынын жа­рылқаудан жарысатындар жиі алдан шы­ғады. Ал алқынып мінберге ұмтыл­майтын, көсемсуге көңілі шап­пайтын Мәкең бол­са, алысты алаламай, жақынды жара­ламай бәріне бірдей қарауымен айна­ласына жұғымды, жақынына сыйлы бола алды. Телевизия саласында ойып алар өзіндік орны бар. «Дүние-дүние болғалы көр­ме­ген, жаңа әлем жасау түгілі, кейде бір пар аяқ­киім де екі қилы шығады» депті Ғ.Мұс­­тафин. Осы сөз тіке­лей телевизия саласына байла­нысты айтылғандай. Телеарнаға жаңа дүние енгізу оңай емес. Дегенмен де «Жетісу» арнасына басшы болған жылдары барды бекемдеп, жоқты түгендеп, қыз­меткерлердің жағдайын жасап, көпшілікке ой салатын жақсы дүниелердің эфирге шығуына барынша ықпал етті. Жас жур­налистердің үмітін ұштап, се­німін нық­тады. Бүгінде солардың біразы Астана мен Алматыдағы респуб­ликалық арналарда та­быс­ты қызмет атқа­рып жүр. Бұл – «шәкіртің өзіңнен озсын» деген тілектің қабыл болған­ды­ғының жарқын көрінісі. «Шын жүйрікке алыс-жа­қынның айырмашылығы жоқ» дегендей, Мәкең кейінгі жылда­ры тележурналистика тар­ланының газеттерді де тиімді бас­қара білетінін дәлелдеді. Соңғы бес жылда Алматы облысындағы, өткен жылы ғасыр жасын той­лаған қос басы­лым «Жетісу» және «Огни Алатау» газеттерінің басын біріктіріп, ісін үй­лестіріп отырған «Өлке тынысы» ЖШС-не біліктілікпен басшы­лық жа­сап, қар­жылық және материал­дық жағдайдың жақсаруына, шығармашылық әлеуетінің артуына ықпал етіп келеді. Мей­рам Базарұлы басшы болып келгелі қос газет жур­налистерінің адымы ұзарып, арыны ашылды. Жағдаймен мұқият та­нысқан ол журналистердің қала ішіндегі жиындар­ды айтпағанда, аудан­дарға ісса­парға да ­жаяу-жалпы­лап шығатындығына жанын ауыртты. «Жаяу жүрген журна­лис­тің қадірі болмайды. Біреудің көлігіне жармасып жеткен жан­ды кім тыңдап, сыйлайды? Сон­дықтан көлік алу керек» деді. Оның ойы облыс басшысы Аман­дық Баталовтан қолдау тапты. Бірнеше темір тұлпар алын­ды. Журналистер «ала кет­ші» деп ешкімге жалынбайтын болды. Мәкең серіктестік тіз­гінін ұстаған жылдар бары­сында «Жетісу» газетінің мемлекет бас­шысының БАҚ саласындағы алғысын алуы, өткен жылы «Үр­кер» ұлттық сыйлы­ғымен ма­ра­патталуы да біраз нәрсені аңғарт­са керек. Мен басшымын деп бел­ден баспай, газеттердегі не­гіз­гі жұмыс­тар­ды үйлестіруді, шығармашылық ізденісті Әміре Әрін, Атсалим Идигов сынды жур­налистиканың жілігін ша­ғып, майын ішкен ағаларына ұстатып, ақыл-кеңесін санасына сіңіре білгендігінің көрінісі бұл. Мейрам Базарұлы қазақ жур­на­лис­тикасына қосқан орасан үлесімен, қыз­меттегі беделімен, ағайын арасындағы абыройы­мен, адамға деген ақкөңіл аң­қылдақ пейілінен бір сәт ауыт­қымай асқаралы алпысқа келіп отыр. Мақтау-мадақтауды аса қажет етпейтінін білсек те, біруақ қатар жүрген әріптестің өзін­дік әлеміне үңілгенді, байқа­ға­нымызды көп­шілікпен бөліс­кенді жөн көрдік. Даныш­пан Абай «Жақсы болсаң, жарықты кім көрмейді» демей ме?! Жақ­сысын жадында сақтап, атын атадан балаға жеткізіп келе жатқан жұрттың ұрпағымыз. Сондықтан қатар жүріп, мүм­кіндігімізше ұлттық бұқаралық ақпарат құралдарының замана көшінен қалмауына атсалысып келе жатқан аға-әріптестің жү­регіміздің түкпі­ріне ұялаған жақ­сылықтары бәрімізге жұғысты болсын! Алматы облысы Болат АБАҒАН