Төтенше жағдай режимін сақтамаған 26 адам қамалды – Түркістан облысы
Төтенше жағдай режимін сақтамаған 26 адам қамалды – Түркістан облысы
241
оқылды
Түркістан облысында коронавирустық инфекцияның алдын алу мақсатында 76 блок-пост қойылып, онда тәулік бойы дәрігерлер мен полицейлер жұмыс істеп жатыр. Оның ішінде екі блок-пост республикалық маңызы бар автожолдарда ашылған. Облыстың Полиция департаментінің барлық жеке құрамы күшейтілген қызмет жүйесіне көшті. Түркістан облысы Полиция департаментінің бастығы Қайрат Дәлбеков блок-бекеттерде облыс аумағындағы шектеулер жайлы тұрғындарға түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Елімізде төтенше жағдай режимінің енгізілуіне байланысты облыс аумағында шектеулер күшейтілуде. Полиция қызметкерлері автокөлік ағынын, ал медицина саласының мамандары жүргізушілер мен жолаушылардың денсаулығын тексеруде. Жетісай ауданының орталығында, Жаңаауыл мен Жылысу ауылдық округтерінде Әбдіқалық және Байқоныс ауылдарының жанында коронавирустың таралу ошақтарының анықталуына байланысты, карантин енгізіліп, Жетісай полиция бөлімінің қызметкерлерінен 14 блок бекеттері қойылды. Тәртіп сақшылары төтенше жағдай режимін бұзуға жол бермеуге, облыс аумағында қоғамдық тәртіпті бұзған жағдайда азаматтарды жауапкершілікке тартуға, қылмысқа жол бермеуге және халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бақылау жасайды. Қайрат Дәлбеков – Төтенше жағдай енгізілгеннен бері облыс полицейлері 84 төтенше жағдай режимін бұзушылықты анықтады, азаматтар ҚР ӘҚБтК-нің 476-бабына сәйкес «Төтенше жағдай режимін бұзу» бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды, оның ішінде 26-сы әкімшілік тәртіпте қамауға алынды. Облыс тұрғындарын шектеу шараларына түсіністікпен қарауға, төтенше жағдай талаптарын қатаң сақтауға және аса қажет туындамаған жағдайда үйден шықпауға шақырамын, – деді Түркістан облысы Полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Қайрат Дәлбеков. Түркістан облысының бас тәртіп сақшысының мәліметінше, полиция департаментінің қызметкерлері жалған ақпарат таратудың 9 жайтын анықтады. Олардың барлығы дер кезінде ашылып, күдікті адамдар анықталып, ҚР ҚК-нің 274-бабы бойынша жауапкершілікке тартылды.

Тельман БЕЙСЕНОВ, Түркістан облысы.