ТҮРКІСТАН МҰРАСЫ – АТЫРАУДА
ТҮРКІСТАН  МҰРАСЫ  – АТЫРАУДА
542
оқылды
Атырауда Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев­тың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласын жүзе­ге асыру мақсатында Түркістан облысы мәдениет басқар­ма­сы­ның қолдауымен Атырау облыстық тарихи-өлке­тану музейінде Руханият – Әбу Нәсір әл-Фараби музейі­нің ұйымдастыруымен «Отырар – тұлғалар мен мұра­лар ордасы» атты көрме өтті.

Көрмені тамашалауға келгендер Отырар қала жұрты, Арыстан баб және ондағы мұсылман кітапханасы­на қатысты жәдігерлерді, екінші Арис­тотель атанған Әбу Нәсір әл-Фараби мен Түркістан өңірінде өмір сүрген Майлықожа Сұлтанқожаұлы, Сүгір Әліұлы, Өзбекәлі Жәнібеков, Шәмші Қалдаяқов секілді тұлғалар­дың түпнұсқа жәдігерлері және этно­графиялық, нумизматикалық, архео­ло­гиялық бұйымдарды көріп, олар­дың түсініктемелерімен та­нысты. Ұлттың мұрасы, халықтың қазы­насы – таусылмайтын қазына және тарих­тың  дереккөзі екенінде ешкім­нің дауы болмаса керек. Елбасының «Рухани жаңғыру» мен «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламарын іске асыру аясында Түркістан облысы, оның ішінде Отырар мұралары мен тұлғаларын, көшпелі көрме арқылы халыққа кеңінен насихаттау, таныту, сол арқылы бағдарламаны жүзеге асыруға үлес қосу негізгі мақсаттары­ның бірі болған түркістандық музей­дің көрмесін көруге келгендер үшін тағылымды деректер айтылды. – Руханият – Әбу Нәсір әл-Фара­би музейінің жалпы ұйымдасты­рып отыр­ған «Отырар – тұлғалар мен мұра­лар ордасы» тақырыбындағы көшпелі көрмесінде тарихта аты аңызға айнал­ған Отырар қала жұрты мен Ислам дінінің таралуына өзіндік үлес қосқан мәдени құнды ескерткішіміз Арыстан баб және ондағы мұсылман кітапханасы және  жерлесіміз Әбу Нәсір әл-Фараби мен Отырар оазисі және Қаратау атыра­бында өмір сүр­ген осы жердің киелі топырағына қа­ны тамған Майлықожа Сұлтанқо­жа­ұлы, Өзбекәлі Жәнібеков, Шәмші Қа­лдаяқов секілді тұлға­лардың түп­нұс­қа жәдігерлері көрер­мен назарына ұсынылып отыр. Бұдан 2 000 жыл бұ­­рын басталған Ұлы Жібек жолының тізбектелген керуені Оты­рар даласы арқылы өткен. Бұл – дала мәдениеті қала мәдениетіне айналған кезең. Осы кезеңдері ғылым мен білімі, қол­өнер, берік салт-дәстүрі мен шари­ғи заңды­лы­ғы бар Отырар қаласы бой көтерді. Отырар – Қазақстанның орта ғасырлардағы әйгілі қалаларының бірі. Кейбір деректерге қарағанда осы­дан екі жарым мың жыл бұрын оның орнында алғашқы қоныстар бол­ған. VІ-VІІІ ғасырларда Отырар Сырдария өзенінің орта ағысындағы саяси орталық болды. Оның жері Сырдарияның орта ағысы тұсындағы жағаларында орналасқан. Алғаш рет «Отырар» және «Фараб» атаулары жаз­ба деректерде IX ғасырда кезде­се­ді. Отырар ІХ-ХІІ ғасырларда сол аймақтың басты қалаларының біріне айналады. Бұл қаланың тез өсуіне қолайлы жағдай жасаған Ұлы Жібек жолы болды. V-ХV ғасырларда Оты­рар қаласы Арал бойындағы көшпелі тай­палармен сауда жасайтын орта­лық­қа айналды. Отырарға ислам VIII ға­­сырда туын тікті. Ғалымдардың жа­зуын­ша, ислам келген соң бұл өлке­­де ғылым мен мәдениет бұрын-соңды болмаған деңгейде дамып, әлемдік деңгейде танылған  32 әл-Фара­би шыққан. Олардың ұлысы 70-ке жуық тіл білген, 150-ден астам ғылыми еңбек жазған энциклопедист ғалым Әбу Нәсір әл-Фараби, – деген Руханият – Әбу Нәсір әл-Фараби музейі­нің бас қор сақтаушысы Қанат Құдабай әл-Фарабидың өмірінен біраз дерек келтірді. Оның айтуынша, ұлы ғұлама ғалымның өшпес ғылыми еңбектерін алғаш рет музейге тапсырған қазақ­тың тұңғыш фарабитанушы ғалымы Ақжан Машани болған. Ол дүниелер ғалым 1968 жылы Сирия сапарында әкелген Египеттің «Ніл» баспасынан 1904 жылы шыққан Әбу Нәсір әл-Фарабидің «Ізгі қала тұрғындарының көзқарасы» мен «Музыканың үлкен кіта­бы» трактаттары болатын. Бұл үрдісті кейін шығыстанушы ғалым Әбсат­тар Дербісәлі бастаған Қазақ­стан делегациясы жалғастырған екен. Бізге мәлімделгендей, музей қо­рын­да Әбу Нәсір әл-Фараби және ру­ха­ни мәдениетіміздің басқа да көр­нек­ті өкілдерінің қолжазба, тасбаспа мұралары, фольклор, ислам құнды­лық­тары, сондай-ақ жоғарыда есім­де­рі аталған өнер иелерінің өзі, отба­сы тұтынған және заманына қатыс­ты археологиялық, этногра­фия­­лық мың­даған артефактілер жинақтаулы. Көрме аясында Атырау облысы тарихи-өлкетану музейі Х.Дос­мұха­ме­­дов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің Қазақстан және дү­­ние­­жүзі тарихы кафедрасымен бір­лес­­кен «Түркі әлемі және Ұлы Жі­бек жолы» атты дөңгелек үстел өткізді. Дөң­гелек үстелге Х.Досмұхамедов атын­дағы Атырау мемлекеттік уни­вер­­ситетінің Қазақстан және дүние­жү­зі тарихы кафедрасының меңгеру­ші­сі, тарих ғылымдарының докторы Л.Базарғалиұлы, педагогика ғылым­дары­ның кандидаты Ш.Нағымұлы, та­рих ғылымдарының докторы, про­­­­фес­сор С.Жұмабайұлы, тарих ғы­­лым­дарының кандидаты К.Болат­ұлы, тарихшы-өлкетанушы А.Әмір­жа­нов, тарих ғылымдарының док­то­ры А.Сәрсенов, тарих ғылым­да­ры­ның докторы Ж.Таңатарова және уни­верситет ма­гис­трант­­тары қа­тысып, баяндама жасап, тарих та­ғы­лымынан тағы бір мәрте деректермен бөлісіп, келешекте зерде­леу­ді, ізде­ну­ді талап етіп отырған тың тақы­рып­тар барын айтты.

Атырау облысы Тұрсын ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ