Жақсының жарығы
Жақсының жарығы
715
оқылды
Алматыдағы Ұлттық кітапханада журналист-жазушы Итен Қарымсақұлының 80 жылдық мерейтойы аясында «Жақсының жарығы», «Библиографиялық көрсеткіш» атты кітаптарының тұсаукесері және қаламгерді марапаттау рәсімі өтті. Кездесуді Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы төрағасының орынбасары ақын Бауыржан Жақып жүргізді.

Ұлттық кітапхана директоры Б.Оспанова кітапхана қорында белгілі қаламгер, Қазақстанның Құрметті журналисі, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты И.Қарымсақұлының 1955 жылдан 2019 жылдың сәуір айына дейінгі кезеңде баспа беттерінде жарық көрген мақала­лары, өлеңдері, сұхбаттары, жур­на­листің өмірі мен шығарма­шы­лығы жайлы жазылған өзге де туындылары сақтаулы тұрғанын баяндап, осы жайлы «Библио­гра­фия­лық көрсеткіш» жарыққа шыққанын атап өтті.  Бұл жинақ  Қызылордадағы Ә.Тәжібаев атын­дағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының 2019 жылы шы­ғар­ған «Әділдікті ту еткен қалам­гер» атты библиографиялық көрсет­­кішін толықтырып отыр. Президент сыйлығының лау­реаты, Қазақстанның еңбек сіңір­ген қайраткері, Алматы қалалық мәс­лихатының депутаты Қали Сәр­­сенбай, Наурызбай ауданы Арда­герлер кеңесінің төрағасы Мәде­ниет Каркенов және Ұлттық кітап­ха­­на­ның директоры Бақыт­жа­мал Оспа­но­ва «Жақсының жары­ғы» және «Библиографиялық көр­сет­кіш» атты кітаптардың тұса­уын кесті. «Кітап негізінен мемлекет және қоғам қайраткерлері, елге еңбегі сіңген айтулы азаматтар жай­лы жазылған. Бұл – Итен Қарымсақұлының бесінші кітабы. Соның бәріне редактор болдым. Сон­да байқағаным, ол өмірдің өткір проблемаларын көтерумен қатар, Отан, ел, жер туралы тол­ғана жазады. Көп ізденеді. Оқыған адамды қызықтыратын жағымды бейнелерді оқуға жеңіл тілмен жазуға шебер. Сон­дық­тан бұл кітап оқырман тара­пы­нан жақсы бағасын алады деген ойдамын», – деді Қали Сәрсенбай. «Балдырған» журналының бас редакторы Дүйсен Мағұлұмов, «Еге­мен Қазақстан» газетінің тіл­ші­сі Сапарбай Парманқұлов, қоғам қайраткері Сатулла Сәдуов жур­на­лист Итен Қарымсақұлының атал­ған кітаптары жайлы ой-тұ­жы­рым­да­рын айтса, белгілі ақын Төре­ғали Тәшенов арнау өлеңін оқы­ды. Мара­паттау рәсімінде Итен Қа­рым­­сақұлына «Қазақ жур­на­лис­ти­касының қайраткері» меда­лі тап­сырылды. Алматы қала­сы Нау­рыз­бай ауданы Ардагерлер кеңе­сі­нің төрағасы М.Каркенов «Иеке, шы­ғар тауыңыз биік, көрер қызы­ғы­ңыз көп болсын!» деп жақ­сы ті­лек айтып, ауданның «Құр­мет­ті ар­да­гері» медалін омырауына тақты. Шараны жүргізуші Бауыржан Жақып ел басқарып жүрген белгілі азаматтардан, қоғамдық ұйымдар­дан және әріптестерінен журна­лист-жазушы Итен Қарымсақұлы­ның атына келген құттықтауларды оқыды. Кездесуде Алматы қаласы Нау­рыз­­бай ауданының әкімі С.Тоғай, Қазақ ұлттық аграрлық уни­вер­ситетінің ректоры, Ұлттық ғы­лым академиясының вице-пре­зи­денті, академик Т.Есполов, Алма­­ты қаласының прокуроры Б.Жүйрік­таевтың, Алматы қала­лық прокура­ту­ра­сы ардагерлер кеңесі­нің құттықтаулары оқылып, той иесі­не шапан жабылды. Шара­ға қатыс­қан Наурызбай ауда­нында тұратын құрдасы Төлеш Стамбеков той иесіне қолдан өзі өрген ою-өрнекті керемет қамшысы мен зайыбына күміс білезік пен сақина сыйлады. Мерейтой иесі Итен Қарым­сақ­ұлы алқалы қауымға ізет-құр­ме­ті үшін үлкен алғыс айтып, қаты­­су­­шы­лар­ға кітаптарын сыйға тартты.

А.БИТАС