ArchCode Almaty ескі архитектураны сақтап қалуға күш салып жүр
ArchCode Almaty ескі архитектураны сақтап қалуға күш салып жүр
723
оқылды
Алматының ескі ғимараттарын сақтау, оның ерекше архитектуралық мазмұнын бұзып алмау, шыны керек, көптің қаперіне кіре бермейді. Алайда осы іспен шындап айналы­сып, архитектуралық құнды мәдениетті сақтап қалу туралы дабыл қағып, қоғамның назарын аударып жүрген жастар баршылық. Олар арнайылап ArchCode Almaty атты жоба да құрған. Бүгін осы жобаның қатысушысы Әнел Молдахметовамен сұхбаттасқан едік. Құнды нысандардың қаңқасы ғана қалған – Әнел, ArchCode Almaty жобасын құру идеясы қашан және қалай келді? Әңгімемізді осыдан бастасақ. – Үш жыл бұрын Желтоқсан мен Бөгенбай батыр көшелері қиылысындағы мемлекеттік бас жоспар ғимаратын бұзып, оның орнына ойын-сауық орталығы тұрғызыла бастады. Осы кезден бастап ғимараттың бұрынғы күйінде сақталып қалуы үшін қол жинай бастадық. Бірқатар белсенді қорғап көрді. Алайда еш нәтиже шыққан жоқ. Әлгі ескі ғимарат құнды ескерткіштер тізіміне кірмегендіктен, оның маңызды нысан екенін дәлелдейтін басқа жолдар іздестірдік. Қорғау үшін ол нысандар қандай да бір қорғау тізімінде болуы қажет. Алайда бұл үнемі ескеріле бермейді. Мәселен, Республика сарайы мен «Жетісу» қонақүйі құнды нысандар тізімінде тұр. Соған қарамастан, оларды әбден өзгертіп, заманауи стилге сай өңдеп тастады. Шын мәнінде, қазір тек қаңқасы ғана қалған. Дегенмен нысандардың маңызы мен архитектуралық ерекшелігін дәлелдеуге болады. Алғашқы жылы соған жұмыс істеп, қо­ғамға танытуға тырыстық. Алматы архитектурасы жайлы кітап жазғысы келетін мықты мамандармен кездесіп, олармен біріктік. Әрине, ғимараттың бұзы­луына жол бермейміз деген сол сәттегі белсенділігіміз жеткіліксіз еді. Бір жағынан, тәжірибе де аз. Дегенмен бұл жағдай тың идеямыздың туындауына, аса маңызды қоғамдық жұмыс­тың басталуына себеп болды. Адамдар ол ғимараттарды қор­ғағысы-ақ келеді. Алайда қалай қорғау керек екенін білмейді. Заңдық қырынан хабарсыз, жеткілікті дәлел келтіре алмайды дегендей. Ондай кезде неліктен бұл ғимаратты сақтап қалу керек дегенге қатысты нақты, сенімді дәлелдер, фактілерді айта білу керек. – Жұмыстарыңыздың алғаш­қы нәтижелері қашан көріне бастады? – Бір жылдан соң «Алматының архитектуралық коды» атты үлкен көрме өткіздік. Бұл «архитектуралық мұрамызды түгендеп, қадірлеп отыру үшін бізге архитектура музейі керек» деген мазмұнда өтті. Көрме табысты атқарылып, осыдан соң отандық ақпарат құралдары біздің ісіміз, оған қоғамның көзқарасы жайлы жаза бастады. Жалпы, тұрғындар қаладағы қай ғимараттың құнды, қай ғимараттың ескі әрі архитектуралық маңызға ие екенін біле бермейді. Ғимараттар бұзылады, адамдар қарсы болады, бірақ оған ешкім құлақ аспай жаңа, заманауи стилдегі нысан салына береді. Болды. Сондықтан бұл мәселеге мейлінше кәсіби тұрғыда араласқанды жөн көрдік. Алдымен XX ғасырдан бері салынған ескі әрі құнды ғимараттарды тізімдеп, онлайн каталог жасап шықтық. Ол жерде шамамен 100-ден астам нысанның тізімі бар. Себебі, шаһар құрылысының 80 пайызы XX ғасырға тиесілі. ArchCode.kz деген сайтымызда жаңалықтарды, онлайн карта мен қажет деректерді жариялап отырамыз. Алайда айналып келгенде мұның өзі де жеткіліксіз еді. Онлайн каталог жүргізу бір басқа да, істеп жатқан ісіңнің маңызы туралы қоғаммен бөлісу бір басқа. Сол себепті, тұрғындарға арналған тегін экспедициялар, дәрістер ұйымдас­тырдық. Кеңестік архитектуралар, заманауи архитектураларды таныстырдық. Әртүрлі стилдегі нысандардың ішкі және сыртқы келбетіне байланысты түрлі тал­қылау болды. Біртіндеп ісімізге халықаралық сарапшылар да на­зар аударып, келіп дәрістер өткі­зе бастады. Адамдардың да қы­зығушылығы арта түсті. – ArchCode Almaty жобасына атсалысып жүрген команда құрамында кімдер бар? – Әу баста құралған команда құрамы бірнеше рет өзгерді. Көбі орта жолдан бөлініп кетті. Командада қазір төрт адам бармыз. Мен үйлестіру, зерттеу жұмыс­тарымен айналысамын. Әділ ­Әжиев – жобаның негізін са­лушы әрі архитектор. Петр Смир­нов – жұмыс тобының үй­лестірушісі. Олардан бөлек жоба зерттеушісі Илья Малков пен сайт жасаушы Ғалымжан Әбдуғалимов бар. Сондай-ақ тарихи-мәдени мұралар бойынша кеңес беретін тарихшы, ғалымдармен де кеңесеміз. Арнаулы экспертиза жасайтын мамандармен де жұмыс істейміз. Себебі, құрылыс және архитектура бойынша барлығын бірдей біле бермеуіміз мүмкін. Мұндай кезде кәсіби мамандардың көмегіне жүгінген дұрыс деп ойлаймын. Сондықтан заңға, құ­жаттық-техникалық мәселелерге байланысты жұмыс тобы­мен кеңінен ақылдасып отырамыз. Солардың мақұлдауынан кейін ғана әкімдікке, құрылыс салушы компанияға хат жолдаймыз. – Қарапайым жастар сіздер­дің командаға кіруге құлшыныс та­ныта ма? – Иә, ерікті жастар үнемі әлеуметтік желі арқылы хат жазып, қызығушылық танытады. Оларды шараларымызға шақырып, сөйлесіп, егер шынымен архитектураға қызығатын болса, бірге жұмыс істеп көруге тырысамыз. Мәселен, Петр Смирнов бастапқыда жай ғана ерікті болған. Дегенмен жобаның басынан бастап бізбен бірге жүрді. Кейін онлайн карта жасау, жобалау жұмыстарына атсалысты. Қазір ол – команданың белсенді мүшесі. Сондай-ақ деректі фильм мамандары, фотографтар да жиі байланысқа шығып, идея­ларымен, пікірлерімен, ке­ңес­терімен бөлісіп тұрады. Ондай азаматтардың идеясы, ойы біз үшін әркез құнды әрі маңызды. Бизнес Алматы архитектурасына қожайындық жасап тұр – Қазірге дейін шаһардағы нақты қандай нысандардың тағдырына ықпал еттіңіздер? – Кезінде «Целинный» кинотеатрын бұзып, орнына МакДональдс салғылары келген. Келіссөз жүргізіп көріп едік, олар райынан қайтпады. «Кинотеатр ескерткіш болып саналмайды ғой» деп уәждерін айтты. Біраз уақыт өткен соң олармен Астанада модернизм жайлы форумда жолығып қалдық. Содан ойымыз әсер етті ме, кинотеатрды бұзбай, одан заманауи өнер музейін жасау туралы шешім қабылдапты. Бұл да жұмысымыздың бір нәтижесі деп есептеймін. Сол кинотеатрды бұзып таста­ғысы келген адам модернизм туралы кітапты қаржыландырып берді. Республика сарайын да мысалға келтіре аламыз. Оның бұрынғы кейпін өзгертіп, кілең шыны материалдармен қаптап, әдемілеп тастаған. Ал ол шетелдік туристерге қызық емес. Әрі ғимараттың баяғы кескіні сақ­талғанда тұрғындар мен қонақ­тар үшін әлдеқайда ыстық, әлдеқайда бағалы болар еді. Сосын Аппаратты-студиялық кешен де (АСК) – жекеменшіктегі ғимарат. Шын мәнінде, қожайыны не істесе де өзі біледі. Бірақ «Біз қоғам тарапынан келіп тұрмыз. Заң бойынша бұл нысанның сақталуын жақтаймыз және мұндағы болып жатқан жағдайды бақылаймыз, ұсыныс жасаймыз. Оған тиісті құқығымыз бар» деп айта аламыз. Бұл ғимарат былтыр ғана тарихи-мәдени мұралар тізіміне енді. Әрине, түбегейлі өзгертіп тастамайды. Дегенмен тапсырыс беруші ғимарат­тың шыныларын, сырт келбетін ауыс­тырғысы келеді. – Қаладағы тағы қандай нысандарды тарихи-мәдени мұралар тізіміне кіргізуге болады деп есептейсіз? – Биыл бірқатар ескі нысанды құнды ғимараттар тізіміне енгізуге ұсыныс жасағымыз келеді. Олар – Әуезов театры, Цирк ғимараты, Ұлттық кітапхана, Президент архиві, Офицерлер үйі, «Қазақстан» қонақүйі, осылай жалғаса береді. Ондай нысандарды таңдаған кезде – ғимараттың сыртқы түпнұсқа бі­регейлігін жоғалтпағанына, құ­рылыс материалдарына, ­ар­хитектуралық ерекшелігіне ­назар аударамыз. – Сіздер қоғаммен етене араласқалы бері адамдардың сауаты өсті ме?  – Қазір тұрғындардың белсенділігі артқан. Өз қаласына бейжай қарамайтыны байқалады. Ең бастысы, Алматы тұрғындар үшін жайлы болуы керек. Егер шаһардың тұрғындары өздерін осы жерде жайлы, керемет сезінсе, онда келген туристер де өздерін тура солай сезінеді. Себебі, бәрі де адам. 1997 жылы елорданың ауысуы – Алматының архитектурасын құтқарып қалды деуге болады. Әйтпесе, қаншама тарихи, ескі нысанды бұзып тастап, орындарына жаңа, заманауи ғимарат салушы еді. – Ғимараттарды қанша уа­қыттан кейін ескі деп санап, оларды мәдени мұра ретінде қорғай бастау керек? – 50 жылға дейін ғимарат тарихи маңызға ие бола қоймайды. Себебі, оны кез келген сәтте бұзып тастауы мүмкін. Егер ­ғимараттың жасы 100 жыл­дан асса – онда ол ескі, тарихи саналып, оны ресми түрде қор­ғау қажеттігі туындайды. Біз де ескі нысандарды, түпнұсқа архитектураны қорғайтын заң бар. Бірақ сол заңның орындалуы әлі де болса жеткілікті дең­гейде емес. – Әңгімеңізге рақмет! Сұхбаттасқан  Абай АЙМАҒАМБЕТ