Қазақтың намысы – менің намысым
Қазақтың намысы – менің намысым
726
оқылды
– Жалпы, «Қазақстан барысы», «Халық барысы», «Әлем барысы» секілді түрлі жарыстар бар. Одан бөлек, қазақ Арман Шораевты кім деп таниды? – 48 жыл өмірімнің 25 жылын журналистика саласында өткіздім. Қазір бұл саладан кетіп қалсам да, өзімді журналист деп санаймын. Халық та солай қабылдайды деп ойлаймын. Оның өзінде басшылық қызметтер атқардым. Мүмкін сондықтан да көпшілігі танымайтын шығар. Алайда Facebook және басқа да әлеуметтік желілердегі парақшаларым – өзімнің жеке бұқаралық ақпарат құралым. Ол дегенің – өз газетім, журналым, телеарнам деп есептеймін. Өйткені кейбір ойларды газет бетінде де ашық жариялай алмас едім. – Журналистикадан бөлек, басшы болуға неге ұмтылмады­ңыз? Мәселен, шенеунік не саясаткер болу қолыңыздан келер еді. Не болмаса баспасөз қызметін басқару? – Шыны керек, басшылық қызметке тойғанмын. 25 жасымда Көкшетаудағы бір телеарнаны басқардым. Сондықтан бастық болу мақсат емес. Ал шенеулік не саясаткер болуға ұмтылмаймын. Ол маған керек емес. Ондай нәрселер адамды байлап қояды. Ал мен ешкімге, ештеңеге байланғым келмейді. Тәуелсіз бол­ғым келеді.

Азаматтық позициямыз айқын болды

– Сіз бастаған кездегі журналистика мен бүгінгі журналистиканы салыстыруға келмес. Дегенмен ара-тұра баға беріп тұрасыз ба? – Әрине, айырмашылығы жер мен көктей. Әлі есімде, Ақмола астана болған кезде Елбасының резиденциясы кішкентай ғана болатын. Онда баспасөз мәслихатын айына бір рет өткізетін. Ол кезде микрофонмен жүгіріп жүрген жай ғана «КТК»-ның тілшісімін. КТК, «Время», «Время По» секілді тәуелсіз газет тілшілері еркін едік. Бұл Елбасыны менсінбегендік емес, керісінше, халыққа қызмет ететін адам ре­тінде қабылдайтынбыз. Ол біздің азаматтық позициямыз болатын. Парламентке бару да біз, журналистер үшін мәртебе. Операторларымыз сол залдың ішінде еркін жүріп, пікір алып, бір депутат ұйықтап қалса, соны түсіріп алуға тырысатын. Бұл ең үлкен айырмашылық деп ойлаймын. – Мемлекеттік БАҚ-та істеу бұйырмады ма әлде КТК өз таңдауыңыз болды ма? – Мемлекеттік бұқаралық ақпарат құралдарында жұмыс істедім. Алғаш қызметімді Көкшетаудағы облыстық телерадиокомпаниядан бастағанмын. Ол кезде облыстық телеарна жоқ, тек радио ғана. Сонда дүкенге барып қалсаң, дауысыңнан-ақ танып қоятын. – Қызметтен кетсеңіз де журналистика саласынан алыстамай, жекеменшік газет-журналыңызды ашып алғыңыз келмеді ме? – Бағана айтқандай, газетім де, журналым да – фейсбуктегі парақшам. Өз ойымды білдіргім келсе, сол жерге жазамын. Оның үстіне газет-журналдың әлегі көп. Сондықтан өзімнің басқа әріптестерімді де қинағым келмейді. Әрине, бізде тек жаман нәрселер емес, оң өзгерістер де бар. Алайда біздегі кейбір кемшіліктерге қарның ашады. Мәселен, тарихқа үңілсек, ұлы дала кезінде ханды төрелердің арасынан сайласа да, халық сайлаған. Біз де сол дәрежеге жетіп, сайлауымыз ашық түрде өтуі керек. Бүгінгі кей­бір депутаттардың күйін көріп отырмыз. Екі сөздің басын қоса алмайды, қарсы пікір, халықтың көкейінде жүрген проблеманы да айта алмайды. Салыстырмалы түрде қарасақ, Ресей Думасы депутаттарының кейбірінің бейне­сін­ жақсы білеміз. «Мынау біздің бет­кеұстар депутатымыз» деп мақ­­­танатындай тұлғалар жоқ. Оның бәрі қалды. Бұрын пар­ла­мент­те шынымен халық қалаулылары Мұхтар Шаханов, Шерхан Мұртаза, Фариза Оңғарсынова се­кілді адамдар отырды. Өкі­ніш­ке қарай, сол заманнан айы­рылдық. – «Бүгінгі депутаттар ұйықтап қала беретін, қарттар үйінен аумайды» деген пікіріңізді оқып едік. Дәл осы тенденцияға қалай келдік? – Байқасаңыз, бізде бірнеше министр бар, бір министрліктен бір министрлікке ауысып жүре береді. Жұмысына сын айтылады, бірақ ол басқа қызметте жүреді. Ал одан қандай нәтиже шығады? Әрине, ешқандай нәтиже болмайды. Біз тек мұнайдың арқасында күн көріп отырмыз. Оның өзі Алланың бергені. Мұнайдан бюджетке ақша құйылып жатыр. Сонымен өмір сүріп жатқан мемлекетпіз. Мұнай болмаса, біз ­далада қалатын секілдіміз. Бізге өндіріс ошақтарын көбірек ашу ке­рек. Өйткені қаншама адам қы­зыл дипломмен жұмыс таба алмай жүр. Болса да күзетші не аула сыпырушының орны ғана. Бізде ешқандай әлеуметтік лифт жоқ.

Facebook саяси газетке айналды

– «Әлеуметтік желідегі бір ғана парақшам бар» деп айтып қалды­ңыз. Бұл желі әлеуметтің мәселесін көтеріп отырған жалғыз алаң ба? – Америкада Facebook біздегі «одноклассники», «инстаграм» сияқты қыздардың мысық-итін салатын ғана желі. Ал бізде сая­си газетке, саяси күшке айнал­ды. Осыдан-ақ өзіңіз анықтай беріңіз... – Дегенмен «таяқтың екі ұшы бар» емес пе? Кейде әлеуметтік желіде бір пікірге бір жақты сын кетіп қалады. Кейде жел қайдан шықса, сонда ауады. Демек, әлеуметтік желіге де біржақты сенуге болмайтын шығар. Қалай ойлайсыз? – Біріншіден, біздің халық сондай қараңғы емес. Халықтың көзі ашық, ақ пен қараны айыра алады. Мәселен, шетелде жүрген Әблязов Қазақстанды жиі жамандайды. Бірақ ол да сол жүйеден шыққан адам, оның да ешкімді жарылқамағаны белгілі. Оның үстіне, қазіргі жастар Совет үкі­метін көрмеген, көбі шетелде білім алған. Желі арқылы бәрін біліп, бәрін бағамдап отыр. Олар кімнің әдейі жасап отырғанын, кімнің нақақтан нақақ күйіп жатқанын ажырата алады.

«Мұрнын бұзамын» деген уәдемді орындаймын

– Блогер Нұрлан Байділдәнің «Не признаю Абай великим казахом, он был бы в наше время обычным блогером» деген жазбасы әлеуметтік желіде біраз сөз болды. Бұл жөнінде не дейсіз? – «Атың шықпаса, жер өрте» дегендей, бұл ол жігіттің әдейі жасаған нәрсесі. Меніңше, бұл – азғындық. Бұл жерде мен ғана емес, үкімет тарапынан да, қоғамдық қауымдастық та шара қолдануы керек. Абайды қорлау – бүкіл қазақты қорлау деп түсінемін. Ол үшін жауапқа тартылуы тиіс. Мәселен, Абайдың ұрпақтары полицияға барып, арыз жазып, шағымдану керек. Әйтпесе, осы жігітке еліктейтін жастарымыз бар. Оларға сабақ болу үшін ондайды жай қалдырмай, күресу керек. Тым болмағанда, қылмыс­тық кодекс бойынша жауапқа тартылатындай бап болуы тиіс. Сол үшін «мұрнын бұзамын» деген уәдемді орындаймын. Шынымен, Нұрлан Байділдәні әлі кездестіре алмай жүрмін. – Осы мәселеде сізді қолдағандар көп болды ма? – Әрине. Жазған комментарийіме пікір білдіріп, қолдайтындар көп. Жалпы, қазақ халқының үлкен проблемасы – ана тілін білмеуі. Ашаршылық кезінде қазақтың жартысынан көбі көз жұмды. Одан кейін тың игеру басталып, оған 2-3 мың өзге ұлт өкілі көшірілді. Міне, сол кездегі қазақтардың аз болуы ана тілімді жастайымнан толық бойыма сіңірмеуіме әсер етті. Өзім орыс­тардың арасында өстім, орыс мектебін бітірдім. Солтүстік Қазақстанда өскен құрдастарым ана тілінде сөйлей алмайды. Соның кесірінен балалары да басқа тілде шүлдірлеп жүр. Азайып қалмағанда, тәжік, қырғыз, өзбек секілді тілімізді де, болмысымыз­ды да, ішкі ұстанымымызды да сақтап қалар едік. Біздің халықты біріктіру үшін бәрі бір тілде сөйлеуі керек. Елімізде тұратын 4 мил­лион басқа ұлт өкілі қазақша сөйлеуі тиіс. Мәселен, орысқа «Немереңді ең мықты балабақшаға бер, ешқандай төлемақы алмаймыз. Есесіне сен балаңды қазақ тобына бересің. Не болмаса, балаң қазақ мектебін бітірсе, оны тегін университетке оқытамыз» деп тартқан дұрыс. Сонда 20-30 жылда біртұтас мемлекетке айналамыз.

Мені қазақ қылған – немістер

– Орысша оқып, орысша түс көріп жүре беруіңізге болатын еді ғой. Сізді оятқан не нәрсе? – Шала қазақ болсам да бүкіл демалысымды ауылда өткізгенмін. Өкінішке қарай, әкем өмірден 29 жасында қайтып кетті. Ата-әжемнің жалғыз баласы ­болатын. Ол кезде бар-жоғы 8 жас­тамын. Сондықтан ешқайда бар­ғам жоқ, лагерь дегенді көрмедім. Атам «көзім көрмейді, Абайдың қарасөздерін оқышы» деп шақырып алатын. Сөйтіп, күн сайын қайтадан оқыта беретін. Соның арқасында қазақ болып қалдым. Көкшетау – орыс­тардың қаласы, 15 пайызы ғана қазақ. Бір сыныпта тек 3-4 қазақ оқыдық. Қазақ тілі жай ғана қосымша пән ретінде жүрді. Сабақ­тан қалмай жүріп, қазақ тілінің ережелерін білдім. Ол кезде қазақтардың өзі оған барып қатысуға ұялатын. – Өз тілінде сөйлеп, қазақы салт-дәстүрді ұстанып, бірақ қоғамға пайдасын тигізбейтін адамдар кездеседі. Қазаққа жаны ашып, сойылын соғып жүрген орыстілді қазақтар бар. Сонда оларды тіл білмегені үшін ұлтшыл деп санамау керек пе? – Жоқ, олай ойламаймын. Дегенмен көп сөзді білмесе де, акцентпен сөйлесе де, қазақша сөйлеуге ұмтылғаны дұрыс. 19 жа­сымда Көкшетаудағы Ұялы деген ауылға іссапармен бардым. Ол кезде радиода істеймін. Ауылға барсам, сап-сары орыстар жүр. Орысша сөйлесем, «Бауырым, сен қазақсың ба?» дейді қазақшалап. «Қазақпын» дедім. «Міне, біз неміспіз, қазақша сөйлеп тұрмыз. Сен неге қазақша жауап бере алмайсың?» деп намысыма тиді. Ауылдың 80 пайызы неміс екен. Бәрі қазақша сарнайды. Сөйтіп, олардың мені ұялтқаны бар. Шыны керек, ол кезде қазақша сөйлейтіндей орта болған жоқ. Содан «Социалистік Қазақстанды» алып, шағын жаңалықтарын оқи бастадым. Білмегенімді сұрап жүрдім. Сол газеттің арқасында қазақшам кішкене дұрысталды. Сондықтан қазақ тілін білмесе де ұлтын сүйетін, ұлтшыл азаматтар бар. Біріншіден, орта жасқа келіп тіл үйрену қиын. Мысалы, сыныптастармен кездескенде орысша сөйлесеміз. Отбасының қамы деп, күйбең тіршілікпен жүргенде тіл үйренуге уақыты да болмайды ғой. Міне, арамызда ондай азамат көп. – «Я ругаю Россию, потому что люблю» деген Чаадаевтың сөзін келтіріпсіз. Халықты жақсы көре­тініңіздің белгісі ғой. Алайда «Тура айтсаң, туғаныңа да жақпайсың» деген сөз бар. Жалпы, қазақ халқы турашылдықты жақсы көрмейді. Сізді ұнатпайтын адамдар көп пе? – Бар. Олар «Арман, неге бізді жамандайсың, жұмыс істеп жүрміз ғой» деп ренжіген. «Қызметте жүргелі жарытып не істедің?» десең, жауап бере алмайды. Бәрі бірдей жаман емес, арасында мықты азаматтар да бар. Мысалы, Ақмола облысына қарасты 16 әкімдіктің 3-4 әкімін сыйлаймын. Соның бірі барған жеріне ең бірінші қазақ мектебін салдырады. Осыны ауыз толтырып айтуға болады. Өкінішке қарай, мемлекеттік қызметкердің 80 пайызы «осы орында отырғанда жағ­да­йымды жасап, асарымды асап алайын» деп қара басын ойлайды. – Сіз әкім болсаңыз, не өзгертер едіңіз? – Әкім болғым келмейді. Меніңше, бюджетке ақша жетпей жатыр деген далбаса. Бізде көбіне керек емес нәрсеге ақша жұмсалады. Мәселен, туған қаламда 3-4 миллионға неке сарайын салды. Сондай құрылыс көп. Көкшетауда бос қонақүй онсыз да самсап тұр. Бұл – бизнеске жасалып жатқан қастандық. Үкімет бизнесменге «жұмыс орнын ашсаң, жер беріп, суыңды, тоғыңды тегін орналастырам» десе, біразының жағдайы жақсарар еді. Бізде керісінше, бірдеңе ашу үшін толтыратын құжат көп, оған қол қою керек. Көбіне мұның соңы параға әкеледі. Бұл – қолдан жасалған проблема. «Қазақстан барысы» ешқашан шоу-бизнеске айналмайды – Сіз соңғы уақытта ірі жігіттерді жинап, «Барыс» өткізіп жүрсіз. Өзі ірі болса да сөзі сұйық жігіт көп. Бұған не дейсіз? – Әрине, бар. Бірақ біздің барыстар ондай емес деп ойлаймын. Ауылдан шыққан қарапа­йым балалар. Интеллект жағынан да ешкімнен қалыс қалмайды. Көбі домбыра тартып, ән айтады. Олар – бүгінгі заманның Балуан Шолағы, Қажымұқаны. – «Барысты» жүргізіп жүргеніңізге біраз жыл болды. Жобаны қолға алғалы бері оны жүзеге асырып, ақша табу үшін тамыр-таныс­тықпен жұмыс істеген кезіңіз болды ма? – Әрине, болды. Басқа да биз­нестерім бар. Дегенмен «қазақ­пыз ғой» дегенді қолданамыз. Алайда ол жобаны ешқашан бизнеске айналдырған жоқпын. Ешқашан жасанды барыс болған емес. Ол жерде нағыз барысты іздеп, ең мықтысы анықталады. Өйткені жүлде қоры бар, атақ бар. Әйтпесе, «бәрі де сен тұр, мен атайын» деген жігіттер. Қазір ба­рыстың әрқайсысы жоқ дегенде есепшотына миллион доллардан жинап алған. Оған қоса, руластары, ағайындарының бірі пәтер әперсе, енді бірі сыйға көлік мінгізіп жатады. Бәрі де мықты азаматтар. – «Қазақстан барысы», «Әлем барысы», «Халық барысы», «Өнер барысы» бар, енді «Ақпарат барысын» қоспақшы екенсіз. Бұл жоба да шоуға айналып кетпей ме? – «Өнер барысы» менің бастамам емес. Айтыскер, ақын Бал­ғынбек Имашевтың ұсынысы. Қазақ күресі қай салада болсын дамуына қарсы емеспін. Мектеп бағдарламасына енсе деп, 102 са­бақтан тұратын әдістеме жасап жатырмыз. Бұл ұл балаларды ғана емес, қыздарды да қорғануға үйретеді. Соңғы он жылдың ішінде күреспен айналысатын адамның саны төрт есе көбейді.

Балаларымның шетелде қалғанын қалаймын

– Балаларыңыз қазақ тілінде сөйлей ме? – Үш ұлым, бір қызым бар. Екі ұлым Америкада, Англияда оқы­ған. Ал кенже ұлым қазақ мек­тебінде оқиды. Үлкенім қазақша жақсы сөйлейді. Ортаншының қазақшасы ағылшыннан нашар. Бір ғана өкінішім, қызым қазақша сөйлемейді. Бұл – менің қателігім. 5 жасынан Haileybury деген ағылшын мектебіне бергенбіз. Қазір орысша да, қазақша да сөйлемейді. Тек ағылшын ті­лінде сөйлейді. Бірақ бәрі ме­німен қазақша сөйлеуге тырысады. Өзімді бәрібір болашақта шетелге барып оқиды ғой деп жұбатамын. Алайда оның сол жақта қалғанын қалаймын. Келіншегім де өзім секілді Солтүстіктікі, енді ол қазақша білмейді, мойын­даймын. Балаларыма «күйеубалам да, келінім де қазақ болсын» деген талабымды қойдым. Құдайға ­шү­кір, үлкен ұлым үйленіп, ке­лінді болдым. Өзім қазақшамды 30 жа­сымда түзедім ғой. Балаларым менен ертерек түзер деген үмітім бар. – Олар шетелге кетсе тамырынан алыстап кетеді деп ойла­майсыз ба? Елде қалуын неге қаламайсыз? – Олай ойламаймын. Себебі, ортаншы ұлым 9-сыныптан ке­йін Америкаға кеткен. Бір күні «Папа, маған мелекеттік рәміздерді жібер» деп телефон шалды. Жарты жылдан кейін Америкаға бар­сам, ұлымның көзі көгеріп жүр. Не болғанын сұрасам, «Борат үшін төбелесіп қалдым» деді. Соған қарап, керсінше, сол жақта жүріп, намысын одан ары қайрап келеді. Өзімде басқа елге көшетін ой жоқ. Біздің домбырадан, қазы-­қартадан, кең-байтақ даламыз­дан ешқайда кете алмаймын. Бі­рақ балаларымның осы елде тұр­ғанын қаламаймын. «Айнала­йындар, сендер жассыңдар, басқа елге барыңдар, қызмет жасаңдар!» деп отырамын. Шыны керек, оларды мемлекеттік қызметке не жақсы жерге отырғызып қоятын жағдайым, тамыр-танысым бар. Оның керегі жоқ. Себебі, Денис Теннің өлімінен ке­йін балаларымның қауіпсіздігінен қорқамын. Елге келгенде түн­гі 12-де үйде болмаса, звондап, іздеп кетемін. Ал олар шетелде жүргенде мүлдем уайымдаған емеспін. Оған қоса, елімізде жемқорлық белең алып тұр. Мені танығандықтан пара берген емес­пін. Ал олар баламды қайдан таниды? Осындаймен балаларымның өмірін кірлеткім келмейді. Әрине, кейде ойланып қаламын. Бірақ азаматтық позициямның оларға кесірі тие ме деп қор­қамын. Сұхбаттасқан  Гүлзина БЕКТАС,  Анар ҚОНЫС