«Балуан шолақ», берері мол-ақ!
«Балуан шолақ», берері мол-ақ!
1,288
оқылды
«Балуан Шолақ» фильмі – Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысымен түсірілген Қазақфильм киностудиясы мен Қазығұрт жеке студиясының бірлескен жобасы. Фильмнің продюсері – Сәбит Әбдіхалықов. Режиссері – Нұргелді Сәдіғұлов. Сценарийін жазған – жазушы Дулат Исабеков. Басты рөлде – Еркебұлан Дайыров.

Одан бөлек туындыға Медғат Өмірәлиев, Александр Багрянцев, Альбина Шардарова, Сафуан Шаймерденов, Сағаділда Үсіпәлі секілді актерлер қатысқан. Негізінен түсірілім жұмыстары 2017 жылы Алматы облысында өтті. Сондай-ақ Павлодар мен Оқжетпесте де негізгі көріністер түсірілді. Жалпы, фильмге үш жүзден астам адам қатысқан екен. Сонымен, көрермен көптен күткен фильм жарыққа шықты. «Балуан Шолақ» бұған дейін де М.Әуезов атындағы академиялық драма театрының сахнасында жүрген. Дулат Исабековтің «Жаужүрегі» көрерменге жақсы таныс. Еркебұлан Дайыровтың да «Балуан Шолағын» бұған дейін спектакльден көргенбіз. Ал көркем туындыдағы Еркебұлан-Балуан Шолақ – бөлек әңгіме.

Аңыз бен ақиқат

Әлқисса, Балуан Шолақ туралы тарихи деректер де, аңыз әңгімелер де өте көп. Ол туралы Естай Мырзахметов, Жайық Бектұров, Сәбит Мұқанов, Дулат Исабеков, Бейбіт Қойшыбайдың жазбаларында кездеседі. Балуан Шолақты зерттеуші де көп болма­ған. Оның балуандығы, әншілігі, композиторлығы, цирк өнерін меңгергені туралы жиі айтылады. Жазушы Бейбіт Қойшыбай: «Ол күреске он төрт жасынан түсіп, небір алып қарсыластарын жығып жүргенін, шауып келе жатқан жүйрік ат үстінде шалқалап жатқанын, ер үстінде түрегеп тұрып немесе аяғын көкке көтеріп, төбесімен тұрған қалпы шабатынын, жүйткіген аттың біресе оң жағынан, біресе сол жағынан жерге түсіп, қайта мінетінін, ат бауырынан жеңіл айналып өтетінін жұрт тамсана әңгімелейтін. Оның цирк өнеріне тән спортшылық ептілікті шебер игергендігімен қоса, бойындағы күштің жойқындығын неше түрлі амал-тәсілмен көрсететіні, елу бір пұт кір тасын көтергені, орыстың әйгілі кәсіби балуаны Кореньді жығуы мысал етілетін. Ол Көкше алқабының дүлдүлдері Біржан сал мен Ақан серіні ұстаз тұтты. Олардың әндерін нәшіне келтіре орындады. Өзі де өлең, ән шығарып, әуелете шырқады. Оның даңқы Көкшетау өңірінен асып, күллі қазақ өлкесіне тарады. Шартарапта барша жұрт оны құрметтеп қарсы алып, төбесіне көтерді. Өнеріне сүйсінді. Көргендерін, естіген-білгендерін аңыз етіп айтып, ауыздан-ауызға жеткізді. Сөйтіп, ол көзі тірісінде-ақ аңызға айналды» деп жазады. Әуелде азан шақырып қойған есімі – Нұрмағамбет. Оның қалай Шолақ аталғаны туралы әр жазбада әртүрлі деректер бар. Бірінде – арқанды шірене тартып құлағанда қолын күйдіріп алғанын айтса, екінші бір деректерде 14 жасында қасқырдың апанына тап болып, саусақтарын қасқыр шайнап кеткені туралы жазылады. Сол себепті де, бала кезінен Шолақ атанып кетсе керек. Кейінірек, белдескен теңдесінің бәрін, тіпті үлкен жігіттерді де емін-еркін жығып жүре беретініне қарап, әлеумет оған Балуан деген атты қоса береді. Осылайша, ел арасында Нұрмағамбет аты ұмытылып, Балуан Шолақ атанады. Балуанның тағы бір қыры – әншілігі. «Әншілігімен де тез танылды. Ол даңқы ел-жұртқа кеңінен жайылған жерлестері Біржан сал, Ақан сері сияқты жарық жұлдыздардың әндерін бабына келтіріп, тамылжыта орындауымен де көпшілік көңілінен шыққан екен». Яғни, әнші ретінде де халықтың сүйіспеншілігіне бөленген. Бір бойына бірнеше өнерді жинақтаған талант ретінде елді мойындата білді. Ән-күйді шалқытып, Сарыарқа төсінде сал-серілерше сайран құрды. Қараөткел, Көкшетау, Қарқаралы, Баянауыл, Семей өңірін, Сарысу бойына Балуан Шолақтың есімі кең тараған. Оның «Көкшетау», «Желдірме», «Ащылы айырық», «Дікілдек», «Қос перне», «Құлан кісінес» сияқты әндері Арқа өңіріне кеңінен тараған. Өмірінің елеулі кезеңдерін әнге қосып отырған. Одан бөлек, Балуан Шолақ – өнерпаз. Жастайынан цирк өнерін меңгерді. Оның шауып бара жатқан атқа тұра ұмтылып, көз ілеспес жылдамдықпен мініп алатын да, ат үстінде түрегеліп, қаққан қазықтай қадалып тұра қалатын. Шапқан беті аттың бауырынан айналып, алқымын орап өтетін дейді аңыз-әңгімелерде. Нағыз дүлдүлдің өмірін бір көркем туындыға арқау ету мүмкін болмас еді. Сол себепті, «Балуан Шолақ» фильмі балуан өмірінің белгілі бір кезе­ңін қамтыды десек, артық емес.

Ғалияның образы қайда?

«Жаужүрек» спектаклі – театр сахнасына 2011 жылы қойылды. Режиссері – Есмұхан Обаев. Дулат Исабеков пьесасының желісімен қойған спектакльде басты рөлді Берік Айтжанов, Еркебұлан Дайыровтың ойнағаны белгілі. Әр режиссер әр пьесаға өз көзқарасымен келеді. Спектакль мен фильмді салыстыруға болмайды. Театр сахнасы мен көркем туындының алаңы – екі бөлек дүние. Сол себепті де, Нұргелді Садықұловтың спектакльге қарағанда, фильмге мүлдем тосын көзқараспен келгені анық. Алайда фильмнен атақты «Ғалия» әнінің тууына себепкер болған Ғалияның бейнесін іздегеніміз рас. Балуанның жары Балқаштың образы ашылмай қалғандай көрінді. Біздің бұл пікірімізді сценарий авторы, жазушы Дулат Исабеков те жоққа шығармады. Жазушы: «О баста режиссер екеуміз келіскеніміздей, көп дүние көкейден шықты. Байқасаңыз, бұрын фильмдерде саптама етік, түлкі тымақ киіп шығатын еді ғой. Ол кезде жұрт суға шомылып жатады. Кейіпкердің киімі мен оқиға өтіп жатқан кезең мүлдем үйлеспейтін еді. Режиссерге осындай кереғар көріністерден аулақ болайық деп кеңес беріп едім. Осы тұрғыдан келгенде, Нұргелдінің шешімі ұнады. Балуан Шолақ тек балуан ғана емес, ішкі жан дүниесі бай, ұлттық көзқарасы бөлек, болмысы биік адам ретінде көрініс тапқаны қуантып отыр. Патриотизм дегенді жалаң ұғыммен емес, осындай әрекет арқылы көрсетуіміз керек. Нұргелдінің маған ұнағаны: «Менің мақсатым – ұлттық кино жасау» дегені. Бұл фильмнің сценариіне таласушы көп еді. Бірақ мен Нұргелдіні таңдадым. Жалпы, фильм өте жоғары деңгейде екенін атап өттім. Рас, кейбір кемшіліктері бар. Оны жігіттердің өздеріне де айттым. Біз шетелдің фильмдерін 2-3 сағат ерінбей көреміз де, өзімізге келгенде, уақыттан неге қысуға тырысамыз? Фильмге тағы да 10-15 минут қосу керек еді. Мысалы, Балқаштың образы жұмбақ болып қалды. Ол Балуан Шолақтың әйелі ме, әлде күңі ме? Ол әйелі еді. Екеуінің «линиясы» сценарийде керемет болатын. Бір-біріне көзқарасы, қызғанышы бар еді. Ғалия кинода қымызхананың даяшысы сияқты болып қалған. Шын мәнінде, ол үлкен махаббаттың иесі еді. Сол сәттерді, Балуанмен ақ қайыңның арасында кездесетін жерін Нұргелді түсірген. 2 не 3 минутта сыйғызуға болатын еді ғой. Содан кейін жұртты түрмеден босатуы. Комедияға толы жанр осы жерде болуы керек еді. Сол кезде күймемен кетіп бара жатқан Балқаш пен Ғалияның бір-біріне қызғанышпен қарап өтуі. Осы көзқараста көп нәрсе бар. Осы кадрлар болса, фильм жоғары деңгейде болатын еді. Нұргелдіден «осы эпизодтар бар ма?» десем, «Бар» деді. Осыларды қайта қосса, фильм бұдан да жақсы болатын еді», – дейді.

Бір фильмге бүкіл өмірін сыйғызу мүмкін емес

«Бұл – атамыздың өмірінен берілген бір эпизод қана», – дейді балуанның шөбересі Шайдолла Шолақов. Атасы туралы фильмді шөбересі арнайы барып, тамашалаған екен. «Көркем туынды көңілден шықты. Әрине, атамыз туралы айтылған аңыз да, әңгіме де өте көп. Оның бәрін бір фильмге сыйдыру мүмкін емес. Егер сериал түсірілсе, өмірін толық қамтуға болар еді. Сондықтан бір фильмде анау жоқ, мынау жоқ деп, сын айтуға болмас. Дегенмен режиссердің шешімі көңілімнен шықты. Көркем дүние болған соң, әсірелеулер болатыны рас. Негізі, Балуан Шолақ өмірі туралы бұған дейін толыққанды деректі фильм не болмаса көркем дүние шыққан емес. Қысқаша-қысқаша бейнероликтер түсірілгені рас. Алматыда да қойылған спектак­лін де көрдік. «Хабар» арнасында Мая Бекбаева есімді журналист қыз өте сапалы деректі фильмдер түсіріп жүр. Сол секілді атамыз туралы деректі фильм түсірілсе деген арманым бар еді. Осы ұсыныспен «Хабар» арнасына арнайы барып, басшыларымен де сөйлесіп көрдім. Қаржы-қаражат болса, деректі дүние жасауға қарсы емес» дейді ұрпағы.

Нұргелді САДЫҒҰЛОВ, режиссер:

Балуан Шолақты түсіру көптен арманым еді

«Балуан Шолақ» фильмінің тұсаукесерінен соң, көкейде қал­ған кейбір сауалдарға жауап із­деп, режиссерге қоңырау шал­дық.

– Фильм әлі толыққанды көрерменге жеткен жоқ. Дегенмен «Балуан Шолақтың» премьерасынан кейін бәріміздің көңілімізде балуанның Ғалияға махаббаты ашылмай қалды-ау деген ой қалғаны рас. Бұған қалай қарайсыз?

– Бұл фильм о бастан махаббатты көрсетуді мақсат тұт­қан жоқ. Әрі Қажымұқан секілді алып балуандығын көрсету де мұрат болмады. Рас, Балуан Шолақ өте мықты кісі бол­ған. Балуандығы, өнерпаздығы, әншілігі, композиторлығы – бір басына жетерлік қасиеттің бәрі бар. Оның бәрін бір фильмде көрсету мүмкін емес. Бұл жөнінде редколлегияның отырысында да арнайы талқылаудан өткіздік. Әрі сценарий авторы Дулат Исабековпен келіскеніміздей, біз кейіпкеріміздің адами болмысын, ұлттық характерін, елге-жерге махаббатын беруге тырыстық. Ғалияның, Балқаштың бейнесіне көп тоқталмағанымыз да сондықтан.

– Балуан Шолақтың бейнесіне Еркебұлан Дайыровты таңдау режиссердің өз ұсынысы ма? Байқасаңыз, соңғы кездері тарихи фильмдерге Дайыров жиі түсіп жүр. Көпшілік Балуан Шолақты емес, Дайыровтың бейнесін қабылдап кетпей ме? Негізінен әр фильмде жаңа бір тұлғаларды шығару қажет деп ойламайсыз ба?

– Біз о баста кастинг өткізген кезде Еркебұланның «Ал­мас қылышқа» жаңадан түсіп жүрген кезі еді. Ханның об­ра­зында көпшілікке әлі таныла қоймаған. Оған дейін біз оны сериалдардан жиі көріп жүрдік. Бауыржан Мо­мышұлының бейнесін сомдады. Әрине, Балуан Шо­лақ­тың рөліне ел арасынан тауып, қарапайым адамдарды да шақыруға болар еді. Бірақ бізге портреттік образ керек болды. Ол жағынан келгенде Еркебұлан Дайыровтың бейнесі көптің көңілінен шығатынына сендік. Әрі кастинг кезінде актерлерге сценарий беріледі. Әрбір адам қолына тиген сценарийді қалай оқып шығатынын байқайсың. Сондай сәттерде өзгелерге қарағанда, Еркебұланның сөздері ірі, сенімдірек шықты. Балуанның бейнесі дегенде, көпшілік тау тұлғалы, алып денелі, ірі адамды елестетеді ғой. Сол үшін актерге 15 келі салмақ қосуға тура келді. Актер­лік шеберлік деңгейі тұрғысынан келсек, Дайыров се­кілді шебер ойнайтын актер көп емес. Мүмкін бар да шы­ғар, дегенмен Еркебұланға Балуан Шолақтың рөлі таң­сық емес. Бұған дейін театр сахнасында қойылған «Жау­жүректе» балуан рөлін ойнап, көрерменге жақсы таныс бо­­лып қалған. Сондықтан оған кейіпкердің ауылы алыс емес.

– Демек, ешқандай таныстық рөл ойнаған жоқ қой?

– Бұл – менің өз таңдауым. Әрі көркемдік кеңесте де басты кейіпкерге Еркебұланды бекітті.

– Соңғы жылдары көркем туындыда экшн, компьютерлік графика жиі қолданылып жүр. «Балуан Шолақтан» да осы элементтерді көбірек байқаған секілдіміз. Экшн, драма, юмор – бәрі бар. Дегенмен кей тұстарын көбірек «әсірелеп» жіберген жоқпыз ба?

– Шыны керек, бұл фильм коммерциялық мақсатта түсірілген жоқ. Әрі авторлық та фильм емес. Менің о бастағы мақсатым – ұлттық фильм түсіру болды. Осы тұрғыдан келгенде, фильм үдеден шыққан секілді. Ал экшн жанрына келсек, көрермен қазір осындай элементтерді ұнататыны жасырын емес. Монтажды да, графиканы да сол себепті қолдандық. Балуанның Шолақ саусағын түсіру қиын болды. Оған графиканы пайдаланбасақ, тағы болмайды. Ал қалғаны – шынайы түсірілген кадрлар. – «Балуан Шолаққа» қалай келдіңіз? Байқасақ, бұған дейін көркем туынды түсірмеген екенсіз. Ә дегеннен тарихи фильм түсіру режиссерге салмақ болмай ма? – Балуан Шолақ туралы фильм түсіру ерте кезден арманым еді. Себебі, 1998 жылы Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясының деректі фильм режиссурасына оқуға түстім. Сол кезде курстық жұмыстарды түсіріп жүріп, балуан атамыз туралы қызықты деректерге тап болдым. Одан ары қарай, Мәскеуге Жоғары мемлекеттік кино институтына оқуға түстім. Оны бітірген соң, Алматыға қайта келдім. 2011 жылы М.Әуезов театрында «Жаужүрек» спектаклі қойылды. Бұл спектакль Балуан Шолаққа махаббатымды қайта оятты. Жазушы Дулат Исабековке барып, фильм түсіру туралы ойымды айтып едім, ол кісі қарсы болған жоқ. Жазушымен бірігіп отырып, киносценарийін дайындадық. Дайын сценарийді Қазақфильмге ұсындық. Осылайша, фильмді түсіруге мүмкіндік алдық.

– Фильм Татьянаға оқ тиген тұсымен аяқталады. Бізге керісінше, кино аяқталмай қалғандай әсер қалдырды. Мүмкін, мүлдем бөлек түйін жасау керек пе еді?

– Фильмнің түйі­нін ашық қалдырғым келіп еді. Татьянаны өлтіру тіптен ойымызда болған жоқ. Негізі, Татьяна тірі қалған адам. Қазақ елі туралы, қазақтың болмысы туралы жазбалар жазған. Сол себепті де, соңын басқаша аяқтасам деген ойым жүзеге аспады.

– Жазушы Естай Мырзахметовтің жазбасында Балуан Шолаққа оқ тиіп, үш жыл бойында іштегі қорғасын оқпен жүргенін әрі оны ешкімге айтпай, құпия ұстағанын мысалға келтіреді. Тіпті оқтан өлгенін намыс көрген екен. Осы бір эпизодты фильмге қосқанда, түйіні мүлдем бөлек өрілер еді. Қалай ойлайсыз?

– Бұл деректер нақты ма, жоқ па, белгісіз. Оның өзі ауызша жетті. Шын мәнінде, солай болған-болмағанын білмейміз. Егер біз фильмнің соңын осылай аяқтасақ, көрермендер қалай қабылдайды? Шынайы тарихтан ауытқып кетпейміз бе деп қорықтық. Шын дерегін білетіндер қалай қабылдайды? Сол себепті де, Балуан Шолақтың осы бір жеңісімен аяқтағым келді.

– Фильмді қарап отырсақ, балуанның ірілігін көрсететін диалогтар өте көп. Жалпы, тарихта болған адамның өмірін көркем туындыға арқау ету оңай емес. Балуанның ұрпақтары бар дегендей. Бұл фильмді олар қалай қабылдар еді?

– Әу баста фильмді түсірмес бұрын балуанның ұрпақтарының алдынан өттім. Рұқсатын алуды мақсат тұтқаным рас. Өйткені өзіңіз айтқандай, тарихта болған кейіпкерді түсіру, деректі фильм емес, көркем дүниеге айналдыру оңай болмасы анық. Балуанның мінез-құлқына, болмысына байланысты ағайын-тумаларымен сөйлесіп, кеңес сұрап, ақылдасып отырдық. Шөбересі Шайдолла Шолақовпен да жиі жолығып тұрдық. «Кеңесіп пішкен тон келте болмайды» демей ме? Сондықтан фильмді көрген көрермен өзі баға бере жатар.

P.S. «Балуан Шолақ» – Нұргелді Садығұловтың «тұңғышы». Режиссердің ендігі арманы – Сабыр Рахимовты түсіру. Балуан Шолақ туралы түсірілген фильм әлі көрерменге жете қойған жоқ. Дегенмен режиссердің тырнақалды туындысы көптің көкейінен шы­ға­ры­на сенім мол. Бастысы, мұнда қазақ­ы қалып, туған жерге деген пер­зенттік парыз, ұлттық болмыс, ірі­лік бар. Ұлтты сақтаған ұлы тұл­­ғалардың ұлт жолындағы күрес­керлік өмірін суреттеуге ты­рыс­қан. Көркем табиғат пен адами қа­сиеттер үйлескен тұста шынайы туын­ды дүниеге келері анық.

Гүлзина БЕКТАС