Кеденде ірі жемқорлық топ құрықталды
Кеденде ірі жемқорлық топ құрықталды
231
оқылды
Ұлттық қауіпсіздік комитеті салмақты арнайы операция өткізді. Оның барысында бірнеше кеден бекетінде 20-дан астам лауазымды тұлғаның қолына кісен салынған. Кеден қызметінің өкілдерін ұстау мезеті бейнеленген видеороликті комитеттің өзі жариялады. Ұсталғандар сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыс жасады деген күдікке ілініп отыр. «ҰҚК қызметкерлері жедел комбина­ция­ларды жүзеге асыру және жедел-тергеу іс-шараларын жүргізу аясында бірқатар ке­ден бекеттерінің заңсыз қаражат алып келген 20-дан астам қызметкерін ұстады. Олар қыс­қа мерзім ішінде миллиондаған теңгеге, ондаған мың долларға және ірі көлемде басқа да валюталарға қол жеткізген» дейді өкілеттік.   Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызмет­керлері Алматы және Түркістан облыстарын­дағы кеден бекеттерінде жұмыс істеген жиыр­мадан аса қызметкердің жұмыс орнын­да және үйлерінде тінту жүргізіпті. Оның барысында үлкен сомада қаражаттар тәркі­ленді. Нақты сомасы айтылмады, бірақ теңгеде ғана емес, доллар, рубль және қыр­ғыздың сомы да табылған екен. Жария етілген ресми бейнеролик «Шекарадағы интеграцияға төнген қатер» деп аталады. Онда бұл қылмыс желісінің трансұлттық сипатта болғаны айтылған. «Іс-шаралар барысында жемқор лауа­зымды тұлғалар анықталды, олар Қытайдан Өзбекстан және Қазақстан арқылы тран­зитпен ары қарай сапарлайтын жүк авто­көліктерін кедергісіз өткізіп жіберу үшін жү­йелі түрде пара алып келген. Атап айтқан­да, кеден, фитосанитарлық, ветеринарлық, көлікті бақылау органдарының лауазымды тұлғаларының заңға қайшы қызметі құжат­талды», – деп мәлім етті ҰҚК. Комитет Алматы облысындағы «Нұр жо­лы», «Қалжат» және Түркістан облысының Б.Қонысбаев атындағы өткізу бекеттеріндегі кеденнің, сондай-ақ фитосанитарлық, вете­ринарлық және көлікті бақылау қызмет­те­рінің қызметкерлеріне қатысты сотқа дейінгі істі қарауды бастады. Құзырлы органдар ке­дендегі жүйелі коррупцияға және контра­бандаға қарсы іс-қимыл жалғасатынын жеткізді.  

Ерік ЕРДЕНОВ