Қамданған қапы қалмайды
Қамданған қапы қалмайды
229
оқылды
Коронавирустың қашан аяқ тартарын ешкім дөп басып айта алмайды. Әзірге түрлі болжам ғана жа­са­лып жатыр. Сондықтан халықты   күнделікті тұ­­­т­ына­тын тауарлармен қамтамасыз ету – кезек күт­тірмес мә­селе. Бұл ретте «Қарапайым заттар эко­номикасы» бағдарламасы арқылы  көп мәселені ше­шуге болады. 2018 жылы Үкімет қаулысымен  бе­кітілген  бағдарлама импорттық әлеуметтік маңыз­ды азық-түлік тауарларын жергілікті өніммен ал­мастыруды көздейді. Бұл бүгінгі таңда өте өзекті мә­селе. Күнделікті өмірімізге қажетті тауарды сырт­тан жеткізу мүмкін болмағанда, оның ор­нын  отандық  өнім алмастыруға  дайын тұрса дейсің.  

Бағдарлама жөнінде бірер сөз

Бағдарлама 2018 жылы бекі­тілді, алайда несиеге өтініштер 2019 жылдың наурызында ғана беріле бастады. Сөйтіп, былтыр күзде бағдарлама шеңберінде 209 кәсіпкерлік субъектісі несиеге қол жеткізді деген ақпар тарады. Оның 55-і жаңадан ашылған кәсіпорын болса, қалғаны бизнесін кеңейту мен жаңғырту үшін несие алды. Осылайша елімізде киім-кешек (күрте, костюм, жейде, аяқкиім, арнайы жұмыс киімдері және т.б.), азық-түлік өнімдері (макарон өнім­дері, нан-тоқаш өнімдері, ет және шұжық өнімдері, сүт өнім­дері, кәмпиттер және т.б.), химия өнеркәсібі өнімдері (тыңайт­қыш­тар), құрылыс материалдарын (кірпіш, цемент) шығаруға және қызмет көрсету саласының нысан­дары, яғни балабақша, мектепке дейінгі мекеме, шипажай, қонақ үй, оңалту орталықтарын салуға несие берілді. Мемлекет басшысы биыл 31 нау­рыздағы мәлімдемесінде бағ­дарламаны жүзеге асыру үшін әу баста қарастырылған 600 млрд теңгеге 400 млрд теңге қосып, ШОБ-ты қолдау үшін бөлінетін қаржыны 1 трлн теңгеге жеткізуге тапсырма берді. Осы соманың 700 млрд теңгесі агроөнеркәсіп кеше­нінің өңдеу және өндіріс жұмыс­тарына, 300 млрд теңге өңдеу өнер­­кәсібі мен қызметтерге ба­ғыттауды тапсырды. 100 млрд теңге көктемгі егіс жұмыстарын қаржы­ландыруға жұмсалмақ. АӨК-де өндірісті және қайта өңдеуді не­сиелендірудің жаңа операторы – Аграрлық несие корпорациясы қосылды. Бұған дейін екінші дең­гейлі банктер арқылы берілген не­сиені енді Аграрлық несие кор­порациясынан да алуға болады. Екінші деңгейлі банктерден қаржы алу үшін құжаттар пакетін дайын­дауға «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры қолдау көрсетеді. Қор фи­лиал­дары барлық өңірде және ірі қалаларда жұмыс істейді. Кәсіп­кер­лерді қолдау мақсатында 1408 қысқа нөмірі бойынша бірыңғай Call-қолдау орталығы іске қо­сылды. «Даму» тарапынан несие­лерді субсидиялау онлайн режимде электрондық үкімет (E-gov) және Online Damu платформалары арқылы көрсетіледі.  

Баяғы жартас – бір жартас

Ұлттық аграрлық ғылыми білім беру орталығының басқарма төра­ғасы Төлеутай Рахымбековтің ай­туынша, бағдарлама өте жақсы жа­салған. Алайда оны жүзеге асы­ру кезінде шикілік шығуы мүмкін. «Қарапайым заттар эконо­ми­касы» бағдарламасы шеңберінде бөлінген қаржы ауылдағы кәсіп­кер­лер үшін қолжетімді деуге кел­мейді. Себебі бұл несиені Аграрлы несие корпорациясынан алу үшін ауылдағы фермер болсын, басқа саладағы кәсіпкер болсын, облыс орталығына баруы керек, екінші­ден кепілдік проблемасы әлі де өзекті. Мысалы, елордамыздан 50-60 шақырым жердегі үйлер 3-5 млн теңге тұрса, одан ары тағы 50-60 шақырымда орналасқан ауыл­дардағы үйдің бағасы – 200-300 мың теңге ғана. Алтын жалатылған үй болса да – сол баға», – дейді ол. Төлеутай Сатайұлы АНК да, екінші деңгейлі банктер де мал мен жерді кепілдікке алуға құлықты емес екенін айтады. Алса да на­рықтағы құнының 10 пайызына ғана бағалайды екен. Мысалы, 1 млн тұратын малды 100 мың деп бағалайды. Себебі бұл мал ертеңгі күні өліп қалады деп тәуекелге бармайды екен.    width= Оның айтуынша, бүкіл мем­лекеттік қолдау шаралары фер­мердің үйіне өзі жетуі керек. Сонда коррупция да азаяды. «Бағдар­ламалар жақсы, тарихта болмаған ақша бөлініп жатыр, ал меха­низ­міне күмәнім бар» дейді ол. Ол бұл түрімізбен ауыл шаруа­сына несиені жеткізе алмасақ, азық-түлік дағдарысына тап ке­луіміз мүмкін деп санайды. Себебі, республикалық маңызы бар үш қала күшейтілген карантин режи­мінде. Басқа қалаларға да карантин енгізіліп жатыр. Сол қалалардың халқын азық-түлікпен қамтамасыз ету проблемасы шығуы мүмкін. «Қытай жабық, Өзбекстан, Қырғыз, Түркия мен Иранмен шека­ра жабық, азық-түлікті қай­дан аламыз? Біреулер халық Алматыдағы «Есентай молл» мен елордадағы «Керуеннен» тамақ алады деп ойласа, қатты қателеседі. Ол жерден қала халқының 10-15 пайызы ғана азық-түлік алатын шығар, ал 80-85 пайызы базардан алады. Карантин 2-3 айда тоқтар, ал ол туындатқан экономикалық, әлеуметтік проблеманы жоюға 2-3 жыл кетеді», – дейді ол. Оның айтуынша, қазіргі дағ­дарысты 90-95 жылмен салыс­тыруға болмайды деген сарапшы, ол кезде ауыл қалаға қолдау жа­сады. Себебі ол кезде ауылдың жағдайы жақсы еді, ал қазір ауыл­дың өзіне көмек керек. Сондықтан бағдарлама арқылы берілетін не­сиені ауылдағы кәсіпкер үшін қолжетімді етуді әлі де жетілдіре түсу керек. Бөлінген қаржы дұрыс жетпесе, проблема туындайды Ал экономист Сапарбай Жо­баев азық-түлік үшін алаңдаудың керегі жоқ деп санайды. «Біз халық тұтынатын азық-түліктің 80 пайызын өзіміз қамта­масыз етіп отырмыз. Нан, нан өнімдері өзімізден шығады. Егін егу де басталып кетті. Коронавирус келді екен деп, сиыр сүт бермей қоймайды, егін шықпай қоймайды. Бұл жұмыс өз жөнімен жүріп жатыр. Бізде проблема неден болуы мүмкін? Бөлінген қаржы дұрыс жетпесе, сол кезде проблема туындайды», – дейді ол. Экономистің пікірінше, Еура­зия экономикалық одағы өзара келісімге келді, шетелден келетін шикізат жеткізуде проблема бол­майды, себебі салыққа жеңілдіктер жасалды. «Импорт тауарларға салына­тын кедендік алымды да алып тас­тадық. Алдағы уақытта дүкен­дерімізде Беларусь пен Ресейдің сүт өнімдері қайта көбейеді. Ол сүттің бағасы отандық сүттен арзан болуы да мүмкін. Бұл, әрине, отандық өндірушілер үшін минус болғанымен, дүкен ассортиментін толтыру үшін плюс», – дейді Сапарбай Жобаев. Десе де, экономист сөзінен отан­дық азық-түлік тауарын өндірушілер үшін шетелдік өнім­мен бәсекеге түсу оңай соқпасын байқауға болады. Соған қара­мастан, Сапарбай Досанұлы опти­мист болжам жасап отыр. «Ел экономикасындағы жалпы ішкі өнімнің 25 пайызы мұнай мен газға байланысты, мұнай бағасы 30-35 доллар деңгейінде болса, жалпы ішкі өнімнің 20 пайызы 4-5 пайызға азаяды. ЖІӨ-нің бестен бірінің 5 пайызға азайғаны жалпы 100 пайыздың 1 пайызы ғана бо­лады. Бұл анау айтқандай кризис емес», – дейді сарапшы. Оның сөзіне сенсек, ШОБ-тың ішінде туризм, мейрамхана, көлік салалары біраз қиналады. Адамдар қазіргідей карантин кезінде атал­ған салалардың қызметін тұтын­байды. Бізде ЖІӨ-нің ішінде қыз­меттердің үлесі көп емес, 50 пайыз шамасында. Еуропада – 70-80 пайыз. Егер Еуропада қызмет көрсету саласы жұмысын тоқтатса, олар шығынға батады. Ал бізде қатты әсер етпейді. «Әрине, аздап әсері тиюі мүмкін, бірақ экономи­камызды тұралатып қоярдай әсері болмайды», – дейді ол.   Түйін: Сөз басында айтқаны­мыз­дай, «Қарапайым заттар эко­номикасы» бағдарламасын тиімді пайдалану күнделікті тұтынатын азық-түлікпен, тауарлармен қамта­масыз етуге, бағасын қолжетімді етуге мүмкіндік береді. Ол үшін бағдарлама шеңберінде берілетін несиенің қолжетімділігін арттыру керек-ақ. Бастысы – несие таға­йындау кезінде «бармақ басты, көз қысты» әрекетке жол берілмесе... Әрине, қос сарапшының бірі азық-түлік тапшылығын болжаса, екін­шісі ондай қауіп жоғына мысал кел­тірді. Оны уақыт көрсете жатар. Бір білеріміз, қамданған қапы қалмайды.  

Халима БҰҚАРҚЫЗЫ