Сан құбылған баға
Сан құбылған баға
291
оқылды
Нарықта бензин бағасы шарықтап кеткен кезде, көлік иелері газға көше бастады. Бүгінгі таңда газбен жүретін көлік көбейді. Ал үйін жылытып, тамағын осы «көгілдір отынмен» пісіріп отырғандар да жеткілікті. Дегенмен өңірлерде газ бағасы әртүрлі. Кейбір облыстарда айырмашылық он есеге дейін жетеді. Мұның себебі неде? Үкімет төтенше жағдай кезінде көгілдір отын құнын қалай реттемек? Елімізде мемлекеттік реттеуді енгізу арқылы төтенше жағдай кезінде авто­көліктерге арналған сұйытылған газдың бағасы тұрақтандырылады. Бұл туралы Энергетика министрлігі мәлім етті. Президент жанындағы төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссия отырысында Энергетика министрлігіне Ұлттық экономика және Әділет министрлік­терімен бірлесіп, автогаз құю стансала­рындағы сұйытылған мұнай газын сатуға арналған уақытша мемлекеттік бағалық реттеу енгізу шараларын қабылдау тапсырылды.
– Егер бұрын жанар-жағармай құю стансаларындағы сұйытылған мұнай газына бағаны нарық реттесе, енді төтенше жағдай енгізілгеннен кейін Энергетика министрлігі облыс әкімдік­терімен бірлесіп, барлық 2 165 жанармай құю бекеттеріндегі ең төменгі және ең жоғары бағаларды талдап, мемлекет реттейтін бағалық шектеулерді орнатты. Әр аймақтағы баға логистикалық шығындарға, зауыттардың география­лық жақындығына, жанар-жағармай стансаларының санына, тұтынушыларға және тағы басқаларға байланысты. Тұ­тастай алғанда, Қазақстанда сұйы­тылған мұнай газының орташа бағасы 8 пайыз төмендейді, – деді министрлік өкілдері.
Сонымен қатар АМӨЗ сақтау пар­кінен сұйытылған мұнай газының өткізу бағасы тоннасына 62 мыңнан 56 мың теңгеге дейін төмендеді. Үш министрліктің бірлескен бұй­рығы 2020 жылдың 1 сәуірінде ашық нормативтік құқықтық актілердің интернет-порталында орналастырылды. Қазіргі уақытта құжат бекітілді және Әділет министрлігіне мемлекеттік тір­кеуге жіберілді. Бұл жұмыс өз нәтижесін берсе жақсы. Олай деуге негіз бар. Әр аймақта баға әртүрлі. Бірізділік жоқ. Баға неге тұрақсыз? Еліміздегі әр аймақта газ бағасы әртүрлі. 2018 жыл­дың 1 қаңтарынан бастап сұйытылған мұнай газдың шекті көтерме бағасы 34,319 теңгеден 38,701 теңгеге дейін кө­терілді. Энергетика министрлігі мәлі­метінше, шекті бағаны айқындау қағидаларына сәйкес сұйытылған мұнай газдың бағасы тоннасына 52 538,27 теңгені құрауы тиіс еді. Алайда министрлік ішкі нарықта сұйытылған мұнай газының шекті бағасын бекіткен деңгейінде ұстап тұруда. Осыған байланысты газдың шекті көтерме бағасы 38,701 теңгені құрады. Бағаның өсуі әлемдік бағаның өсуі­нен туындаған, өйткені сұйытылған мұнай-газдың көтерме бағасы ха­лықаралық нарықта баға белгіленім­де­ріне тәуелді.
«Газ және газбен жабдықтау туралы» заңына сәйкес, Энергетика министрлігі Ұлттық экономика министрлігімен келісім бойынша сұйытылған мұнай газына тоқсан сайын шекті көтерме бағаны бекітеді. Ол Қазақстанның бүкіл аумағында қолданылады. Сондай-ақ газ желісі ұйымдарымен ұсынатын өтінім­дер негізінде Энергетика министрлігі ай сайын сұйытылған мұнай-газ беру жоспарын бекітіп отырамыз деп те айтты. Нарық заңдылығына сәйкес қазір баға 56 мың теңгеге жетті.
Дегенмен баға тұрақсыз. Әр аймақ­тағы газ тұтынушыға әртүрлі бағамен сатылуда. Бұл қарапайым халықтың құқығына қайшы болса керек. Айтайын дегеніміз, заңнамаға сәйкес, газ тасы­малдаушы монополист «ҚазТрансГаз» ұлттық компаниясы тұтынушыларға тауар мен қызметтерді тең дәрежеде ұсынуы тиіс болатын. Әрине, «көгілдір отынды» тасымалдау шығындарын санасақ, бағаның біршама шарықтай­тыны белгілі. Алайда кейбір облыстарда газдың бағасы он есе қымбат. Неге? Мұнын бәрі делдалдардың ортада жүріп, бағаны өсіруінен болса керек. Қазір мұнайлы-газды Маңғыстау айма­ғының өзінде «көгілдір отынның» баға­сы сан құбылады. Ал газды тасымалдап отырған аймақтардағы баға қараусыз кеткен бе дерсіз. Айта кетер тағы бір жайт, қазіргі кезде Қазақстанда өндірі­летін газдың 90 пайызы – ілеспе газ, яғни мұнаймен ілесіп, бірге келетін шикізат. Бүгінде оның 30 пайызы қы­сым­ды ұстау үшін қайта жердің астына жіберілсе, 15 пайызын кәсіпорындар өз пайдасына жаратады. Ал қалған 55 па­йызы тауарлық газға айналып, нарыққа сатылады екен. Болжам бойынша 2024 жылға қарай газ тапшылығы мәселесі туындауы әбден мүмкін. Алайда Қазақстанның қазіргі және болашақ ресурстарын есептесек, біз ол мәселені оп-оңай еңсере алады екенбіз. Әрине, әлемді пандемия кезіп жүр­генде, бұл жасалып жатқан баға реттеу жұмыстары керек-ақ. Бірақ бұл жұмыс­тар алдағы уақытта да өз үлесін беріп, газ бағасын тұрақтандыруға септігін тигізеді деген сенімдеміз.  

 width=    Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ