Икер Касильяс инфаркт алып қалды
Икер Касильяс инфаркт алып қалды
352
оқылды

«Реал» мен «Барселона» клубы қақпашының тезірек сауығып кетуін тілеп, хабарлама қалдырған

«Порту» клубының қақпашысы Икер Касильяс команда базасында өтіп жатқан жаттығу кезінде инфаркт алып қалған.

Испан қақпашысы дереу ауруханаға жеткізіліпті. Мәліметтер бойынша қазір оның жағдайы бірқалыпты. Өміріне төніп тұрған қауіп жоқ.

Жаттығу жасау кезінде ол кеуде тұсының жайсыздығын сезінген. Енді маусым соңына дейін қақпашы алаңға шықпайды. Шетелдік БАҚ мәліметінше Касильясқа хирургтер көмек көрсеткен (катетеризация).

Қақпашы португалиялық клуб сапында 2015 жылдан бері өнер көрсетеді. Оған дейін мадридтік «Реалдың» намысын қорғаған. 20 мамырда аңыз қақпашы 38 жасқа толады.

Голкипердің португалиялық клубпен келісімшарты бір жылға жасалған. Осы маусымда ол ел чемпионатында 31 матчқа қатысып 19 гол жіберді. Чемпиондар лигасында 10 мәрте алаңға шығып, «Портудың» ширек финалға дейін жетуіне көмектесті.

«Реал» мен «Барселона» клубы қақпашының тезірек сауығып кетуін тілеп, хабарлама қалдырған.

 «Касильяс өз карьерасы барысында біздің кез келген қиындықты жеңіп, клубтың биік жетістікке жетуі үшін барын салды. «Реал» біздің мәңгілік капитанымызға мықты денсаулық тілейді» делінген хабарламада.

«Барселона» өз тілегін Твиттер желісі арқылы білдіріпті: «Мықты болып қал, Икер Касильяс! Сенің тезірек тәуір болып кетуіңді тілейміз!» делінген.


Еске салсақ, қақпашы «Реалмен» үш рет Чемпиондар лигасын, екі рет Испания кубогын және бес рет Испания чемпионатын жеңіп алған. Ал Испания құрамасымен екі рет Еуропа чемпионатында және бір рет әлем чемпионатында топ жарды.