Ассамблея – бейбітшілік пен келісімнің шынайы шырақшысы
Ассамблея –  бейбітшілік пен келісімнің шынайы шырақшысы
882
оқылды

Қазақстан үшін тұрақтылықты, этноса­ралық келісімді қамта­масыз ету – мемлекет­тік саясаттың маңызды басымдықтарының бірі. Тәуелсіздіктің алғаш­қы жылдары беделді халықаралық сарапшылар Қазақ­стан­ның этностық және діни қақтығыстар салдарынан ыдырап кетуі мүмкін деген болжамдар айтқанын көпшілік ұмыта қойған жоқ. Бірақ мұндай пессимистік болжам­дар орындалған жоқ.

Қазақстан Республикасының Тұң­ғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың саяси ерік-жігері халық бірлігін қам­тамасыз етуге бағытталды.
Бұл саясаттың өмірде іске асы­рылуы қоғамдық келісім мен жал­пы­ұлт­­тық бірліктің қазақ­стандық мо­делінде көрініс тауып, ол халықаралық тұрғыдан мо­йындалды. 
Оның бірқатар айрықша ерек­шеліктерін атап көрсеткен жөн. 
Біріншіден, ҚР Конститу­ция­сында этносаралық және кон­фес­­сияа­ралық қатынастар саласын то­лықтай реттейтін нормалар бар. 
Ол «біз, Қазақстан халқы» де­ген сөздерден басталады, бұл әуел бастан-ақ елдің барлық азама­тының ортақ идеясын білдіру үшін жазылған. Бұл ретте бізде аз ұлттар ұғымы қолда­нылмайды. Біз біргеміз, біртұтаспыз және үлкен ұлт немесе кіші ұлт деп бөлінбейміз. 
Негізгі заңның 1-бабында Қа­зақ­стан Республикасы қызметінің негізгі принциптерінің бірі «қо­ғамдық келісім» деп жария етілді.
Барлық азаматтың, олардың ұлты­ның қандай екеніне қара­мастан, құқықтары мен бостан­дықтарының теңдігі бекітілген. 
ҚР Конституциясының 39-бабын­да, 2-тармақта «ұлта­ралық және конфессияаралық татулықты бұзатын кез келген әрекет конституциялық емес деп танылады» делінген.
Екіншіден, мемлекет ұлттық саясаттың ойластырылған стра­тегиясын іске асыра отырып, дә­йекті түрде этносаралық қаты­настар саласындағы тұрақты­лықтың кепілі. 
Бұған мына фактілер дәлел бо­ла­ды: Тәуелсіздіктің 26 жылы ішінде тек ҚХА қызметіне қатыс­ты мәселелер бойынша Консти­туцияға, «Қазақстан халқы ассам­б­леясы туралы» заңға екі рет тү­зетулер қабылданды. Прези­дент­тің 10-нан астам Жарлығы шық­ты. ҚХА-ның ортамерзімді кезеңге ар­налған (2011 жылға дейін) страте­гия­сы іске асырыл­ды, Қазақстан хал­қы ассамб­лея­сының 2025 жылға де­йінгі даму тұжырымдамасы қабылданды.
Бұдан басқа, мемлекеттік біре­гей­лікті қалыптастыру тұжы­рымдамасы, «Этносаралық және конфессияаралық келісімнің қазақстандық моделін же­тіл­ді­рудің 2006-2008 жылға арналған бағдарламасы», басқа да құжаттар әзірленіп, іске асырылды. 
Үшіншіден, Елбасының саяси ерік-жігерінің арқасында этни­калық және діни қатыстылығына қарамастан, азаматтық тең құ­қықтылықтың нақты институ­ционалдық тетіктері құрылып, жетілдіріліп келеді. 
Негізгі институт – 1995 жылы кон­сультативтік-кеңесші орган ретінде құрылған Қазақстан хал­қы ассамб­леясы. Оны құру идеясын Елбасы Н.Назарбаев 1992 жылы өткізілген Қазақстан халықтарының 1-ші фо­румында жария еткен болатын. 
2007 жылғы конституциялық ре­форма ассамблеяны консти­туциялық мәртебесі бар мекеме ретінде бекітті. 
Ассамблеяға кепілді түрде парла­менттік өкілдік қамтамасыз етілді, ал ол сайлайтын Мәжіліс­тің 9 депутаты Қазақстанның этни­ка­лық топтары мүдделерінің бар­лық жиынтығын құрады. ­Мә­жі­лістің қазіргі шақы­ры­лымында 31 адамнан тұратын ҚХА депу­тат­тық тобы жұмыс іс­тейді, оған Парламенттегі бар­­лық партия өкіл кіреді. Облыстық мәслихаттарда да осындай топтар құрылған. 
2008 жылғы қазанда «Қазақ­стан халқы ассамблеясы туралы» заң қабылданып, қызметін нор­мативтік-құқықтық реттеуді, орталықтағы және өңірлердегі институционалдық верти­каль бірлігін қамтамасыз етті. 
Төртіншіден, ҚХА құрылған сәті­нен бастап қанатының астын­да елеулі қоғамдық инфрақұ­рылымды қалып­тастырып, бірік­тірді. 
Бүгінде ассамблея қамқор­лы­ғы­мен 1025 этномәдени бірлестік (ЭМБ) жұмыс істейді, оның 28-і респуб­ли­калық мәртебеге ие. ЭМБ активі – 
348 мың адам. 
Елімізде 40 Достық үйі, Ал­маты қаласында – Республикалық Дос­тық үйі ассамблеяның көп функ­цио­налды ресурс орталығы ретінде жұмыс істейді. 
2009 жылы Елбасы тапсыр­масы бойынша ҚХА Ғылыми-сараптамалық кеңесі (ҚХА ҒСК) құрылды. Оның құрамында 52 ға­лым, зерттеу инсти­тут­тарының басшылары мен қоғам қайрат­кер­лері бар. Барлық өңірде ғы­лыми-сараптамалық топтар құры­лып, олардың қызметіне 300 ғалым мен сарапшылар тартылған. Бұл топ­т­ар үшін өңірлік жоғары оқу орын­дары ғылыми база болып саналады. 
Қазақстан халқы ассамблеясы кафедраларының қауымдастығы құрылды. Еліміздің жетекші жо­ғары оқу орындары мен колледж­дерінде ҚХА 42 кафедрасы жұмыс істейді, жастарды мемлекет жүр­гізіп отырған этносаясат рухында оқытуды қамта­масыз етеді.
Барлық өңірде ассамблея қамқор­лығымен облыстық, қала­лық, аудан­дық және ауылдық деңгейлерде, сон­дай-ақ ірі кәсіп­орындардың ұжым­да­рында 3 014 Қоғамдық келісім кеңесі және 1 753 Аналар кеңесі құрылған. Олар жергілікті жерлерде, халық­тың өзекті мәселелерін шешуге, соның ішінде қақтығыстардың алдын алу саласында белсенді қатысады. 
ҚХА қызметінің бір бағыты – қо­ғамдық келісім саласында ме­диа­ция­ны дамыту. Инклюзивті же­ліге 1 рес­пуб­ликалық және 32 өңір­лік кеңес, сон­дай-ақ 628 ме­диация кабинеті кі­реді. ҚХА ме­диа­торларының саны – 863.
Ассамблея қайырым­дылық­тың дамуына жәрдемдеседі. Жыл сайын қайырымдылық ұйымдары мен донор­ларының жалпы рес­публикалық нау­қаны мен «Қайы­рымдылық керуені» форумы өткізіледі. 2018 жылы ел бойынша 17 мыңнан астам қайырым­дылық іс-шара өтті, 400 мыңнан астам адамға жалпы сомасы 10,4 млрд теңгеге тең көмек жасалды. 
2017 жылы меценаттық және қа­йы­рымдылық қызметін дамы­туға сі­ңір­ген еңбегі үшін «Жомарт жан» төс­белгісі тағайындалды. 2017-2018 жыл­дарда бұл төсбелгі 78 меценатқа табыс етілді.
2011 жылы «Қазақстан халқы ассамб­леясы кәсіпкерлерінің қа­уым­дастығы» құрылған болатын. Оның республиканың барлық өңі­рінде өкілдіктері бар. Қауым­дас­т­ықтың қыз­меті бизнес-жо­баларды қолдауға, инновация­ларды, жаңа технология­ларды, инвестицияларды тартуға және енгізуге, кәсіпкерлік топтарды шоғырландыруға бағытталған.
ҚХА журналистерінің респуб­ли­калық және өңірлік клубтары жұмыс істейді. Олардың құрамын­да респуб­ликалық БАҚ өкілдері, блогер­лер мен этносаралық қаты­настар са­ла­сының сарапшылары бар. 2017 жыл­дан бастап ассамб­леяның жа­ңартылған көп функ­ционалды assembly.kz веб-порталы іске қосылды.
2018 жылдың наурыз айында ҚХА «Жаңғыру жолы» респуб­ли­калық жастар қозғалысы құрыл­ды. Барлық өңірде этномәдени бірлестіктердің 135 жастар қана­тын біріктіретін өңірлік штабтары, 22 мыңнан астам белсенді мүше­лері тіркелген.
Бесіншіден, этностардың мә­де­ниетін, тілдері мен дәстүрлерін дамыту үшін барлық мүмкіндік жасалған.
Ұлттық театрлар: ұйғыр, ко­рей, неміс, өзбек театрлары та­быс­ты еңбек етуде. Алғашқы үшеуі 2017 жылы «академиялық» мәртебеге ие болды. 
Республикада этномәдени бірлес­тіктердің 52 БАҚ-ы тіркел­ген. Ең ірі республикалық газеттер мемлекеттің қолдауымен жарық көреді.
Қазақстандық этностардың мәде­ниетін, дәстүрлері мен тіл­дерін дамы­туға қолдау көрсету үшін мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс бөлінеді.
Осылайша, Қазақстанда этноса­ралық келісімді қамта­ма­сыз етудің тиім­ді саяси-құқықтық және инсти­туционалдық-бас­қарушылық жүйесі қалыптасты. 
Бүгінде елдегі этносаралық қаты­настар тұрақты. Әлеуметтік монито­ринг деректері бойынша, респондент­тердің 93%-ға жуығы өзара достықты қолайлы және тыныш деп бағалайды, осы са­ла­дағы мемлекеттік саясатты қолдау деңгейі де шамамен 93%. Рес­пон­денттердің 97%-ы өзінің біртұ­тас Қазақстан халқына жа­таты­нын мақ­танышпен айтады.
2018 жылғы сәуірде Ассамблея ту­ралы заңға оны институцио­нал­дық нығайтуға бағытталған өзге­рістер мен толықтырулар енгізіл­ді. Биыл қоғам­дық сананы, әлеу­меттік саясатты жаңғырту мін­дет­терін көрсететін ҚХА дамуы­ның жаңартылған тұжырым­да­ма­сы (2025 жылға дейін) қабылдан­ды. 
Тұтастай алғанда, Тәуелсіздік жылдары ассамблея консуль­тативтік-кеңесші органнан конс­титуциялық мәртебесі бар ме­кемеге дейінгі үлкен эволюциялық жолдан өтті.
Еліміздің жаңа тарихының ше­шу­ші кезеңдерінде ассамблея әрдайым тұрақтандырушы және біріктіруші рөл атқарды. 
ҚХА сессияларында маңызды мә­селелер қаралды, олардың ішінде жаңа Конституция қабылдау жөніндегі ре­ферендум, институционалдық рефор­малар, әлеуметтік, рухани жаңғырту бағдарламалары бар. Сонымен қатар ассамблея өз қызметінде халықтың мол ауқымын қамти отырып, азамат­тық қоғамның дамыған сегменттерінің біріне айналды. Мемлекеттік құры­лыс­тың жаңа кезеңінде аса маңызды саяси және конституциялық тұрақты белгі­лердің бірі ретінде «бейбітшілік және келісім» қағидатының мәні арта түсуде. 
Қазақстан халқы ықпалдас­ты­ғы­ның бағыттары мен векторларының барлық спектрін көрсете отырып, ассамблеяның қоғамдық-саяси рөлі күшейе түседі. Біріншіден, әлеуметтік әл-ауқаттың ұлттық моделін қалып­тастыруда ассамблеяның әлеуметтік маңызы артуда. 
Бірінші кезекте, бұл қоғамның ре­волюциялық емес, эволюциялық дамуына алғышарттар жасайтын құрал ретінде қайырымдылық пен ме­диа­цияны дамытуға оң әсер етеді. Со­нымен қатар этностық ортада кә­сіп­керлікті дамытуға және этнос­тар­дың тарихи отандарымен экономи­ка­лық ынтымақтастықты пайдалануға баса назар аударудың маңызы зор. 
Екіншіден, Қазақстан халқы ассамблеясы қоғамдық сананы жаң­ғырту және осы процесске барлық қа­зақстандық этносты тарту проце­сінің драйверлерінің бірі. Бұл ретте «Қазақтану», «Мәміле», «Мың бала» сияқты жобаларды іске асыру елдегі мә­дени-тілдік ортаны одан ары үйлес­тіруді, ортақ құндылықтардың, мақ­сат­тар мен міндеттердің бірлігін қам­тамасыз етуге бағытталған. Рухани мә­дени интеграция үрдістерінің ма­ңыз­ды құрамдас бөлігі – тарихи са­наны жаңғырту барлық этносты бі­рік­тіруші бірлік негіздері, дүниетаны­мы­мыздың, халықтың өткені, қазіргі күні және болашағының іргелі негізі.
Үшіншіден, Қазақстан халқы ассамблеясы ХХІ ғасырда азаматтық бірегейлікті қалыптастырудың және оны ел азаматтарының әрбір жаңа буынында молайтудың маңызды те­тіктерінің бірі болып қалады. Жа­һан­дану жағдайында бұл – егемендік пен тәуелсіздікті сақтау шарттарының бірі, ұлттық қауіпсіздік факторы. 
Қазақстан халқы ассамблея­сы­ның өткен сессиясы ҚР Тұң­ғыш Прези­ден­ті – Елбасы, ҚХА Төрағасы Н.На­зар­баевтың және Мемлекет басшысы Қ.То­қаев­тың қатысуымен өткен ма­ңызды қоғамдық-саяси шара бол­ды. Сессияда ҚХА алдына жа­ңа мін­деттер қойылды, олар қоғам­дық ке­лісім мен жалпыұлт­тық бірлікті одан ары ны­ғай­туды қамтамасыз етуді мұрат етеді. 
Сондықтан алдымызда бізді ұлт­тық бірлікті, бейбітшілік пен келісімді нығайту жөніндегі Елбасы бағдарының сабақтас­тығын қамтамасыз ету мәсе­ле­лерінің барлық саласы бойынша жауапты жұмыс күтіп тұр.
ҚХА Нұрсұлтан Назарбаевтың жеке бастамасымен құрылған бі­ріктіру мен ықпалдастықтың бі­ре­гей инсти­туты және солай бо­лып қала береді. Ол әу баста-ақ қо­ғам­дық өмірмен астаса өріліп, жо­ғары позицияға ие болды. Ел­басының ассамблея біздің елі­міз­дегі бей­бітшілік пен келі­сімнің шы­найы сақтаушысына айналға­нын атап өтуі кездейсоқ болмаса керек!

Жансейіт ТҮЙМЕБАЕВ, 
Қазақстан халқы ассамблеясы Төрағасының орынбасары –
Президенті Әкімшілігі ҚХА хатшылығының меңгерушіс

і