Ананың қайырымды ісі
Ананың қайырымды ісі
278
оқылды
Қарағандылық көпбалалы ана #BizBirgemiz акциясы аясында тұрмысы төмен от­ба­сыларға қайырымдылық көрсетіп жүр. Ол табысынан айырылған отбасылардың тізімін жасап, демеуші тауып, 400-ге жуық көпбалалы ана­ға азық-түлік жеткізуге кө­мектесті. Айжан Байдельдинованың 5 баласы бар. Өзі баламен дек­реттік демалыста отыр. Жа­қында «Бақытты отбасы» бағдар­ла­масымен пәтер сатып алды. Ма­мандығы – құрылысшы. Қолы бос уақытта сылақ жасайды, тәтті-дәмділер пісіріп сатады. Жаны сүйетін ісі – қайырымдылық жасау. Айжан – көпбалалы отбасының тұңғышы. Бойжеткен кезі 90-жыл­дардың қиындығына тап келді. Дағдарыстың ауыртпалығын әке-шешесімен бірдей көтерді, бауырларын тамақтандыру үшін жастайынан жұмысқа шықты. Сауда жасады, қара жұмысты ер-азаматша меңгерді. Сөйтіп жүріп, жоғары білімнен қол үзіп қалды. Үйдің тұңғышы болғандықтан бауырларын оқыту, аяқтандыру, барлығын бір ортаға ұйыстыру Айжанның мойнына жүктелді. Әлі күнге дейін әулеттегі бар мәселе Айжанның алдында талқыға түседі, ол есейіп кеткен бауырларына әлі күнге қамқор. Тұрмысқа шыққан соң Айжан да шаңырағы шаттыққа толып, 5 ба­ланы дүниеге әкелді. Ол бала­ла­рын жеткізу үшін қандай ауырт­па­лық болсын тайсалған жоқ. Басы­нан не өтпеді, алданды, сенді, үміті үзіле жаз­дап қайта жалғанды. Бірақ мойыған жоқ. Себебі оны жігерлендіретін, ертеңге деген сенімін жалғайтын балапандары бар. Ол үлкен қызын Қарағанды политехникалық университетіне оқуға түсірді. Одан кейінгі ұлы Отан алдындағы борышын өтеп жатыр. Қалғандары әлі жас. Ол көпбалалы отбасының қандай мәселелері бар екенін жақсы біледі. Сол себепті тұрмысы төмен, мұқтаж жан көрсе үнсіз қала алмайды. Айжанның белсенділігінің арқасында Қара­ғанды қаласында көп отбасы азық-түлік көмегін алды. Айжан Байдельдинова – «Талбесік» көпбалалы аналар қозғалысының белсенді мүшесі. Ол Nur Otan партиясының төтенше жағдай режимінде халыққа қол­дау көрсету мақсатында «Біз біргеміз!» атты қор құрғанын қуана қабылдады. Айжан қалалық әкімдікке ТЖ кезінде жұмысынан қысқарып, табысынан айырылған отбасылардың тізімін ұсынды. Қала әкімдігі Айжан берген тізімді облыстық Nur Otan партиясының филиалына ұсынды. Оылайша, 103 көпбалалы отбасыға Jas Otan Жастар қанатының еріктілері картоп, сұйық май, макарон, ұн жеткізіп берді. – Бізге сыртында #BizBirgemiz деген жазуы бар қорап әкелді. Ішінде 20 келі картоп, ұн, сұйық май, шай, маска, рожки, т.б. бар. Бұл балалар үйде отырған кезде әжептеуір көмек болды. Төтенше жағдай басталғанға дейін үй тазалаумен айналысып ақша табатынмын. Қазір ол тоқтады. Жұмысы тоқтағандарға Үкімет осылай жәрдемдесіп жатыр, қуаныштымыз, – дейді көпбалалы ана Айша Сүлейменова. Халықтың алғысына бөленген Айжан мұнымен тоқтап қалған жоқ. Ол облыс әкімдігіне дәл қа­зіргі сәттте тұрмысы төмен отба­­сылардың көже-қатыққа сала­тын етке зәру екенін жеткізді. Жергілікті билік көпбалалы ананың өтінішін қабыл алып, фермерлерге ұсыныс жасады. Айжан берген тізім бойынша «Жәке» шаруа қожалығы 80 отбасыға 5 келіден ет таратты. – Қазір қыстан қалған ет тау­сылуға айналған. Балалар үйде, оларға етпен ыстық тамақ істемесе болмайды. Осындай жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілер шағында көпбалалы отбасыларға көмек қолын созған кәсіпкерлерге алғыс айтамын,– дейді 6 баланың анасы Бақытты Қанапина. Айжан үнемі ізденіс үстінде. Облыс және қала әкімдігі Ай­жанның көпбалалы аналардың құқығын қорғап, мәселесін ше­­шіп жүретін қайраткерлігін жақ­сы біледі. Ол аз қамтылған отба­сыларға қатысты қандай мем­ле­кеттік бағдарламалар бар, бар­лығымен жақсы таныс.  «Бақытты отбасы» ипотекалық бағдарламасы, атаулы әлеу­мет­тік көмек, үй кезегіне тір­келу, мін­­детті медициналық сақ­тан­ды­ру, несие кешіру, мектеп оқу­шы­ларына тегін тамақ беру, мек­теп формасы үшін бері­ле­тін жәр­демақы, көпбалалы отба­сы­ларға берілетін жолақы билеті, ба­лабақшаға берілетін жеңілдік­тер туралы аналарға тегін кеңес беру­мен айналысады. – Бұл бағдарламаларды өзіме қажет болғандықтан қадағалап, заңдарды, сайттарды ақтарып, зерделедім. Соның арқасында өз құқығымды қорғауды үйрендім. Ал көп аналардың заң ақтарып отыруға уақыты жоқ, балалары жас, жұмыстан қолдары тимейді. Сол себепті білгеніммен бөлісуді ұйғардым. «Талбесік» көпбалалы аналар қозғалысы жергілікті билікпен диалог құрып, жұмыс істеп жатыр. Біз көпбалалы аналардың мәселесін жеткіземіз, шешілгенге дейін бақылауда ұстаймыз. Мұның барлығымен біз тегін айналысамыз. Көпбалалы аналарды ТЖ басталғанға дейін әр апта сайын қала әкімінің орынбасары Нұрлан Бикенов мырзаның қабылдауына апарып отырдық. Облыс әкімі Жеңіс Қасымбек біз көтерген мәселелерді назарынан таса қылған жоқ. Карантин басталғанда мен билікке тұрмысы төмен отбасыларға ұн мен ет қажет екенін жеткіздім. Фермер мал сойып, жеке-жеке пакетке салып, таратты. Сондай-ақ «Мелькомбинат» ЖШС жарты тонна ұн берді. «Ақжайық» кәсіп­орны да ұнмен қамтамасыз етті. Бұл ұнды біз 60 аз қамтылған отбасыға апарып бердік,– дейді Айжан Байдельдинова. Айжан Байдельдинова көмек қолын созу тек Үкіметтің құзы­ретінде деп қол қусырып қарап отырған жоқ. Ол бас партиямен бірлесіп, көмекке мұқтаж адам­дарды анықтап, азық-түлік жет­кізумен айналысуда. «Біз бірге бол­ғанда ғана барлық қиындықты жеңеміз», – дейді көпбалалы ана.    width=   Ләззат ҚОЖАХМЕТОВА, Қарағанды облысы