Үйі жоқтың, күйі жоқ екібастан
Үйі жоқтың, күйі жоқ екібастан
812
оқылды

«Баспаналы болу қолжетімді бола түсті» дейді былайғы жұрт. Бірақ үйсіз жүргендер мұны құптай қоймайды. Себебі, халықтың басым бөлігінде баспана жоқ.

Пәтер жалдап жүргендер, одан қалды кредитке үй алғандар, тағысын тағы… «Мойнымда қарызым бар» деп бір емес, екі-үш жұмысты қатар істеп жүргендер бар. Несін жасырайық, ел тұрғындарының дені кредит арқылы болса да баспанаға қол жеткізгісі келеді.  Енді мына қызыққа қара­ңыз, елдегі 18 миллион тұрғын­ның 3,5 миллионы кредит тө­лей­ді. 5,3 миллион азамат 15 жас­қа толмаған, 2,1 миллионы – өзін-өзі жұмыспен қамту­шы­лар, 2,1 миллионы – зей­нет­керлер, 250 мың адам­ның мерзімі өткен берешегі бар. Тек 4,6 миллион қазақстандық кредит алып, жеңілдетілген ипотека бойынша тұрғын үй бағдарламаларына қатыса алады. Бұл туралы былтыр жыл соңында Сенат отырысы кезін­де Инвестициялар және даму министрлігі Құрылыс және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық істері комитеті­нің төрағасы Мархабат Жайымбетов мәлімдеді. Қазіргі кезде мемлекеттік бағдарлама бойынша салынып жатқан тұрғын үйлердің саны артыпты. Нақтырақ айтқанда, Қазақстанда жыл сайын 100 мың пәтер немесе 12 миллион шаршы метр тұрғын үй пайда­лануға беріледі екен. Ал оның 40 пайызы Астана мен Алматы қалаларына тиесілі. Бірақ бәрі­бір баспана ала алмай жүр­гендер мен баспана кезегін­де тұрғандардың қатары азайған емес. Баспана мәселесін оңтай­лан­дыру мақсатында құрылған «7 – 20 – 25» мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасының іске қосылғанына да көп бола қойған жоқ. Алайда көпшілік арасында ол жайлы сан түрлі пікір қалыптасып үлгерген. Біреулер баспана алуға үмітті азаматтарға қойылатын талап қатал десе, енді бірі бағдарлама бойынша алуға болатын пәтер­лер саны жеткіліксіз екенін алға тартады.

– Пәтер алғысы келетін отандастарымыздың басым бөлігінің бастапқы жарнаға ақша­сы жетпейді. Бұл мәселені зейнетақы қорын қолдану арқы­лы шешуге болады. Мыса­лы, үкіметтегілер EXPO құры­­лысына деп әскери қыз­мет­­керлердің зейнетақы қо­рын қолданды ғой. Сол сияқ­ты әр азамат өзінің зей­нет­ақы қорындағы ақшасын бастапқы жарна ретінде пайдалана алса, көп адам пәтерлі болар еді, – дейді экономист Дәулет Мұқаев. Таяуда Нұр-Сұлтан қала­сының әкімі Бақыт Сұлтанов 2019 жылғы жоспарға сәйкес Тұрғын үй құрылыс жинақ бан­кінің кредиттік төлем жү­йе­­сі арқылы 900 пәтер пайда­ла­нуға берілетінін атап өтті. Сондай-ақ әкім жалпы сомасы 2 млрд теңгені құрай­тын 2 мың тұрғын үй серти­фикаты қарас­ты­рыла­ты­нын қоса айтты.

– Халықты қолжетімді баспанамен қамту мақсатында «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында үй кезегіндегілерге сатып алу құқығымен 731 пәтер жалға беріледі. Ол үшін республи­ка­лық және жергілікті бюджеттен тиісті қаржы көзі қарастырыл­ған. Бастысы, баспана мәселе­лін шешуде нақты тапсырма мен жоспар бар. Енді соны жү­зеге асыру ғана қалып тұр, – дейді қала әкімі. Оның сөзіне сенсек, бүгін­де елордада үй кезегінде тұрған 45 158 адам бар. 20 271-і – осал санатқа жататын халық тобы, ал 2 115-і – бюджеттік сала жұмысшылары. Қазіргі кезде баспанаға қол жеткізу оңай емес. Елорда мен Алматыда өзге қалаларға қара­ғанда үйдің бағасы қымбат. 1 бөлмелі үй бағасы шамамен 12-13 миллионнан басталады. Бас­пананың бастапқы жарна­сы – 2,5 миллион. Банк еш кедер­гісіз ипотеканы мақұл­дауы үшін ай сайынғы табыс 200 мың теңгеден кем болмауы тиіс. 

– Қай бағдарлама, қай банк болсын, бірінші кезекте, зей­нет­қорының ақшасы мен жала­қыға қарайды. Үй алмаса да шотта міндетті түрде мини­малды 20 пайыздық салым болу керек. Ал «7 – 20 – 25» орта есеппен 160-200 мың тең­ге тұрақты жалақы ала­тын­дарға арналған бағдарлама. Шынын айтқанда, 29 жасқа дейінгі жастардың тең жарты­сында ондай айлық жоқ. 

Себебі, қызметке орналасқа­нына көп уақыт бола қоймаған жастарда жалақы орта есеппен 80-90-120 мыңның айнала­сын­да болады. Сондықтан оларға бастапқы жарнаны жинау қиын. Осы мәселені де ескер­ген жөн, – дейді Дәулет Төлеу­тайұлы. «Бізге ай сайынғы ақшаны банкке төлеп, ары қарай сол үй жастардың өзінде қалатындай тағы бір бағдарлама әзірлеу керек. Нақтырақ айтсақ, «7–20–25» бағдарламасының бала­масы пайда болса. Бағдар­ла­маның атауын «5–10–20» деп алсақ болады деген ұсыныс айтты ол. Оның сөзін­ше, осы бағдарлама бойынша егер 29 жасқа дейінгі жастар отбасын құрмай жүрсе, мұнда­ғы он пайызды өздері төлеу керек. Ал жас отбасыларға, әсіресе, балалы жас жұбайларға он пайыз бастапқы жарна мемле­кет тарапынан көмек ретінде берілу керек екен. Бұл бағдарламамен құны 20 миллион теңге тұратын үйді 10 пайыздық жарнамен алу небәрі 2 миллион теңге болады. Ха­лық үшін бұл қатты бір қалта тесетіндей сома емес. Егер жас экономист ұсынып отырған «5–10–20» бағдарламасы қол­да­нысқа енгізілсе баспана­сыз жүрген жандар үшін үлкен көмек болары сөзсіз. 2019 жылды Жастар жылы деп жариялаған Елбасы еліміз­дегі үш ірі мегаполис Нұр-Сұл­тан, Алматы және Шым­кент қалаларында жұмыс істейтін жастар үшін жылына бір мың­нан кем емес пәтер салуды тап­сырды. Жастарды баспана­мен қамту мәселесін, ең алды­мен, миллион халқы бар үш қаладан бастауды ұсынған Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев алдағы уақытта Қазақстанда жұмыс істейтін жастар үшін жалға берілетін тұрғын үйлер салынатынын баса айтқан болатын. Жуырда бұл бастама­ны Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та қол­дай­ты­нын жеткізді. – Мемлекеттік шығыстар­дың басты міндеті – қарапайым адамдардың мәселесін шешу. Ауызсу, баспана, жұмыс орын­дары, жайлы өмір үшін инфра­құры­лым – осының бәрі ел тұр­­ғын­дарын алаңдатады. Міне, біз осы міндеттерді ше­ше­тін боламыз. Министрлер мен әкімдердің жұмысын нақ­ты проблемаларды шешу нәти­же­лері бойынша бағалайтын боламын, – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы. Бұл орайда Президент өңір басшыларына халықпен жиі кездесіп, елдімекендерді ара­лауға тапсырма берді. Соның ішінде әкімдерге әлеуметтік жағдайы төмен азаматтар үшін 40 мыңнан астам жалдамалы пәтер беру мәселесін жедел­де­туді және мұны мамыр айынан бастауды жүктеді. Оған да бір айға жуық уақыт қалды. Біз өз кезегімізде бұл істің жүйелі түрде жүзеге асатынына сене­міз. Пәтерақысын ай сайын пәтер иесінің қолына ұстата бермей, өз үйімізге салған әлдеқайда тиімді әрі ұтымды. Бастысы баспана мәселесі шешімін тапса, халық игілігі үшін жасалған үлкен бір істің түйіні тарқатылмақ. Баспанасыз жүрген отбасылардың күпті көңілін қуаныш кернеп, алыстан менмұндалаған үміт сәулесі жақындай түсер күн де жақын қалған секілді.