Әлем елдерінде медбике жетіспейді – ДДҰ
Әлем елдерінде медбике жетіспейді  –  ДДҰ
© inform.kz
374
оқылды
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы әлем елдерінде медбикелердің жетіспеушілігіне алаңдаушылық танытты, деп хабарлайды аталған ұйымның Қазақстандағы кеңсесі. «Коронавируспен күресіміз қоғам үшін және барлығымыз үшін де медбике мамандығының қаншалықты маңызды екендігін тағы бір мәрте көрсетіп берді. Ең қауіпті жайтпен, барынша ауыр еңбек жағдайымен бетпе-бет келген бүкіл Еуропа өңіріндегі және әлем медбикелері бұл сын-тегеуірінді батылдықпен әрі кәсіби біліктілікпен қарсы алды. Олар алдыңғы шептегі барлық медицина қызметкерлерімен бірге біздің терең құрметіміз бен алғысымызға лайық», - деді ДДСҰ Еуропалық өңірлік бюросының директоры Ханс Анри П.Клюге. Ұйымның Қазақстандағы кеңсесі ұсынған деректерге сәйкес, бүгінде әлемде 28 миллионға жуық медицина қызметінің қызметкерлері бар. Ал Еуропа өңірінде 7,3 млн медбике бар немесе 10 мың тұрғынға шамамен 79 медбикеден келеді. ДДСҰ зерттеуіне сәйкес, медбикелердің шамамен 90 пайызын әйелдер құрайды және олардың тек 25 пайызы ғана басшылық лауазымда қызмет етеді. «Медбикелер - бұл денсаулығымызбен байланысты көптеген проблемаларымызды шешу кілті. Егер мықты медициналық қызмет болғанын қаласақ,онда медбикелерге инвестиция салып, оқытуымыз керек. Олар халықаралық стандарттар мен білім деңгейіне сай болуы тиіс. Сонымен қатар оларға тиісті құрал-жабдықтарда қолжетімді болуы қажет. Медбикелер жұмыстарына лайықты жалақы алып, кәсіби біліктіліктерін дамытуға да мүмкіндіктері болуы керек», - деді Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Қазақстандағы өкілі Кэролайн Кларинвал.