Жақсы тест – жарым ырыс
Жақсы тест – жарым ырыс
253
оқылды
Денсаулық сақтау министрлігінің Аса қауіпті ин­фек­­циялар ұлттық ғылыми орталығы мен БҒМ-ның Ұлттық биотехнология орталығының ұжымы COVID-19 инфекциясын анықтайтын ұлттық төл тест жүйесін ойлап тапқаны туралы жаңалық елді елең еткізді. Сарапшылар Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов болжаған 3,5 мың сырқат енді әшкереленуі мүмкін дейді. Тест-жүйелердің жетіспеушілігі сыр­қаттарды табуға біраз қолбай­лау болуы мүмкін: шетелден мың-мыңдап, лек-лекпен елге оралып жат­қан қазақстандықтарды, сон­дай-ақ коронавирус жұқтыр­ған­дар­мен байланыста болған, ка­ран­тинге алынған адамдарды әлде­не­ше рет тексеру үшін мұндай құрал­дар­дың мол қоры қажет. Ондай қор Қазақстанда бұрын болмады. Салдарынан, індет бүкіл әлем­де бой бермей кең таралып жат­қанда, тіпті 11 наурызда Дүние­жү­зі­лік денсаулық сақтау ұйымы оның пандемияға айналғанын жа­риялағанда, коронавирустың бас­тапқы ошағы Қытайдың дәл ір­гесінде орналасқан Қазақстанда бір­де-бір сырқат «тіркелмеді». Рес­ми дерек болмағанымен, кеселі бар­лардың елде жүргенін дәрігер­лер түйсінсе керек. Алматы облы­сын­да және басқа өңірде осыған қа­тысты күдік білдірген дәрігер­лер­­дің «қауесет таратты» деп жа­за­лануы, еліміздің сол кездегі бас са­нитарлық дәрігері, өз ісінің біл­гірі Жандарбек Бекшиннің 10 нау­рыздағы баспасөз мәсли­ха­тын­да шыдамай кетіп, «COVID-19 Қа­зақстанда 11-16 наурызда пайда болады» деп болжам жариялауы көп жайттан хабар бергендей. Ақыры жаңа коронавирус ин­фекцияcына (КВИ) шалдыққан ал­ғашқы науқас мемлекетімізде тек 2020 жылғы 13 наурызда тір­кел­ді. Енді, міне олардың саны 700-ге де жуықтап қалды.  

Құрал болмай, қорғаныс жоқ

КВИ-ді зертханада айқындауға қа­­жетті тест-жүйелерді бізге Ресей жі­берді. Әрине, олардың саны шек­­­­теулі болды. Демек, төл реа­гент­ті әзірлемей, пандемия ұлттық қауіп­сіздікке үлкен қатер төндіруі ық­тимал. Онсыз індетке шалдық­қан сырқаттарды анықтау мүмкін емес. Қазақстандық ғалымдар алға қойыл­­ған міндеттің үдесінен шы­ғып, бір емес, екі түрлі тест-жүйе әзір­леп шықты. Оның көмегімен зерт­ханалар өздеріне жолданған қан құрамында қауіпті вирустың бар-жоғын небәрі бес сағат ішінде растай алады екен. Әйтпесе, бұған дейін ресейлік құрал жарты тәу­лік­тен астам уақыт күтуді талап еткен.
Бір қызық дерек бар: ұлттық тес­тіні жасау үшін қазақстандық ға­лымдардың бірден екі тобы бір мезгілде іске кірісіпті. Және оған дайындық осыдан екі айдай бұрын басталған екен: коронавирус ға­лым­дарға бұрыннан белгілі. Қос ве­домствоның – Денсаулық сақтау, Білім және ғылым ми­нистр­лік­тері­нің биотехнологтары әртүрлі зерт­ханаларда, бірақ бір шатырдың ас­тында, яғни Алматыдағы орта­лық референс-зертхананың ішінде жұ­мыс істеді. Олар әзірлеген отан­дық бірегей жүйелерді осы зертхана ма­мандары сынақтан өткізді. Ол Қы­тайдан тараған індеттің жаңа тү­ріне ұшырауы мүмкін деген кү­дік­ке іліккен, карантинге жабыл­ған 2 мыңнан астам адамның қа­нын тексерді. Қорытындысында, жаңа диагностикалық реагенттер жо­ғары баға алды: қазақстандық тест шетелдік баламаларына қара­ғанда коронавирусқа әлдеқайда се­зімтал болып шықты. Жақын ара­да, шамамен 2 ай ішінде алғаш­қы тест-жүйелер еліміздегі өзге зерт­ханаларға таратылуға тиіс.
– Тест-жүйе талдаудың әртүрлі ке­зеңін референс-бақылау жүйе­лері­нен тұрады. Демек, зерттеудің бар­лық процесін бақылауға және са­паны қамтамасыз етуге мүм­кін­дік береді. Жалған «оң нә­ти­же­лердің» алынуын болдырмайды. Бұл тест шетелдік баламаларынан еш кем емес, барлық әлемдік стандарттарға сәйкес келеді, – деді журналистерге Ұлттық био­тех­нология орталығының алма­ты­лық филиалы директорының орын­басары Юрий Скиба.  

Келесі қадам – вакцина жасау

Орталық Азияда әзірге бізден бас­қа бірде-бір ел COVID-19 диаг­нозын растайтын төл құралына қол жеткізген жоқ. Сондықтан қа­­зақ елінің көмегі көршілес  ел­дер­ге қажет болуы мүмкін.
Мамандар осы өңірдегі ІІІ био­қауіпсіздік деңгейіндегі жалғыз зерт­хананың Алматыда бой көтеруі Қа­зақстанға бүкіл адамзаттың үрейін ұшырған қауіпті жаңа ви­русты зерттеуге мүмкіндік бер­гені­не назар аудартады. Екі ел ара­сын­дағы келісімге сәйкес бұл нысан жо­басын 2005 жылы толығымен АҚШ қаржыландырды және өңір­де баламасы жоқ жабдықтарды жет­кізді. Қатаң қорғалатын ны­санда әртүрлі індеттердің штам­мда­ры сақ­талады. Осы орайда, ресейлік сая­саткерсымақтар мен ақпарат құрал­дары «бұл – Пентагонның ла­бораториясы» деп даурығып, елі­мізден одақтас ретінде оны жабуды талап етті. Озық елдердің бәрімен араздасқан одақтасының үндеуіне ермеген, көп бағдарлы саясатына адалдық танытқан мем­лекетіміз дұрыс таңдау жасады. Нә­тижесінде, Алматыдағы орта­лық референс-зертхана аясында те­рең зерттеулер жүргізіліп, отан­дық екі түрлі тест әзірленіп отыр.
– КВИ-ге қатысты жағдай бұл ла­бораторияның қажет екенін көр­сетті. Біз үшін биоқауіпсіздік – бі­рінші орында. Елде аса қауіпті па­то­гендермен күрес жұмысы өріс­­теп келеді. Орталық ғима­ра­тын­да теріс қысым орнатылған, яғ­ни зертханадағының бәрі іште қа­лады, сыртқа шықпайды. Ауаға зиянды шығарынды шығарылмай­ды. Ал америкалық мамандардың мұндағы ақпаратқа ешқандай қол­же­тімділігі жоқ: АҚШ мамандары біз­де жұмыс істемейді, – деді КТК арнасына берген сұхбатында Аса қауіпті инфекциялар ұлттық ғы­лыми ор­та­лығының орталық ре­фе­ренс-зерт­ханасының директоры Ерлан Сансызбаев. Қазақстандық ғалымдар осы тест-жүйелерді жеткізу жөнінде ал­ғашқы келісімшартқа да қол қойып үлгеріпті. Оның егжей-тег­жейі белгісіз. Айтқандай, бұл реагенттер зерт­ханалық диагностикаға арнал­ған. Яғни, отандық тест тұрмыста пай­далану үшін дәріханаларға саудаға түспейді. Юрий Скибаның айтуынша, алда отандық ғалымдар COVID-19-ға қарсы вакцина әзірлеуге жә­не оның өндірісін жолға қоюға кіріс­пек ниетте. Тестке қарағанда, вакцина мен дәрі жасау әлдеқайда күрделі. Ол бірнеше айға, тіпті екі жылға созылмақ. Оған дейін өзге елдер де шипасын тауып қалар. Дегенмен қазақстандық вакцина бәрібір керек. Себебі кейін індет қайта таралса, Қазақстан өзге елдер­ге тәуелді болып, жеткізі­лім­нің басталуын күтуіне тура келмек. Ал адам өмірін сақтау үшін әр ми­нут қымбат.    width=  

Вирус «шапқыншылығын» тойтарған ел

Қазақстандық аудитория КВИ-ді жеңген жалғыз ел ретінде Қы­тай­ды ғана біледі. Шын мәнінде, бас­қа да үлгілі тәжірибе жетерлік. Жаһандық проблемаларға қатысты зерттеу жариялайтын ourworldindata порталы қызықты дерек келтіреді: онда 20 наурызға дейін қандай елдің қанша азаматты ко­ронавирусқа тексеріп үлгергені көр­сетілген. Нақтылай кетсек, Оң­түстік Корея 20 наурызға дейін 316,6 мың, Германия – 167 мың, Ре­сей – 143,5 мың, Австралия – 113,6 мың, АҚШ – 103,9 мың, Ұлы­б­ри­тания – 64,6 мың, Нор­ве­гия – 43,7 мың, Франция – 36,7 мың, Бельгия – 18,3 мың, Вьетнам мен Авст­рия 15,6 мың азаматын тек­сер­ді. Қалған елдерде тест жа­сал­ғандар саны 5 мыңға да толм­ай­ды. Бұл ретте Оңтүстік Кореяның тә­жірибесі назар аудартады: ол коронавирусты он күн ішінде құ­рық­тай алыпты. 29 ақпанда кә­ріс­тер елінде КВИ шарықтау шегіне жет­ті, сөйтіп бір тәулік ішінде 909 нау­қас тіркелді. Салдарынан, мем­лекет әлемдік «қара тізімде» Қы­тай­дан кейінгі екінші орынға ор­на­ласты. Ізінше індеттің өршуі күрт құлдырады. 7 сәуірдегі жағдай бойынша Оңтүстік Кореяда 10 мың 331 сырқат тіркелген. Қытайда бұл көрсеткіш 81 мың 740 оқиғаға, ал «көш» басындағы АҚШ-та – 367 мың 650, Испанияда – 136 мың 675, Италияда – 132 мың 547, Гер­ма­нияда – 103 мың 375, Францияда 98 мыңға жетті. Сарапшылар Кореяның фено­ме­налды жетістігіне ұстын болған үш факторды атады, бұлар – жап­пай тестілеу; вирусы болуы мүмкін аза­маттарды қатаң қадағалау; қо­ғам алдында жан-жақты ашықтық. Не­гізі, «Таң самалы елінің» ко­ро­на­­вирус инфекциясының басқа түрі­мен күрес тәжірибесі бар: 2015 жылы бұл ел Таяу Шығыста өр­шіген MERS індетінің ең ірі оша­ғына айналды: 16 мың адам ка­ран­тинге жабылды, 38-і қайтыс болды. Осыдан сабақ алған оңтүстік­корея­лық мамандар сонда «жыл­дам тест» түрлерін әзірлеп, мол қо­рын жасап қойған көрінеді. Тағы бір сабақ – MERS індеті ке­зінде билік «дүрбелең ту­ғыз­байық» деп кесапатқа қатысты ақ­паратты жасырған: елде қанша адам вирус жұқтырғаны, олардың қай ауруханаларда жатқаны құ­пия­да ұсталды. Соның кесірінен, бас­қа науқастар коронавирусқа душар бол­ған. Бертінде инфекциялық ауру­лардың алдын алу туралы заң қа­былданып, ақпаратты жұртшы­лық үшін ашық ету туралы талап күшіне енді.
ҚХР-дің Ухань қаласында ко­ро­навирустың жаңа түрі – COVID-19 таралғаны туралы алғашқы жаңа­лық 2020 жылдың қаңтарында мә­лім болды. Оны ести сала Корея би­лігі «шұғыл ден қоюдың тәулік бой­ғы жүйесін» іске қосты және шың елінен келгендердің бар­лы­ғын тексеруге кірісті. Мысалы, қаң­тар айы басында Инчхон әуе­жайын­да дене қызуы жоғарылаған әйел дереу арнайы ауруханаға жол­данды. Ақыры 20 қаңтарда одан жаңа коронавирус анықталды. Сол күні-ақ Инчхон мэриясы азаматтарды үйлерінде болуға, сырт­қа тек  қажеттілік болса ғана шы­ғуды өтінді. Қалада барлық қыз­меткер қашықтан жұмыс істеуге көшірілді. 21 ақпанда Оң­түстік Кореяда бұқаралық ша­ра­ларға тегіс тыйым салынды. Мек­тептер мен ЖОО-лар, бала­бақ­шалар, сауда орындары, парктер, спорт кешендері жабылды. Соның арқасында алғашқы сырқат анық­талған қаңтар айынан ақпан айы­ның соңына дейін жұқтырудың бар-жоғы 30 оқиға тіркелген.
Алайда індеттің өрістеуіне би­лікке бағынбаған секта ықпал етіп­ті: тоталитарлық секта сана­латын Шинхонджи шіркеуінің жақтаушылары көп адам жи­нал­мауы керек деген үндеуге құлақ аспай, жаппай сиыну үшін Тэгу қа­ласына 10 мыңдай адамды жи­наған. Оның ішінде 42 мүшесі Уханьнан келген. Кореяның «көр­кем көрсеткішін» нашарлатқан да осы болды. Содан соң карантинді бұз­ғаны және өзгелерге вирус жұқ­тырғаны үшін елде қылмыстық жа­за енгізілді. Бүгінде 51 миллион халқы бар азиялық мемлекет пандемияға пәр­менді тосқауыл қоюда. Онда күн сайын 20 мың «күдікті» адам тестілеуден өтеді. Дәрігерлер осы мақсатта деревняларға сапарлауда. Коян қаласында алғаш рет азамат­тарға көліктен шықпай-ақ жол бойында сынақтан өтуге мүмкіндік бе­рілді, бұл тәжірибені кейін Гер­мания мен Ирландия қабылдады. Кореяның фармацевтикалық өнер­кәсібі жылдам бейімделіп, тест жүйелерін орасан зор ауқымда шығарып жатыр. Жұқпалы дертті «жатырында» тұншықтырған елдер қатарына Тайвань мен Сингапур кіреді. Азия елдерінің ілкімді ісі өзгеге өнеге-ұла­ғат: халықтың тәртіпке ба­ғынуы, биліктің үйлесімді қимы­лы, денсаулық сақтау жүйесінің эпи­демияға қарсы жұмылуға дайын­дығы бұл күрестен табысты шы­ғуға болатынын паш етеді.  

 width=  Айхан ШӘРІП