Жер құрты – қаржының көзі
Жер құрты – қаржының көзі
655
оқылды
Ақша табамын деген жанға жұмыс көп. Маңыз­дысы, ниет пен ынта. Шым­кент қаласының тұр­ғыны Ілияс Икрамов кәсіп­кер­лікпен айналысуды көптен бері ойлап жүрген. Ол та­быс көзі ұзақ уақыттан соң түсетініне қарамастан, құрт өсіру бизнесін таңдады. Бірақ елімізде бұл бизнесті көбі жақсы табыс түсіреді деп ойламайды. Ал Еуропа елдерінде кәсіпкерліктің бұл түрі жақсы жолға қойылған. Ілиястың табиғатқа қызығу­шылығы, жануарлар мен жән­діктерді зерттеуге құлшынысы бала кезінен пайда болыпты. Ол онжылдықты бітірген соң Түркістандағы Қ.Ясауи атындағы ХҚТУ-дің биология және эко­логия мамандығы бойынша білім алып, одан кейін Ақтөбеде білімін шыңдайды. Ілияс Кали­форния құрттарын зерттеу туралы диссертацияны осында жүргенде жазады. «Диссертация жұмысы үшін экспериментке Алматыдан 350 адамды алдым. Олардың қалай өмір сүретінін, не жейтінін, қаншалықты тез көбейетінін зерттеу арқылы құрттың табысты және тиімді кәсіп екеніне көз жеткіздім» дейді кейіпкеріміз бізбен әңгімесінде. Осылайша ол құрт бизнесін құруға кіріседі. Өткен жылы Шымкент қала­сының Кәсіпкерлер палатасын­да кәсіпкерлік негіздері бойын­ша білім алған кәсіпкер, ойында­ғысын жүз­еге асыру үшін 505 мың теңге көлемінде грант ұтып алады. – Америкалық Томас Баррет 1937-1950 жылдары Кали­­­­фор­ниядағы Earthmaster Farms фермасында агротехно­логия саласындағы жер құрт­тарының әрекеті мен пайдасын зерттеген. Содан бері мұны Ка­лифорния құрттары деп атайды. Құрттар қарапайым судан гөрі жаңбыр суында 16 жылға дейін өмір сүру ұзақтығымен ерек­­шеленеді. Денесінде гипо­тер­­­мияға қарсы қорғаныс меха­низм­дері жоқ құрттар суық ауа райынан қатты қорқады. Ал өздерін жайлы сезінетін ең төменгі температура -5 градустан аспауы тиіс. Сондықтан мен ең алдымен құрттарға жағдай жасау үшін үйімнің ауласына аумағы 60 шаршы метрді құрайтын жы­лыжай орнаттым. Бұл үшін 300 мың теңге жұмсадым, – дейді ол. Жас кәсіпкер мұнда 40 мил­лионға дейін құрт өсіруге бола­тынын айтады. Ілияс құрттарды құлаған жа­пырақтардың қабығымен, үгін­ділермен, картонмен, сабан, грек жаң­ғағының қабаттарымен қорек­тендіріп, 300-ден астам құрт шығарған. Өткен күзден бері олар 200 мыңға дейін көбейіпті. Ол өнімін әлеуметтік желі арқылы сатуды жолға қойған. Сонымен қатар құрт сату бойынша Ілияс­қа университет студенті де көмек­тесіп келеді. Негізінен құртты ба­лықшылар, одан соң тауықты қорек­тендіру үшін құс фабрика­ларына алады екен. – Бір құрттың бағасы – 5 теңге. Бұған шаруа қожалық­тары­ның төрағалары да ерекше қызығу­шылық таныта бастады. Өйткені бұл biohumus, яғни жердің құ­нарлылығын жақсартуға және жоғары өнімділікке қол жет­кізуге болатын органика­лық тыңайтқыш. Оның сипат­тама­лары мен пайдалы қасиеттері көңнен бірнеше есеге артық екен. Әсіресе, тұзды, құрғақ жерлерде органикалық тыңайтқыштарды қолдану ұсынылады. Алайда биогумус өндірісі ұзақ мерзімді жоба болғандықтан алғашқы өнім 18 айдан кейін ғана алы­нады. Тыңайтқыштарды үлкен көлемде сату үшін қарым-қа­тынас орнатуға серіктестер тауып алу қажет, – дейді жас кәсіпкер. Біздің кейіпкеріміз құрт­тар­дың адамдардан айырмашылығы ауырмайтынында, шаршамай­тынында және ерекше күтімді қажет етпейтіндігінде екенін ай­тады. Оларға бар болғаны тамақ, қараңғылық пен тыныштық қажет. Олар негізінен көкөністер мен жемістердің, бананның қабы­ғымен және жапырақтармен қоректенеді. Сондай-ақ оған шамалап көң қосылады. – Құртты аптасына бір рет жеткілікті мөлшерде суарыңыз. Ең бастысы кеуіп кетпеуі керек. Құрттар тез өседі. Бүгінгі таңда мен­де 190 мыңға жуық құрт бар, – дейді ол. Ілиястың айтуынша, бүгінде құрт өсіруге қызығушылық танытатындар көп. Жас кәсіпкер олар­ға білгенін айтып, көмек қолын созудан аянған емес. Мәселен, Төлеби ауданынан хабарласқан кәсіпкерге бастап­қыда жұмысты 5 мың құртпен бастауға кеңес берген. – Бұл – өте тиімді бизнес. Үлкен инвестиция мен күшті қажет етпейді. Мен Шымкент университеттерінің бірінде мұ­ғалім болып жұмыс істеймін, соған қарамастан құрттарға уақыт табамын. Маған бауырларым Ерсін мен Әділет көмектеседі, – дейді І.Икрамов. Ол күн жылына салысымен құрттарды бақтағы шұңқырға ауыстырыпты. Ал бос жылыжайға көшет өсіруді жоспарлап отыр. Пластик пакеттерге салынған қарбыз дәндері өскен соң ашық жерге отырғызылады. Сондай-ақ кәсіпкер Шардара ауданынан 2,5 гектар жерді жалға алыпты. Ол жерге қауын-қарбыз екпекші. – Биохумның арқасында жақсы өнім аламын деп үмітте­немін. Отырғызған көшет­тері­мізді топырағымен бірге жерге түсіреміз, – дейді Ілияс.  

Назгүл НАЗАРБЕК, Шымкент қаласы