Экспресс-тесттен өткізетін сегіз орын бар
Экспресс-тесттен  өткізетін сегіз орын бар
198
оқылды
Алматыда аты жаман ауруды жұқтырғандар саны Нұр-Сұлтан қаласынан кейінгі екінші орында тұр. Әйтсе де, елі­міздің ең ірі шаһарындағы жағдай қатаң тәртіптің арқасында соңғы күндері қалыпты бола бастады. Індетті жаңадан жұқтыр­ғандардың азайғаны байқалады. Сондай-ақ Алматы қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тілеухан Әбілдаевтың айтуына қарағанда, кеше ғана провизорлық орталықтардан 203 адам емделіп, үй­леріне шықты. Оның 44-і – бала. 14 күндік карантинде бол­ған олардың теріс нәтижелері анықталып, ауруханадан шығарылды. Алып шаһарда індеттің кең та­ралмауы үшін барынша жұмыстар жүргізілуде. Қаланың Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының бастығы Тілеухан Әбілдаевтың онлайн-брифингте айтқан сөзіне қарағанда, Алматыдағы медицина саласына кезең-кезеңімен қара­жат бөлінген.
 – Бірінші транш бойынша Үкімет резервінен 73,5 миллион теңге бөлінген болатын. Бұл қа­ражатқа медицина қызметкер­леріне жеке қорғаныс құралдары мен науқастарды емдеу үшін дә­рі-дәрмек сатып алынды. Одан кейін 94,5 миллион теңге әкім­дік тарапынан бөлініп, жеке қорға­ныс құралдары, дезинфекция­лау құралдары сатып алынды. Үшінші рет 1 миллиард 300 миллион тең­ге бөлінді. Бұл қаражат жеке қор­­ғаныс құралдары мен залал­­сыз­дандыру құралдарын, антисеп­тик, дәрі-дәрмек сатып алуға жұм­салды, – деді ол.
Сәуірдің 7 күнгі есебі бойын­ша, Алматыда коронавирус жұқ­тырудың 119 жағдайы тір­келген. Мегаполисте емделіп жазыл­ғандардың саны – 21. Оның айтуынша, қазір 80 науқастың жай-күйі қанағаттанарлық болса, 2 ересек адамның жағдайы өте ауыр. Олар жасанды тыныс алу аппаратына қосылған. 13 ересек адамның жай-күйі орташа ауыр, оның ішінде облыс тұрғыны бар. Онлайн-брифингке қатысқан Алматы қаласы Тауарлар мен қыз­меттердің сапасын бақылау департаментінің басшысы Айзат Молдағасымова да қазіргі ахуалды барынша баяндауға тырысты. Қазір көпшілікті коронавирусты анықтайтын экс­пресс – тесттен ең ал­дымен кімдер­дің өтетіні қызық­тырып отыр.
 – Ең алдымен алдыңғы шепте жұмыс істеп жүрген медицина, құқық қорғау органдарының қыз­меткерлері, дезинфекция жасап жүргендер және волонтерлер өтеді. Сонымен қатар арнайы сайтта анкета толтырып, өтінім бер­гендер өте алады. Яғни тест­тен өтуі керек деп танылған адам­­дар ғана тексеріледі. Алдын ала өті­нім берген азаматтың телефо­ны­на қай күні, қай жерде тесттен өте­тіні туралы хабарлама келеді» – деді ол. Сонымен қатар Айзат Молда­ғасымова қа­лаға экспресс – тест құралдары жет­кі­зіліп, арнайы 8 орын белгіленгенін атап өтті. – «Олимп» сынақ алатын 5 орынды дайындады және қа­йырым­дылық қоры тарапынан 3 орын белгіленді. Бұлардың бәрі санитарлық-эпи­демиялық та­лап­тарға сай, – дейді департамент басшысы.
Брифингте Алматыда корона­вирус­тан қайтыс болған азамат­тарды жер­леудің жаңа ережелері бекі­тілгені де айтылды. Марқұмдар мамандардың қатысуымен ар­найы бөлінген аумаққа жер­ленеді. Бұл ереже еліміздің бас сани­тарының нұсқауымен жасалған. Ал имамдар сақтық шараларын назардан тыс қалдырмауды ескертеді. Елімізде инфекциялық дертті жұқтырғандардың қайтыс болған дерегі тіркеліп, қазіргі ем-дом алып жатқандардың қа­тарында жағдайы ауыр болып тұрғандардың бар екенін ескеріп, аты жаман дерттен қайтыс бол­ғандарды жерлеудің жаңа ере­жесі жайлы да айта кетуді жөн санадық. Қауіпті індеттен қайтыс болғандардың денесі туыстарына берілмейді. Қауіпсіздік мақ­сатында мәйітханада марқұмның денесі ашылмайды. Ал ақтық сапарға шығарып салуға туыс­тарына бар-жоғы 1 сағат қана уақыт беріледі. Оның өзінде тек әйнек сыртынан қарауға ғана. Тағы бір шарт – жерлеуге тек ет жақындары шақырылады. Ал олардың саны 7 адамнан ас­пауы керек. Жерлеу рәсімінде эпидемиолог мамандар жүреді.
– Штабтың шешімі бойынша жерлеу рәсімінің алгоритмін қайта пысықтадық. Онда мәйітті қалай және қайда көму керектігі, ең бірінші қайда хабар беру жайлы егжей-тегжейлі жазылған. Алғаш болып кімдердің іске кірісу керегі айтылған. Ал қалғанын елі­­міздің бас санитарының қау­лысымен жасадық. Ол жуық арада көпшілікке таныс­тырыл­ды, – деді қалалық Тауарлар мен қызметтердің қауіпсіздігін ба­қылау департаментінің басшысы Айзат Молдағасымова. Қауіпті індеттен көз жұмған­дардың де­несі арнайы қоспамен өңделеді. Кейін полиэтиленді пакет пен ауа өткізбейтін тығыз матаға ора­лады. Сондай-ақ марқұмның бетін ашуға да тыйым салынған.
Тиісті мамандар Алматыда нау­қастарды қабылдайтын орын­ның жеткілікті екенін айтады. Оның үстіне Нұр-Сұлтан, Алматы мен Шымкентте тез салынатын инфекциялық ауруханалардың құрылысы басталып та кетті. Оның үстіне бұл ауруханаларда арнайы ауа баптағыш пен жел­деткіш жұмыс істейді. Бұл аты жаман ауруға шалдыққандарды оқшаулап қана қоймай, оларды емдеп жүрген дәрігерлердің де қауіпсіздігіне пайдасын тигізбек. Сонымен қатар Бас әскери клиникалық госпитальдің анес­­тезиология, реанимация және қар­қынды терапия бөлім­шесі даяр­лыққа келтірілді. Ол аталмыш пневмонияның ең күрделі жағдайын, соның ішінде вирус жұқтырғандарды емдеуге мүмкіндік беретін зама­науи өкпені жасанды желдету құралдарымен жабдықталған. Бөлімшенің жеке құрамы қажетті қорғаныс құралдарымен және 2-3 дәрежелі қорғаныш киімдерімен қамтамасыз етілген. Күн сайын COVID-19 вирусын жұқтырған науқастардың келіп түсуі жағ­дайында әрекет алгоритмі бойын­ша медицина мамандарына са­бақ­тар мен арнайы тренингтер өткізіледі. Бұдан бөлек, әскери гос­питальдер мен лазареттерде дайын­далған жұқпалы аурулар бөлімшелеріне қосымша Ал­матыдан 30 шақырым жерде зама­науи мобильді далалық госпиталь ашылды.  

 width=   Гүлнар ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ