Нұр-Сұлтанда 31 медицина қызметкері коронавирус жұқтырды
Нұр-Сұлтанда 31 медицина қызметкері коронавирус  жұқтырды
© сурет интернеттен алынды
162
оқылды
Нұр-Сұлтан қаласында коронавирус инфекциясын жұқтырған медицина қызметкерлерінің саны 31 адам. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қалалық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәуле Қисықова мәлімдеді.
«Елордамызда коронавируспен ауырғандарың саны 222-ге жетті. COVID-19 жұқтырған медицина қызметкерлерінің саны 31 адам. 6315 адам бақылаудан және емдеуден өткен. Коронавирус жұқтырғандардың 46%-ы ерлер, 54%-ы әйелдер, 18 жасқа дейінгілердің көрсеткіші – 3%, 70 және одан жоғары жастағылар - 1%. Жазылып шыққандар саны – 28 немесе инфекция жұқтырғандардың 13%-ы. Ауруханада 493 науқас ем алып жатыр, оның 203-і коронавирус жұқтырғандар. 10 науқас – Ақмола облысының тұрғындары. 5 науқастың жағдайы ауыр халде, оның үшеуі жасанды өкпе желдету аппаратына қосылған», - деді Қисықова.
Нұр-Сұлтан қаласы бойынша 700-ден астам медицина қызметкері қонақ үйлерге орналастырылған.
«Медицина қызметкерлерінің қауіпсіздігі жан-жақты қамтамасыз етіліп жатыр. Бүгінде 700-ге жуық медицина қызметкері қаладағы қонақүйлерге орналастырылды. Үш уақыт тегін тамақ, жұмысқа апарып-әкелетін көлік және психологтар тартылды. Президент Қ.Ж.Тоқаевтың тапсырмасы бойынша, коронавируспен күресіп жатқан 7469 медицина қызметкеріне наурыз айында 150 миллион теңге сыйақы берілді. Сондай-ақ, Елбасының тапсырмасымен «Біз біргеміз» қорынан коронавирус жұқтырғандармен тікелей байланыста жүрген медицина қызметкерлеріне 25 миллион теңге көлемінде қосымша қаржы бөлінді. Нұр-Сұлтан қаласы маңайындағы 7 блокпоста 52 медицина қызметкері қызмет етуде», - деді басқарма басшысы.
6 сәуірдегі жағдай бойынша, Қазақстанда 67 медицина қызметкері коронавирус жұқтырып алған. Мұндай жағдай 8 өңірде тіркелген:
  • Ақмола облысы - 1;
  • Атырау облысы - 2;
  • Қарағанды облысы - 4;
  • қызылорда облысы - 1;
  • Солтүстік Қазақстан облысы - 6;
  • Түркістан облысы - 1;
  • Алматы қаласы - 21;
  • Нұр-Сұлтан қаласы - 31.