Құрылыс сапасында кемшілік жоқ
Құрылыс сапасында кемшілік жоқ
416
оқылды

Елбасының бес әлеуметтік бастамасы аймақтарда қалай іске асып жатқанын бақылау мақсатында Nur Otan партиясы жанынан құрылған қоғамдық кеңес мүшелері кезекті рейд өткізді. Онда «Бес бастаманың бірінші бағыты бұқараны баспанамен қамту» мәселесі талқыланды. Қостанай өңірінде «7 – 20 – 25» мемлекеттік бағдарламасы арқылы үй алу тетіктерінің тиімділігі тілге тиек болды.

Биыл Бес әлеу­меттік бас­таманы түсіндіру мен іске асу барысын тексеру бойынша іс-шаралар тізбегі құрастырылған еді. Өткен жылдың өзінде 6 оты­рыс өткізіліп, нәтижесінде, 13 ұсы­ныс әзірленді. «Президенттің бес әлеу­меттік бастамасын» ақпараттық түсіндіру шаралары аясында 900-ден астам кездесу ұйымдас­тыры­лып, 35 мыңнан астам тұр­ғынды қам­тыды, – дейді Nur Otan партия­сы Қостанай облыстық филиалы төрағасының бірінші орын­басары Жаңабай Бисимбаев. 
Қостанай өңірінде 600-ден ас­там көпбалалы отбасы баспана кезегінде тұр. Олардың 70%-ы об­лыс орталығы мен Рудный қала­сында және Қостанай ауданында тіркелген. Жуырда оларды бас­па­намен қамтамасыз етуге респуб­ли­калық және облыстық бюджет­тен 900 млн теңге бөлінген. Бұл қаржының бір бөлігіне аталған отбасылар үшін дайын пәтерлер сатылып алынса, екінші бөлігі бас­пана кезегінде тұрған көпба­лалы және тұрмысы төмен отба­сыларға «Тұрғын үй жинақ банкі» арқылы 2%-дық жеңілдікпен бе­ріледі. Құрылыс басқармасының ақпаратына сәйкес, «Бақытты отбасы» аясында жаңа бағдарлама мамыр айынан басталады. Қар­жының қалған бөлігіне көпбалалы отбасыларға арналған жалдамалы үйлер тұрғызылмақ. Мұндай үйдің бірі былтыр Аманкелді ауданында бой көтерген еді. Биыл Федоров ауданында 24 пәтерлік, ал Лисаков қаласында 60 пәтерлік жалдамалы үй салынбақ. 
Өңір тұрғындарының «7 – 20 – 25» ипотекалық бағдар­ламасы бойынша баспана алу көрсеткіші де біршама өскен. Бүгінге дейін тұрғындар тарапынан екінші деңгейлі банктерге көлемі 2 млрд теңгеге жуық 400-ден астам өтінім түсіп, оның 306-ы қанағат­тандырылған. Тобыл өңірі бұл бағдарламаны іске асыруда еліміз бойынша алдыңғы қатарда келеді. 
– Былтыр бұл бағдарлама бойын­ша тұрғындарға жалғыз «Центркредит Банк» қана несие беріп келсе, биыл оған «Халық банкі», «Форте», «АТФ», «Цесна банк», «Еуразия» және «Сбербанк» сияқты қаржы мекемелері қосы­лып отыр, – дейді Ұлттық банктің Қостанай облыстық филиалы қаржы мекемелерін қадағалау және қаржылай қызмет көрсету бойынша тұтынушылар құқығын қорғау бөлімінің басшысы Әсет Қуанышбаев.
Жалпы, «7 – 20 – 25» бағдар­ламасы бойынша биыл 11 тұрғын үй салынады. Онда 1 233 пәтер бар. Мұның сыртында аталған бағ­дарламаның тиімділігін арттыру мақсатында екінші жартыжыл­дықта облигациялық қарыздар бойынша салынып жатқан несие­лік тұрғын үйлердің есебінен 368 пәтерді екінші деңгейлі банк­терге өткізу жоспарланған. Ар­найы бақылау іс-шарасы барысын­да құрылыс сапасында кемшілік­тер табылмады. 
Айта кету керек, қоғамдық кеңестің тексеру шаралары ұдайы ұйымдастырылып тұрады. Басты мақсат Бес әлеуметтік бастаманың уақытылы орындалуы дейді кеңес мүшелері.