«Ұлттық қордың маңызы тағы да дәлелденіп отыр»
«Ұлттық қордың маңызы тағы да дәлелденіп отыр»
266
оқылды
Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев қай кезде болса да елдің ертеңі үшін алаңдап, сол жолда еңбек етіп келеді. Әлемдік пандемияға байланысты қалыптасып отырған төтенше жағдай кезінде жариялаған мақаласы да осының дәлелі. Елбасы жазғандай қазақ халқы бұдан да қиын-қыстау кезеңді басынан өткеріп, барлығынан аман шыққаны белгілі. Қазақстан Тәуелсіздіктің 30 жылға жуық мерзімі ішінде экономикасы мықты мемлекетке айналды. Н.Назарбаев басшылыққа алған салиқалы, сарабдал саясаттың арқасында шет мемлекеттермен тығыз байланыс орнады. Осы уақыт бедерінде кез келген қиындыққа төтеп бере алатын дербес мемлекет екенін көрсетті. Соңғы жылдары іске асырылған жобалар мен мемлекеттік бағдарламалар ел экономикасының тұрақты дамуын толық қамтамасыз етіп келе жатыр. Тәуелсіздіктің алғашқы кезеңінде құрылған ұлттық қор осындай күрделі кезеңдерде, дағдарыс уақытында көмегін беруде. Елбасы осы ұлттық қорды құруды тапсырғанда осындай маңызын атап өткен болатын. Қазір оның игілігін көріп отырмыз. Мемлекет республика бойынша жарияланған төтенше жағдай мен ірі қалалардағы карантин кезінде азаматтарды қиындықтан құтқару үшін барлық ауыртпалықты мойнына алды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке бірқатар тапсырма жүктеді. Ауыл шаруашылығы саласына, фермерлердің кәсібіне 70 млрд теңге бөлінді. Көктемгі егіс жұмыстарына деп қосымша 100 млрд теңге қарастырылып, дизель отынын 15 пайызға арзандату тапсырылды. Шағын және орта бизнесті салықтан босату тұрғысынан да үлкен жеңілдіктер жасалуда. Әлемдік пандемия қыспағында қалған басқа мемлекеттермен салыстырғанда біздегі жағдай тұрақты деп айтуға болады. Тиісті шаралар қабылданды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев алдағы уақытта да үкімет халықпен бірге тығыз жұмыс істей беретінін айтты. Оның нәтижесі қазірдің өзінде біліне бастады. Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы өзінің халыққа үндеуінде: «Мемлекет бұл қиын­дықтан шығу үшін қолдан келгеннің бәрін жасайды және тиісті ша­раның барлығын ат­қарады. Бірде-бір адам, еліміздің ешбір азаматы қамқорлықсыз қалмайды», - деп атап өтті. Яғни, мемлекет тұрғысынан толық қолдау бар. Енді тек Елбасымыз айтқандай бірлесе еңбек етіп, қиындықты еңсеруге жұмыс істеуміз қажет.