Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Н. Назарбаевтың «Бес әлеуметтік бастамасын» іске асыру бойынша Nur Otan партиясы Шымкент қалалық филиалында қоғамдық кеңестің отырысы өтті. Онда Бес әлеуметтік бастаманы іске асыру барысы талқыланды. Мәжіліске кеңес мүшелері, мәслихат депутаттары, атқарушы орган басшылары, үкіметтік емес ұйымдар өкілдері қатысты. Елбасының бес әлеуметтік бастамасын іске асыру мақсатында Шымкент қаласы бойынша жол картасы әзірленіп, бекітілген болатын. Осы жоспардың орындалуы туралы мемлекеттік мекеме басшылары партиялықтарға есеп берді. Ұлттық банктің Оңтүстік аймақтық филиалы директоры Әнуар Ботанбеков «7 – 20 – 25» бағдарламасы бойынша Ұлттық банк тарапынан атқарылған жұмыстар туралы баяндады. – Бүгінгі таңда Шымкент қаласы бойынша 450 өтініш қабылданып, соның 239-ы мақұлданды. Біздің серіктес банктеріміз арқылы 2,5 млрд теңгеге несие берілді. Бұл дегеніміз – Шымкент республикалық қалалық мәртебе алғаннан кейін Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларымен салыстырғанда төмен көрсеткіш. Осы тараптар төңірегінде біраз жұмыс жасалады. Қаланың экономикасы, халықтың әл-ауқаты өседі. Біз әлі үлкен көрсеткішке қол жеткіземіз. Өйткені бұл бағдарламаның шектеуі жоқ. Сондай-ақ қазіргі таңда халықтың тұрғын үйге сұранысы көп. Жыл соңына дейін бірнеше мың пәтер салынады. Қазіргі таңда «Нұрлы жер» бағдарламасы арқылы жеке кәсіпкерлердің қолдауымен және BI GROUP компаниясымен де тұрғын үй кешені салынып жатыр. Бұның өзі де «7 – 20 – 25» бағдарламасы арқылы сатылады, – деді филиал директоры. Шымкент қаласындағы 10 жоғары оқу орындары мен 29 колледжде 106 636 студент білім алуда. Оның ішінде 6 614 студент жатақханамен қамтылды, ал 8 050 орынға қажеттік туындап отыр. Үшінші мегаполис студенттерінің жағдайын жақсарту бойынша атқарылған жұмыстар легін баяндаған білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Айгүл Текебаева баяндамасынан нақты мысалдар келтірді. – Қазіргі таңда қаламызда жатақхана орнының қажеттігін жою бойынша бірқатар жұмыстар атқарылуда. Атап айтатын болсақ, әкімдік тарапынан «Тұран» шағынауданынан 8 гектар жер телімі белгіленіп, Shymkent әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы АҚ инвестициясы есебінен 5 000 орынды жатақхана салу үшін жер рәсімделді. Сонымен қатар жеке кәсіпкерлер арқылы 200 және 350 орынды жатақхана салу үшін «Қаржы орталығы» акционерлік қоғамымен келісімшарт түзілді. Қазіргі кезде құрылыс жұмыстары жүргізілуде, – деді ол. Мәжіліс барысында қалалық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нүркен Бигулиев шағын несие беруді көбейту жөнінде айтса, Энергетика және коммуналдық-шаруашылық басқармасының басшысы Нұрлан Аманқұлов елді газбен қамтамасыз ету мәселесіне тоқталды. Партиялықтар атқарылған жұмыстарға қанағаттанарлық баға беріп, ақпараттық жұмыстарды күшейту бойынша ұсыныстарын айтты.
Әбілмансұр ЖАСАН