21 жасында Кеңес Одағының батыры атанған қазақ
21 жасында Кеңес Одағының батыры атанған қазақ
©Сурет интернеттен алынды
1,168
оқылды
Сағадат Нұрмағамбетов 1924 жылы қазіргі Ақмола облысы Ақкөл ауданы Қосым ауылында туған. Өзі үйдің кенжесі болыпты. Әкесі – Қожахмет, анасы – Айса, ағасы Сағит. Сағадат дүние есігін ашуға бір ай қалғанда әкесі Қожахмет өмірден озады. Анасы жалғыз қалып, екі ұлын асырау үшін бар күшін салады. Алайда елдегі ашаршылық жайлаған 1932 жылы Сағит пен Сағадат анасынан айырылып, тұл жетім қалады. Ол кезде Сағадат бар-жоғы 7 жаста еді.
Оған әке де, шеше де болған Сағит еді. Бірақ сұм соғыс ағасын да көп ұзатпай майданға алып кетеді. Сөйтіп жалғыз ағасы Новгород түбiндегі шайқаста қаза табады. Отбасынан айырылған Сағадат Нұрмағамбетов ерте есейіп, жастайынан алғыр, өжет болып өседі. Екі сыныпты бір жылда бітіріп, зеректігімен ерекшеленген ол, география және тарих пәнінің мұғалімі болуды армандаған екен.
[caption id="attachment_34238" align="alignleft" width="433"] width= ©Сурет интернеттен алынды[/caption] Соғыс жылдарында Қосым ауылында есепшi, клуб меңгерушiсi болған. Бірақ 18 жасқа толар-толмастан 1942 жылдың шiлде айында әскер қатарына қабылданады. Түрікменстанда пулеметшiлер дайындайтын училищенi үздiк аяқтағандықтан майдан шебіне взвод командирi болып барады.  Кубань, Дон, Молдавия жерлерiнде, Одер, Шпрее өзендерiнiң бойында жан алысып, жан беріскен шайқастарға қатысады. 1945 жылы 17 қаңтарда Нұрмағамбетов Польша жерiнде жау қорғанысын бұзып өту кезiндегi жауынгерлiк тапсырманы ержүректiлiкпен орындайды. Магнушев плацдармында болған шайқаста ол басқаратын пулемет ротасы 2 күн ішінде 120 фашист пен 12 пулемет орналасқан орынның көзін жояды. Варшава қаласынан 60 шақырым жерде орналасқан Магнушев қаласын жау әскерінен тазарту кезінде Нұрмағамбетов әскерлерді сауатты басқара білуімен көзге түседі.
Шайқастардың бірінде станокты пулемет дәлдеуіші істен шығады. Соған қарамастан Нұрмағамбетов пулеметті қолына алып, жау әскеріне оқты қарша боратады. Осылайша, ол фашистердің 2 жойқын шабуылына тойтарыс беріп, 65 фашист әскерін өлтіреді. Нәтижесінде Сағадат Нұрмағамбетов басқарған рота Польшаның Пилица өзенінен өтеді. Онда рота 35 жау әскерін өлтіріп, 6 пулемет орналасқан жердің көзін жояды.
[caption id="attachment_34239" align="alignnone" width="822"]Сағадат Нұрмағамбетов ©Сурет интернеттен алынды[/caption] Осылайша, 1945 жылдың 27 ақпанында 21 жасында Сағадат Нұрмағамбетовке Кеңес Одағының батыр атағы беріледі. «Медальдарды армия қолбасшысы жеке өзі табыстады. Ол кеудемізге «Ленин» ордені мен «Алтын жұлдызды» тақты. Бізді шынайы ниетімен құттықтады. Толқынысымды жасыра алмадым. Қазақтың жетім баласына мұндай зор құрмет көрсеткеніне сене алмадым. Әкем мен анам, Сағи ағам, отандастарым бұл жетістігімді көрсе екен деп ойладым» дейді батыр өз естелігінде. [caption id="attachment_34240" align="alignright" width="501"]Нұрмағамбетов ©Сурет интернеттен алынды[/caption]
1945 жылдың 8 мамырда Нұрмағамбетов екінші рет Кеңес Одағының батыры атағына ұсынылады. Оның батальоны рейхсканцелярия ғимаратына жасалған шабуылға қатысқан.
Ол уақытта Сағадат майор атағымен атқыштар дивизиясын басқарған. Сонда ол Берлинде 400-ден аса немістің көзін құртып, 9 фашист бекінісін жояды. Оған қоса, 1560 жау әскерін тұтқынға алды. Осы шайқаста Нұрмағамбетов бірінші рет жараланады. Алайда қазақ сарбазына екінші мәрте Кеңес Одағының батыры атағы берілмеді. Тек Қызыл ту орденімен марапатталды. Сөйтіп, қазақтың қаһарман жігіті соғысты Берлинде аяқтайды. [caption id="attachment_34241" align="alignnone" width="1024"]кукла ©Сурет интернеттен алынды[/caption] 1946-1949 жылдар аралығында ол Мәскеудегi Фрунзе атындағы Әскери академияны бітіріп, Орта Азиядағы Түркiстан әскери округiне полк басқаруға жiберiлдi. Кейін әртүрлi штабтық, командалық лауазымдарда, оның iшiнде Қазақ КСР Азаматтық қорғаныс штабының бастығы, Орта Азия әскери округi қолбасшысының орынбасары, Оңтүстiк топ әскерлерi қолбасшысының бiрiншi орынбасары (Венгрия) қызметiн атқарды.
КСРО Қарулы Күштерi Бас штабының академиясындағы курстарда білім алды. Ал 1989 жылы Қазақ КСР соғыс және еңбек ардагерлерi кеңесiнiң төрағасы, Қазақ КСР Жоғарғы кеңесiндегi ардагерлер мен Қарулы Күштер мүгедектерi iстерi комитетi төрағасы қызметтерiн атқарды.  
[caption id="attachment_34242" align="alignright" width="544"] width= ©Сурет интернеттен алынды[/caption] Еліміз тәуелсіздігін алған соң, ол мемлекеттің қауiпсiздiгi мен қорғаныс саласын нығайтуға бар күшін салды.  1991 жылы Қазақстан Тұңғыш президентiнiң жарлығымен мемлекеттiк қорғаныс комитетiнiң төрағасы қызметіне тағайындалады. Бір жылдан соң Қорғаныс министрi болды.  Ол кезде министр сапалы әскери мамандарды даярлауға бар күшін салған еді.
1994 жылдың 23 мамырында Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен Сағадат Нұрмағамбетовке Халық Қаһарманы атағы мен «Алтын Жұлдыз» табыс етiлдi. Келесі жылында армия генералы атағымен отставкаға шығып, Қазақстан президентiнiң кеңесшiсi болды.
2013 жылдың 24 қыркүйегінде Сағадат Нұрмағамбетов 90 жасқа қараған шағында өмірден озды. Артында Талғат пен Айсұлу есімді балалары мен 4 немересі қалды.