Елбасы мақаласы ой елегінен өткен ақ тілеулі сөз
Елбасы мақаласы ой елегінен өткен ақ тілеулі сөз
325
оқылды
– Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев қазіргі қиын қыстау кезеңде, күллі әлем, оның ішінде біздің еліміз де пандемиямен жаппай күрес жүргізіп жатқан тұста ақыл-ойымен, көпжылдық тәжірибесімен бөлісіп, жол көрсетіп, қазақстандықтарды шынайы бірлікке шақырды. Күні кеше жарық көрген мақала стратегиялық құжат, үндеу немесе жаңа реформа емес, қарапайым халыққа түсінікті тілмен жазылып, ой елегінен өткен ақ тілеулі сөз. Біріншіден,  мақаланы оқып отырып, Ғабит Мүсіреповтің «Өткенді білмей, келешекті білу мүмкін емес. Өткеннің парқын білген, бүгіннің нарқын ұғады» деген ұлағатты сөзі ойға келеді. Расымен де, егемендік алған тұстан бастап жүзеге асқан ауқымды жұмыстар мен елеулі жобалар мемлекетімізді әлемге танытып, өркениетті елдердің қатарына қосты. Бұл оқиғалар еңсесін енді көтеріп, экономикалық тығырықтан жол іздеуге тырысқан Қазақстан үшін оңай болмағаны анық. Біздегі тұрақтылық пен бейбітшілікті көрген шетелдік инвесторлар өз қаражатын ел экономикасының дамуына бағыттады. Қысқа мерзім ішінде Елбасының сол жылдардағы көреген, салиқалы саясатының арқасында Ұлттық қордың негізі қаланып, болашақтың қамы жасақталғаны жайлы мақалада жақсы баяндалған. Жоспарлы түрде жүзеге асқан реформалар мен маңызды шешімдер қазіргі қиын сәтте экономикамыз үшін қорғаныш қалқаны болып отыр. Екіншіден, тарих беттеріне көз жүгіртер болсақ, біздің ата-бабаларымыз сан түрлі қиындықты бастан кешіріп, елдігін тұтастық пен бірлік арқасында сақтап қалғаны туралы мақалада дөп басып айтылған. Бірлік жайында сөз болғанда Төле бидің Әнет бабаға «Бірлігі бар елді жау да, дау да ала алмайды. Онсыз тірлік жоқ!» деген жауабы нақты мысал болмақ. Шынымен, ұлт саулығына қатер төндірген жаһандық пандемияны тоқтату мақсатында жалпы қоғам болып, жұдырықтай жұмылып, әркім өз саласында аянбай еңбек етіп, бір адамдай үлесін қосып жатқандығына Елбасы жоғары баға беріп, өз жалғасын табатындығына сенім білдірген. Сондай-ақ, Елбасы «Nur Otan» партиясы тарапынан мұқтаж жандарға арнайы қаражат бөліп, «Біргеміз» қорын ашу туралы ұсынысы тәуелсіздік жылдары көтерілген қалталы азаматтардан бірауыздан қолдау тауып үлгерді. Бұл бастама Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы жүргізіп жатқан әлеуметтік көмек саясатына айтарлықтай демеу болып отыр. Айналып келгенде жасалып жатқан тірліктің барлығы біздің мызғымас бірлігіміздің арқасы. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні – алауыздыққа жол бермеу, сабырлық пен шыдамдылық таныту. «Аққу, шортан һәм шаян» кейпіне түспей, сынақтан сүрінбей өту, іс жүзіндегі бірлікті көрсету. «Айдағаны бес ешкі, ысқырығы жер жаратын» арандатушылардың айдағына ермей, ресми ақпаратқа сену. Елбасы ойын аяқтай келе зиялы қауым өкілдеріне, жастарға, кәсіпкерлерге өз сөзін арнап ұрпақтар сабақтастығының маңыздылығын атап көрсеткен. Мәди АХМЕТОВ, Алматы қалалық «Жас Отан» Жастар қанатының төрағасы