Шымкентте үп еткен жел тұрса, жарық жалп етіп өшеді
Шымкентте үп еткен жел тұрса, жарық жалп етіп өшеді
289
оқылды
Шымкент қаласында кеше ауа-райы күрт бұзылып, қалың қар жауды. Көктем ерте келіп, айнала гүлге оранған және жеміс ағаштары гүлдеп жатқан уақытта бұл күтпеген құбылыс болды. Қырсық қылғанда қаланың басым бөлігінде жарық та өшті. Қалың жауған қардың салдарынан көптеген ағаштар құлап, электр желілері үзілді. Сегіз мыңға жуық абонент электр жарығынсыз қалды. Шымкенттік төтеншеліктер жедел жұмылып, зардабты  жоюға кірісті. Қазіргі таңда көшедегі құлаған талдар жиналып, бірқатар аумаққа жарық берілді. Алайда сәл жел тұрып, ауа-райы бұзылса жалп етіп өше қалатын жарықты жұрт түсінбей әлек. Мұның алдында да бұл жағдай жиі қайталанып жүр. Бұдан бағаналардың әбден ескіргенін байқауға болады. Алайда, электр жарығына төленетін баға жиі қымбаттайды. Демек,  коммуналдық төлемдерге қосылатын қаржы неге бағаналарды жаңалауға жұмсалмайды? Бүгінде әлеуметтік желіде  монополистер мен халық бірін-бірі түсінбей кететін шығар  деген пікірталастар қызу қарқын алған.

Н. Назарбек.