Түлкібас ауданындағы табиғаты талайды таңқалдырған Пістелі ауылында «Таупістелі тағылымы – 2019: Шерхан мен Насыр бауында» басқосуы өтті. Талантты қаламгерлердің басын қосқан халықаралық жиынның мақсаты – түбі бір түркілер туыстығы, әдебиет пен журналистика, жас ұрпақ тәрбиесі туралы ой қозғау, рухани байланысты тереңдету.
Жиынға ардагерлер, зиялы қауым өкілдері, Қазақстан, Түркия, Өзбекстан мемлекеттерінің қаламгерлері, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері және шығармашыл жастар қатысты. Жиынға келгендер алдымен Түлкібас ауданынның орталығындағы Тұрар Рысқұлов ескерткішіне гүл шоғын қойып, Түркібасы әулие кесенесіне барып, дұға бағыштады. Одан соң Таупістелідегі Шерхан мен Насыр бауына жиналды.
Таупістелі – жазушы-журналист Мархабат Байғұттың кіндік қаны тамған - туған топырағы. 1995 жылы Таупістелі ауылында Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Шерхан Мұртаза және Өзбекстанның халық жазушысы, президентінің Бейбітшілік және рухани келісім сыйлығының лауреаты Насыр Фазыл бастаған жиырмадан аса ақын-жазушылар қонақта болған. Олар ауылдың айнала төңірегіндегі көр-кем табиғатты тамашалап, сұхбат құрған. Сол сапарда Шерхан Мұртаза, Насыр Фазыл бастаған бір топ қаламгерлер арнайы бау ағаштарын отырғызған болатын.
Естіп білгеніміздей, бұл бауда 2005 жылы қаламгер Мархабат Байғұтың 60 жасында 60 түп алма егілген болса, 2015 жылы 70 жасқа орай 70 түп алма отырғызылған екен. Бүгінде кіл мықты жазушылардың қолымен отырғызылған бау табиғаты тамаша ауылдың көркіне сән қосып, әр беріп, жайқалып тұр.
Қонақтар баудың жоғары жағында мөлдіреп ағып жатқан бастау бұлақтың кәусар суынан да шөл басып, онан соң кітаптар сөрелерін тамашалады.
Сол жерде қонақтар жазушы Мархабат Байғұттың туып өскен қара шаңырағында ақ дастарқаннан бал қымыздан дәм татты. Одан соң қонақтар конференцияға қатысу үшін ауыл шетіндегі «Алтын таға» демалыс аймағына барды.
Жиынды жазушы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Байғұт Мархабат жүргізді. Табиғат аясында өткен конференцияда қонақтар елді ауызбіршілікке, руханиятқа жетелейтін жақсы сөздер айтып, өз ойын ортаға салды.
Қазақтың мықты қаламгері Мархабат Байғұттың ұйытқы болуымен өткен бұл басқосу ерекше форматта өтті. Атап айтқанда, зәулім-зәулім сарайлар мен салтанатты ғимараттарда өтіп жүрген шаралардай емес, табиғаты тамсандырған ауылда, табиғат аясында өткен жиында жаны жадыраған қаламгерлер әзіл-шыны аралас әңгімелердің де тиегін ағытып, қалжыңдасып тамаша көңіл күйде отырды.
Мархабат ағаның айтуынша, Таупістелі ауылына атау болған таупісте кәдімгі күнделікті шағатын шемікше емес, ол – жаңғақ тұқымдас, айрықша ағаш. Жемісі дәмді, дәрілік дәрумені мол. Биіктігі бес-алты метрге жетеді. Бұл ағаш кез келген жерлерде өсе бермейтін көрінеді.
Тағылымды кездесуде Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының хатшысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ақын Есенғали Раушанов, Өзбекстан Жазушылар одағы қазақ әдебиеті кеңесінің хатшысы, жазушы, аудармашы Мехманқұл Исламқұлов бастаған бір топ ақын-жазушылар, белгілі ақын, шоқайтанушы Қасымхан Бегманов, Қазақстанның Құрметті журналисі Байдулла Қонысбек, Түркия Республикасының өкілі, белгілі ғалым, Қ.Ясауи атындағы ХҚТУ-дың түрік филологиясы кафедрасының меңгерушісі Асыл Шенгүн, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, К.Симонов медалінің иегері Нармахан Бегалыұлы және Несіпбек Дәутайұлы, Жазушылар одағының Түркістан облыстық филиалының төрағасы Әлібек Шегебай және өзге де ақын-жазушылар қос қаламгер жайлы толғаныстарын, қоғам, әдебиет, руханият туралы келелі ойын айтты.
Жылы жүздесуде қаламгер ағалар әдебиетке қадам басқан жастарға бата беріп, ақ жол тіледі. Басқосу барысында Шерхан Мұртаза мен Насыр Фазылдың шығармаларынан жазушы Мархабат аталарына еліктеп өскен сол ауылдың жастары үзінділер оқыды және әншілер қауымынан өнерпаздар өнер көрсетті.
Айта кетейік, «Таупістелі тағылымын» әрбір 3 жыл сайын дәстүрлі түрде өткізу жоспарланған. Енді міне, сол тағы жалғасын тауып, Пістелі ауылында «Шерхан мен Насыр бауында» деп аталып отыр. Сондай-ақ «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өткізілген биылғы басқосу қазақтың Шерхан Мұртазасының рухына және өзбек халқының дарындысы Насыр Фазыл сынды сөз зергерінің 90 жылдығына арналды.
«Мархабат-Мирас» қоғамдық қоры мен Түлкібас ауданы әкімдігі қолға алған бастамаға Түркістан облысы әкімдігі қолдау көрсетті.
Түркістан облысы