Қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетеді
Қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетеді
1,037
оқылды

Сыбайлас жемқорлық бір күнде жойылатын іс емес. Онымен пәрменді күресу үшін халықтың құқықтық сауатсыздығын жойып, құқықты түсіндіру жұмысының деңгейі мен сапасын арттыру керектігінің маңызы зор. Еліміздің әр азаматы жете түсініп, жұмыла күрескен сәтте ғана нәтижелі болмақ.

Елімізде жемқорлықпен және ұйымдасқан қылмыспен күресті күшейту шараларына орай «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» арнайы заң қабылданды. Қазіргі кезде сыбайлас жемқорлықты әлемнің кез келген елінен байқауға болады. Жер жаһанда сыбайлас жемқорлықпен күресуді күшейту жұмысы үздіксіз жүргізілуде және жетілдірілу үстінде. 2014 жылдың 26 желтоқсанында Қазақстан Республикасының 2015-2025 жылдарға арналған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы жаңа стратегиясы бекітілді.

Еліміздің дамуына бармақ басты, көз қыстылықтың тигізер кесірін ата-бабаларымыз да дөп басып, «тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деп бағасын берген. Өкінішке орай, жең ұшынан жалғасатын көз қысты бармақ басты әдет әлі де болса қалмай келеді.

Бұл дерт еліміздің дамуына, экономиканың өркендеп өсуіне өрескел кедергі келтіретіні даусыз.

Кез келген өркениетті қоғам үшін жемқорлықпен күрес ең өзекті мәселелердің бірі. Сыбайлас жемқорлықпен күрес жүргізу – тұтастай қоғамның басты міндеті мен борышы.

Біздің қоғамда сыбайлас жемқорлыққа орын жоқ. Осы дерттің одан әрі ушықпауы үшін оны тоқтатудың барлық амалдарын қолдануымыз қажет. «Қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетеді» дегендей, жемқорлықтың беті ашық қалмасы үшін қақпаққа әр азамат ие болғаны абзал.

 

С.Джолдыханов,
Алматы облысы, Ақсу ауданы,
Көшкентал мәдениет үйінің директоры