Қытайдан Қазақстанға 5 тонна гуманитарлық көмек келді
Қытайдан Қазақстанға 5 тонна гуманитарлық көмек келді
187
оқылды
Коронавируспен күрес шаралары аясында Қытай Қазақстанға 5 тонна гуманитарлық көмек жіберді. Денсаулық сақтау вице-министрі Камалжан Надыровтың айтуынша, гуманитарлық көмек түрінде жеке қорғаныс құралдары мен науқастарды емдеу үшін дәрілік препараттар жеткізілді. «Қытайда эпидемиялық жағдай нашарлағанда Қазақстан атынан гуманитарлық көмек жіберілген еді. Бүгінгі жүк арасында медициналық құрылғылар жоқ. Бір реттік қорғаныс киімі, медициналық маска, көзілдірік сынды медицина мамандарына қажет қорғаныс құралдары жеткізілді. Оның жалпы салмағы 5 тоннадан асады», - деді вице-министр елорда әуежайында тілшілерге берген сұхбатында. Сонымен бірге, Қытайдың Қазақстандағы елшісі Чжан Сяо дәстүрлі дәрілердің де жеткізілгенін айтты. «Дәрігерлер бортынан бөлек, екінші ұшақта гуманитарлық көмек жеткізілді. Оның арасында медициналық бетперде, тепловизор, көзілдірік, қолғап және дәстүрлі қытай дәрілері бар. Жаңа вирусқа қарсы вакцина мен белсенді дәрілер болмағандықтан, дәл осы дәстүрлік дәрілер коронавируспен күресте көмек көрсеткен еді», - деді Чжан Сяо. Елшінің айтуынша, қытайлық тарап тағы да қосымша гуманитарлық көмек жіберуге дайын. Айта кетейік, бүгін Қытайдың Шыңжан-Ұйғыр автономды ауданынан 10 дәрігер Қазақстан астанасына келді. Олар коронавирус инфекциясын жұқтырғандарды емдеу бойынша тәжірибе алмасады. Елшінің айтуынша, Қытайдың медициналық бригадалары бүгінде Пәкістан, Италия, Иран елдерінде жұмыс істеп жатыр. Қазақстан - ҚХР дәрігерлері барған ТМД елдері арасындағы жалғыз мемлекет.