Цифрландыру қайта қарауды талап етеді
Цифрландыру қайта қарауды талап етеді
291
оқылды
Осындай сын сағатта бірде-бір адам, еліміздің ешбір азаматы қамқорлық­сыз қалмайды. Дариға На­зарбаева Сенат отырысын­да депутаттар алдында сөз сөйледі. Жоғарғы палата төрағасы Елбасының коро­навирус пандемиясы сал­да­рынан бүкіл әлемде орын алған ахуалға сындарлы талдау жасаған мақаласы жарияланғанына назар аудартты. Мақалада азаматтардың денсаулығын сақтау, осындай күрделі жағдайда халықты және ел экономикасын қолдау жөнін­дегі мемлекет тарапынан қолға алынған шараларға да жоғары баға берілген. «Тұңғыш Президент атап өт­кендей, жағдайды тұрақтандыру жолында көп жұмыс жасалды, бұл бағытта жүйелі жұмыстар жал­ғасын табуда. Ең бастысы – осын­дай сын сағатта бірде-бір адам, еліміздің ешбір азаматы қам­қорлықсыз қалмайтынын тү­сі­нуіміз керек. Ол үшін біздің мем­лекетімізде қажетті ресурс­тың бә­рі бар», – деді Д.Назарбаева. Ол ұлағатты және оң істердің осындай қиын-қыстау, дағдарыс кезеңінде айшықтала түсетінін нықтады. «Бүгінде Елбасының Ұлттық қорды құру, экономикамызды әртараптандыру, ауыл шаруа­шылығы мен инфрақұрылымды дамыту жөніндегі сарабдал сая­саты өз жемісін беріп отыр. Ел­ба­сының аса көрегендікпен қабыл­даған шешімдері дағда­рысты еңсеруге мүмкіндік беріп, еліміз­дің қауіпсіздік қорғаны­шын, мем­лекеттік, экономика­лық және әлеуметтік жүйеміздің негізгі тұ­рақтылығын құрды. Біз­дің мем­лекетіміз, халқымыз бұл дағд­а­рысты да абыроймен еңсеріп, одан әрі шыңдала түсе­ріне кәміл сенемін», – деді Сенат басшысы. Ол Тұңғыш Президенттің ел басшылығы қабылдап жатқан дағдарысқа қарсы шараларға толық қолдау білдіргенін және барша халықты Президент Қа­сым-Жомарт Тоқаевты және Үкіметті қолдауға шақырғанын еске салды: «Елбасының кешегі үндеуі Ұлт лидерінің көреген­дігін, өз елінің нағыз көшбас­шысы екенін айқын көрсетті және біздің дағдарысты еңсеру жолындағы іс-қимылымызға тың серпін береді деп барлық сенаторлар атынан айта ала­мын», – деді Д.Назарбаева. Оның айтуынша, ең басты­сы – маңызды шаралардың жер­гілікті жерлерде тиімді әрі нақты орындалуын қамтамасыз ету. «Өкі­нішке қарай, көбіне тап­сыр­малардың жергілікті жерлерде орындалуы мәселе туындатып жататынын бәріміз білеміз, кө­ріп жүрміз. Әсіресе, артық бюро­кратиялық формализмге, әкім­шілік құлшынысқа немесе жөн­сіздікке жол беріліп жатады. Мұ­ның бәріне тиісті баға бері­летініне сенімдімін», – деді ол. Дариға Нұрсұлтанқызы цифр­ландыруға жеке тоқталып, тексеріс нәтижесінде мемле­кет­тік ақпараттық ресурстардың және электронды қызметтердің жұмыс істеуінде бірқатар проб­лема бары белгілі болғанын еске салды. Сондай-ақ «Цифрлы Қа­зақ­стан» мемлекеттік бағдарла­масы дағдарыс кезінде беті ашылған түйткілдерді ескере отырып, дереу қайта қарауды талап ететінін мәлімдеді. «Депутаттар еліміздің басқа­ру жүйесі мен экономиканы цифрландыруда жедел жұмыстар жүргізуге бюрократияның мүд­делі емес екені жайлы, статис­тиканы бір ретке келтіру туралы бірнеше мәрте айтқан болатын» дей келе, Дариға Назарбаева сенаторлардың және өз атынан қиын сәттерде ынтымақтасып, бірлік көрсетіп отырған Қазақ­стан халқына, түсіністік пен са­бырлық танытқан еліміздің әрбір азаматына зор алғысын білдірді. Сондай-ақ Д.Назарбаева жақын туыстарынан айырылған отбасыларға көңіл айтып, сыр­қаттанып жатқан азаматтарға тез арада айығып кетуіне тілектес­тігін білдірді. Сенат төрағасы өңірлерде әлеу­меттік-экономикалық тұ­рақ­тылықты сақтау жолында аянбай еңбек етіп жүрген, жұмыс орындарын және еңбеккерлердің жалақыларын сақтау шараларын ұйымдастыруға, көпбалалы от­басылар мен мүгедектерді және өзге де аз қамтылған отбасыларды тегін азық-түлікпен және сани­тариялық-гигиеналық құралдар­мен қамтамасыз етуге қомақты үлес қосып келе жатқан мәсли­хаттар депутаттарына жеке риза­шылығын білдірді. Дариға Назарбаева сөзін қо­рытындылай келіп, халқымыз өзіне тән даналығы мен төзім­ділігінің арқасында бұл сынақтан да аман-есен өтетініне сенім біл­дірді: «Елбасы айтқандай, бірлесе білген ел бәрін жеңеді» деп түйіндеді ол.  

Айхан ШӘРІП