Елбасы бойға сенім ұялатты
Елбасы бойға сенім ұялатты
236
оқылды
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Бірлесе білген ел бәрін жеңеді» атты мақаласында жазылған үндеуі Қазақстан қоғамының топтасуына септігін тигізеді. Мәжілістің жалпы отырысында Палата Спикері Н.Нығматулин коронавирус пандемиясына және әлемдік экономикалық дағдарысқа байланысты жазылған бұл үндеу барша қазақстандықтың бойына сенім ұялатады деген пікір білдірді. Мәжіліс Төрағасы мақа­ланың негізгі бағдарларының маңызына депутаттық корпус­тың назарын аударды. – Қазақстанның Тұңғыш Президентінің бұл үндеуі әрбір азаматқа арналғаны сөзсіз. Елбасы тек ағымдағы ахуалды нақты, жан-жақты бағалап қана қоймай, сонымен қатар ел да­муының келешегін де айқын­дады. Бұл ретте біздің ендігі ортақ міндетіміз – бейбітшілік пен келісімді нығайту үшін барынша күш салу, отандық экономиканы тұрақтандыруға және Қазақстанның дағдарыстан кейінгі кезеңде батыл алға жыл­жуына қол жеткізу, – деді Нұрлан Зайроллаұлы. Оның байламынша, Тұңғыш Президенттің мақаласы – Ел­басының жетістікке жеткен шақ­та да, ең қиын уақытта да әр­дайым өз халқымен бірге екенін кезекті рет паш етті. Тәуелсіздіктің алғашқы күнінен бастап еліміздің дамуы­ның негізгі кезеңдеріне тоқтал­ған Н.Нығматулин Елбасының күш-жігерінің арқасында осы жылдары мемлекетімізде қажетті қор жасалғанына екпін түсірді. Бұл – еліміздің бәсекелестік артықшылығы. Нәтижесінде, Ұлттық қор, жетілген экономика, түзілген инфрақұрылым мен жүргізілген әлеуметтік рефор­малар күйзеліспен лайықты кү­реске ұстын болып отыр. Мәжіліс басшысы қазіргі кезде жауапкершілік танытудың, ел игілігі үшін бүкіл әлеуетті жүзеге асырудың, көмекке мұқ­таж жандарға қолдау көрсетудің маңызды екенін атап өтті. – Елбасы халқымыздың кез келген қиындыққа төтеп берер қайсарлығына, батыл ерік-жі­геріне, даналығына сенім біл­дірді. Ендеше қазақстандықтар қазіргі күрделі жағдайды да ең­сереріне еш күмән жоқ. Тұңғыш Президентіміз баса айтқандай, бірде-бір азамат қолдаусыз, қамқорлықсыз қалмауы керек, деп түйді Нұрлан Нығматулин. Жиында депутаттар әртүрлі 7 жаңа заң жобасын құптады. Мәселен, «Кейбір заңнамалық актілерге тұрғын үй бағ­дарла­малары операторларының санын қысқарту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңы жобасы І оқылымда мақұлданды. Құжат Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың осы парламенттік сессияның ашылуында қойған міндеттерді шешуді көздейді. Оған сәйкес, «Қазақстан ипотекалық ком­паниясы», «Бәйтерек девелоп­мент», «Тұрғын үй құрылысын кепілдендіру қоры» секілді баспана бағдарламаларының операторлары «бірыңғай тұрғын үй құрылысы операторына» бірігеді. Яғни, алпауыт компания құ­рылады. Нәтижесінде, бірін-бірі қайталайтын функциялар жойы­лады, жалпы әкімшілік шығыс­тар 42%-ға азайтылады. Ин­дустрия және инфрақұрылым­дық даму министрлігінің тү­сіндіруінше, кепілдендіру те­тіктері күшейтілмек, себебі жаңа ипотекалық бірлестіктің жалпы активінің көлемі 750 миллиард теңгеге жетпек. – Басымдықтар дұрыс белгі­леніп отыр: жаңадан құрылатын бірыңғай оператордың мақсатты аудиториясы – мұғалімдер, дәрі­герлер, бюджеттік ұйымдар қыз­меткерлері, табысы орташа немесе одан төмен мемлекеттік қызметшілер секілді әлеуметтік осал топ болмақ. Жалпы алғанда, бірыңғай оператор азаматтар үшін баспананы қолжетімді етуге бағытталған кешенді тұрғын үй саясатын қалыптастыруға ықпал етеді, деп баға берді Мәжіліс Төрағасы Н.Нығматулин. Палата «Қазақстанда бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы» за­ңын ІІ оқылымда мақұлдап, Се­натқа жолдады. Талқылау бары­сында депутаттар шеру-митинг ұйымдастырушыларға және жур­налистерге қатысты шектеу­лерді сәл жұмсартқан. Мәселен, ұйымдастырушы және журна­лис­тер бейбіт жиналыстың фото және бейнежазбасын мемор­ган­дарға ұсынуға мін­деттелмейтін болды. Әйтпесе, құзырлы ор­гандар БАҚ өкілінен материалын тәркілеп, бір айдан соң, яғни наразылық акциясы өзектілігін жойғанда ғана қай­таруы мүмкін. Бейбіт жиналыстарды өткізу туралы хабарламаны беру мер­зімі – 5, ал демонстрация, шеру ұйымдастыруға келісім алуға өтініш беру мерзімі 10 күнге қысқартылды. Яғни, жергілікті атқарушы органдар аталған құ­жаттарды тиісінше 3 және 7 жұ­мыс күні ішінде қарауға тиіс. Жер­гілікті билік осы уақытта жа­уап беріп үлгермесе, бейбіт жи­налысты өткізуге келісім бе­ріл­ді деп есептеледі.  

Елдос СЕНБАЙ