Өңдеу саласы да қолдау күтеді
Өңдеу саласы да қолдау күтеді
2,360
оқылды
Ашық дереккөзден алынған мәліметке сүйенсек, елімізде 23 мыңнан астам өңдеуші кәсіпорын тіркелген. Алайда оның 15 мыңға жуығы ғана жұмыс істейді екен. Жұмыс іс­теп тұр­ған­дарының ішіндегі белсенділерінің саны 8 мың­ның ша­м­а­сында. Көріп отырғанымыздай, кәсіпорын көп бол­ғанымен, бел­­сенділері өте аз. Осы сала үшін Үкімет индуст­риалды-ин­но­вациялық қолдау шарасының оннан астам түрін жасаған. Алай­да кепілді тапсырыс, қаржы институттары ар­қылы несие беру, инвестиция тарту, ішкі нарықты қолдау, мамандармен қам­тамасыз ету, қарызын қайта құрылымдау сияқты маңызды қол­дау түрлері жұмыс істемейтін көрінеді. Бұл мәліметті «Өнеркәсіп» ақ­­параттық жүйесінен алдық. Атал­ған  жүйеде 2015-2018 жыл­дар арасында өңдеу өнеркәсібіне 2,3 трлн теңге көлемінде қолдау жа­салғаны,  мұны 13 мыңнан ас­там субъектінің алғаны айты­ла­ды. Бұл аз қаржы ма, әлде көп қар­жы ма, оны төмендегі пайы­мы­мыздан білесіз. Бизнестің ба­ғын ашты деген жарнамасы ба­сым болған «Бизнестің жол кар­тасы – 2020» бағдарламасында жал­пы ішкі өнімдегі өңдеуші өнер­кәсіптің үлесі биыл, яғни 2020 жылы, кем дегенде 12,5 пайыз­ға жетуі тиіс еді. Бұл цифр бағ­дарламаның индикаторлық көр­сеткішінде  жазулы тұр. Алай­да бюджет қаражатын аямай сал­сақ та ол мақсат орындалған жоқ.  Керісінше, көрсеткіш 2010 жыл­ғы 11,3 пайыздан 2014 жылы 10,3 пайызға дейін төмендеген.   2018 жылға қарай ғана 11, 5 пайыз­ға өсім көрсеткен. «Өңдеу өнеркәсібі экономи­калық өсудің негізгі қозғаушысы саналады. Бұл табысты кіріс әкеле­тін, жоғары еңбек өнімділігін қам­тамасыз ететін, жұмыс орындарын ашатын сектор. Күнделікті тұтына­тын заттардың көп бөлігі дәл осы са­лада шығарылады. Өңдеу өнер­кәсібі әлемдік жалпы ішкі өнімнің 15-16 пайызын құрайды. Ал біздің елде бұл көрсеткіш жылына баяу өсіп жатыр», – дейді Президент жа­нындағы ҚСЗИ өкілдігінің же­текшісі Әсел Әбен. Оның айтуынша, біздің елде өңдеу өнеркәсібінің жалпы ішкі өнімдегі үлесінің баяу өсуі елдегі технологиялық дамудың кемшін­ді­гінен. Соның салдарынан ел экс­пор­тының жалпы көлемінде өң­делген тауарлар (30 пайыз) мен шикізаттың (70 пайыз) арақатынасы өте алшақ. «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы билік тарапынан тиімді деп бағаланып, 2025 жылға дейін ұзартылғаны белгілі. Міне, осы бағдарламада ЖІӨ құрылы­мындағы өңдеуші өнеркәсіптің үлесін кемінде 13,4 пайызға жеткізу көзделіп отыр. Бұл межеге қазіргі төтенше жағдай кезеңінде қол жет­кізу мүмкін болар ма екен? Себебі бұған дейін де қолдауға зәруміз деп келген өңдеуші сектордың жағ­дайын коронавирус пен мұнай ба­ғасының құбылуы қиындатып отыр. Сондықтан бұл салаға қолдау қа­жет-ақ. Әйтпесе, бұл салада да қысқарту болуы мүмкін екен. Қазақстан қаптамашылар қа­уымдастығының төрағасы Батыр­бек Әубәкіровтің айтуынша, елі­міздің қағаз өнеркәсібі мен қаптама өндірісіндегі жағдай күн сайын нашарлап барады. «Егер Үкімет шешуші шара қабылдамаса, кәсіпорындар жабы­лып, шамамен бір ай ішінде 6 мың­нан астам адам жұмыссыз қалуы мүмкін», – дейді ол.    width= Әзірге аталған салаға жасалатын қолдаудың нақты шарасы қабыл­данған жоқ. Әлі талқылау деңге­йінде екен. Мұны «Атамекен» ұлт­тық кәсіпкерлер палатасының Өң­деу өнеркәсібі комитетінің он­лайн режимдегі кеңейтілген оты­рысында білдік. Ұлттық палата, мемлекеттік органдар, сондай-ақ салалық қауымдастықтар (одақтар) мен өңдеу өнеркәсібі кәсіпорын­дарының өкілдері қатысқан оты­рыста бизнес ұсыныстардың мате­риалдар пакеті таныстырылды. Ұлттық палатаның басқарма төрағасы Абылай Мырзахметовтің айтуынша, Мемлекет басшысының бастамасымен дағдарысқа қарсы шаралардың екінші пакеті, соның ішінде ШОБ субъектілерін қолдау шаралары қабылданды. Ал өңдеу саласына қатысты «Өнеркәсіп» ақпараттық жүйесі сайтына келген сауалнамаларға талдау негізінде түйткілді мәселелерді палата Пре­зи­дент Әкімшілігі мен Үкіметке де­йін жеткізеді, аталған мәселелер, сон­дай-ақ Премьер-Министрдің орын­басарлары деңгейінде қаралады. Онлайн-талқылаудан кейін бұл саланың басты мәселесі не деген сұрақтың жауабы табылғандай болды. Оны Кәсіпкерлер палата­сы­ның Өңдеу өнеркәсібі комитетінің департамент директоры Арман Мәмбетаевтың сөзімен берсек, ши­кізат жеткізу, құрамдас бөлшек­тердің қымбаттауы, мемлекеттік сатып алу порталының, жер қой­науын пайдаланушылар мен «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының сатып алуларында сұраныстың азаюы, тауарлар жет­кізудегі шектеу, теңге бағамының құбылуынан айналымдағы қар­жы­ның азайып кетуі өңдеуші сектор үшін үлкен проблема болып отыр. «Осыған байланысты кәсіп­керлер дағдарысқа қарсы қолдау шарасы ретінде өнімді өткізу, кеден салығынан, құрамдас бөлшектерді сырттан әкелетін отандық өнді­рушілерді қосымша құн салығынан босатуды сұрап отыр. Бірқатар кәсіпорын қорғау шарасы қатарын­да қазақстандық тауарларға баж салығын енгізуді де ұсынды. Са­лыққа демалыс алсақ дейді, айна­лымға салу үшін арзан несие беруді сұрап отыр. Кәсіпкерлердің басым бөлігі банктер мен басқа да қаржы институттары алдындағы қар­жылық міндеттемесінің қайта қаралғанын қалайды», – дейді ол. Сонымен бірге өндіріс сала­сының өкілдері жабдық сатып алуға, экспортқа кеткен шығын­дарын өтеп беру туралы да өтініш айтыпты. Бөлшек сауда алаңын жалға алуға субсидия беруді сұ­рапты. Электр энергиясы мен басқа да коммуналдық төлемдердің та­рифтерін уақытша төмендету мә­селесін көтерді. Жеке кәсіпорындар шикізат импортын субсидиялауды, 2019 жылға корпоративті табыс салығынан босатуды, отандық кәсіпорындардың мемлекеттік сатып алу мен жер қойнауын пай­даланушылардың сатып алу сала­сындағы басымдылығын қамта­масыз етуді, сатып алу, реттелетін сатып алулар аясында ұзақмерзімді келісімшарттар жасау туралы ұсыныс жасады. Онлайн отырысқа қатысушылар бизнес-ұсыныстарды жинақтап, талқылауға, содан кейін келісілген, негізделген ұсыныстарды Ұлттық палата арқылы Үкіметке жіберу туралы шешім қабылдады. Себебі талқылауға қатысқан қауымдас­тықтар басшылары кей мәселені әлі де пысықтап алу керек екенін ай­тады. Пысықтаған дұрыс, әрине, бірақ талқылауды созып жіберуге тағы болмайтынын ұмытпай керек-ау. Өйткені нақты қолдау шаралары бекітілгенге дейін уақыттан ұтылуымыз әбден мүмкін ғой...  

 width=    Халима БҰҚАРҚЫЗЫ