Елбасы әрқашан халықпен бірге
Елбасы әрқашан халықпен бірге
355
оқылды
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Бірлесе біл­ген ел бәрін жеңеді» атты мақаласы осынау қиын-қыстау сәтте баршаның көңіліне үміт ұялатып, жігер­лендіргені сөзсіз. Әрі мақала елдің стратегиялық қадамдарының қандай болмағын көрсетіп тұр. Елбасы «Халыққа қызмет ету­ден өзге, менің басқа тағдырым жоқ» деген болатын. Оның осы сөздерімен үндесіп жатқан істері оның бүкіл Қазақстанға шексіз қызмет етуінің жоғары дәлелі. COVID-19 вирусының кесірінен жаһан елдері әбігерге түсіп отыр­ған аса қиын шақта Елбасымыз ұлт саулығы, оның бүгіні мен ке­лешегі жайында ерекше алаң­даушылық білдіріп, әрқашанда және бұл жолы да халқымен бірге екенін дәлелдеді. Расында да, бүгін коронавирус індеті әлем жұртшылығын ты­ғырыққа тіреп отыр. Жаһандық, оның ішінде отандық экономика да дағдарысты күй кешуде. Еліміз бойынша кәсіпорындар, зауыт­тар, шағын және орта кәсіпкерлік қызметтері мәжбүрлі түрде тоқ­тады. Мұнайдың бағасы да бұ­рын-соңды болмаған ең төменгі дең­гейге құлдырады. Өзге елдер­мен шекаралар жабылып, сауда-эко­номикалық қарым-қатынас­тар тыйылды. Барлық елдерде жұ­мыссыздық деңгейі артып келеді. Осынау қиын сәтте Елбасы ха­лық арасындағы ынтымақ-бір­лікке, достыққа ерекше мән беріп отыр. Өйткені жұрт көңілі уайым мен алаңдаушылыққа салынған осы сәтті өз мүддесі үшін пайда­ланғысы келетін арандатушылар жоқ емес. Сол себептен де, Ел­басы халықты арзан, азғырынды әңгімелерге еруден аулақ болуға, керісінше ғылым-біліммен ай­налысуға, әрбір адамды өз от­басына, ата-анасына, балала­ры­на, туған-туысқанына қамқор бо­луға, олардың өмірі мен денсау­лығын қорғауға шақырып отыр. Ата заңымыздың бірінші ба­бында: «Қазақстанның ең қымбат қазынасы – адам және оның өмірі» деп нақты жазылғанын айт­қан Елбасы тәуелсіздік жыл­дары денсаулық сақтау саласын дамыту бағытында жүзеге асы­рылған ауқымды жұмыстардың арқасында бұл саланың қарыштап дамығанын айтты. Маман­дары­мыз әлемнің ең дамыған елде­рінде тәжірибеден өткен, «Бола­шақ» бағдарламасы аясында шетелдерде оқып, шыңдалып келген. Дәрігерлеріміздің кәсіби деңгейі жоғары. Демек, Елбасы айтқандай індетпен күресте жетістіктеріміз аз емес. Сонымен қатар Елбасы Пре­зи­д­ентіміз Қасым-Жомарт Ке­мелұлы Тоқаевтың тарапынан қалыптасқан ахуалға байланысты нақты шаралар қабылдағанын да айтты. Бұл шаралар коронавирус індетінің таралуын болдырмауға, ауыр экономикалық жағдайда халықтың аса мұқтаж топтарына, уақытша жұмыссыз отырған аза­маттарға, көпбалалы отбасы­лар­ға, кәсіпкерлерге, ауыл шаруа­шы­лығы саласына алуан түрлі кө­мектің көрсетілуіне бағытталған. Елбасы бүгінгі Қазақстанды Кеңес Одағы ыдыраған өткен ғасырдың 90 жылдарындағы Қа­зақстанмен салыстыруға болмай­тынын атап өтті. «Бізде осындай қиындық туғанда ешкімге алақан жаймау үшін, ұрпақ қамы, ел бо­лашағы үшін жинақталған Ұлт­тық қор мен алтын-валюта қо­рында 90 миллиард АҚШ доллары бар. Ретімен, үнемді пайдаланар болсақ, ол бүгін басымызға түс­кен тағдыр мен тарих сынынан еңсемізді тік ұстап өтуімізге мол мүмкіндік береді», – деді ол. Осы тұста Елбасы Үкіметке, барлық жергілікті атқарушы органдарға сол қаржыны үнемді, орнықты пайдалану қажетін, Nur Otan партиясы мүшелерінің де осы бір сауапты істің алдыңғы қатарынан табылуға тиіс екенін баса айтты. Өз мақаласында Елбасы қа­зақтың зиялы қауымын халықты ынтымаққа шақыруға, өскелең ұрпақты ізгілікке тәрбиелеуге, ал жастарды Отанға шексіз қызмет етуге үндеді. Елбасы: «Кәсіпкерлерге де ар­найы айтарым бар: сіздер тә­уелсіздіктің арқасында өз істе­рі­ңізді қалыптастырып, аяқтары­ңызға нық тұрдыңыздар, мол дәу­летке кенелдіңіздер. Енді «Мен еліме не беремін?» дейтін кездеріңіз де келді», – деді. Айта кетуіміз қажет, Елбасы­мыз Нұрсұлтан Назарбаев коро­навирусқа байланысты наурыз айында халыққа жолдаған үнде­уінде осындай қиын шақта елге көмектескісі келетін және жәрдем бере алатын адамдардың қар­жысы жинақталатын респуб­ли­ка­лық қор құруды ұсынған бола­тын. Бүгінде Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің бас­шылығымен облыста дағдарысты еңсеру, халықтың өмірі мен ден­саулығын сақтауға бағытталған екпінді шаралар қабылданып, жүзеге асырылуда. Өз тұсында Түркістан об­лыс­тық мәслихатының депутат­тары да індетті бүкіл қоғам болып жеңу, дағдарысты жағдайда ха­лықтың ауызбіршілігі мен ынты­мағын арттыру мақсатын көзде­ген белсенді істерді жүзеге асыруда. Елбасымыздың республи­калық қор құру тұрғысындағы ұсынысын жүзеге асыру аясында Түркістан облыстық мәсли­хаты­ның депутаттары облыс аума­ғындағы барша іскер азаматқа, кәсіпкерге, ірі кәсіпорындар басшыларына үндеу жариялап, ел басына осындай күн туғанда аянып қалмастан қатерлі індетті жеңуде иық тіресіп, бар күш-жігерді бір арнаға тоғыстырып, қолдан келген көмекті көрсетуде шетте қалмауға шақырды. Түркістан облыстық мәслиха­тының депутаттары аталған рес­публикалық қорға 147,5 млн теңге аударды. Сонымен қатар облыс­тық мәслихат депутаттары аз қам­тылған отбасыларға азық-түлік, гигиеналық құралдар тү­рінде 8,5 млн теңгенің көмегін көрсетті. Аталған республикалық қорға депутаттар тарапынан алдағы уақытта тағы да қаражат аударылатын болады. Сондай-ақ бүгінгі таңда жүр­гізіліп отырған #BizBirgemiz ак­циясына да Nur Otan партия­сы­ның Түркістан облыстық мәсли­хатындағы фракциясының мү­ше­лері белсенді түрде атсалысуда. Бүгінде кәсіпкерлердің қорға аударған қаражаты мен заттай көмектері арқылы Түркістан облысы бойынша 2 мыңнан астам отбасыға 60 тоннадай азық-түлік, гигиеналық заттар топтамасы жет­кізілді. Оны партия өкілдері, Jas Otan жастар қанатының мүше­лері мен ерікті жастар жүзеге асыруда. Бұл жердегі мақсат – көмекке зәру, жүріп-тұруы қиын тұрғын­дарды үйінен шығармай, көмекті жеткізу. Сондай-ақ ерікті түрде мемлекеттік қызметкерлер де бір күндік жалақыларын аударды. Жергілікті депутаттар тек қар­жылай, заттай көмектесіп қана қоймай, халық арасында сани­тарлық-гигиеналық, дезинфек­циялық шараларды қатаң ұстану тұрғысында түсіндіру жұмыста­рын кеңінен жүргізуде. Төтенше жағдай кезінде жұ­мыссыз қалған азаматтарға қол­дау ретінде ең төменгі жалақы мөл­шерінде (42500 теңге) әлеу­меттік төлемдер туралы Түркістан облыстық мәслихаты депутаттары барлық аудан, қалаларда түсіндіру, насихаттау жұмыстарын жергі­лікті атқарушы органдармен бір­лесіп тұрақты түрде жүргізуде. Еліміздегі ауыр індет жағда­йында қалыптастып отырған бү­гінгі экономикалық дағдарыс­тың өткінші жағдай екенін түсінуіміз қажет. Мемлекет бұл қиындықтан шығу үшін қолдан келгеннің бәрін жасап отыр және жасайды да. Қазақ елі небір қиын-қыстау замандарды, сан алуан дағда­рыс­ты бастан өткерген. Бұл сынақтан да біздің аман шығатынымызға күмән жоқ.  

Қайрат БАЛАБИЕВ, Түркістан облыстық мәслихатының хатшысы