Көмектесу де көрші ақысы
Көмектесу де көрші ақысы
277
оқылды
«Кемедегінің жаны бір» екені белгілі. Әлем елдері бір-біріне гуманитарлық көмек көрсетіп, қолдау білдіріп жатыр. Жер шары тұрғындарының ойында індеттің беті қайтса деген бір тілек бар. Сол үшін қолдан келгенін істеп әлек. COVID-19 індетімен күресте озық тәжірибе көрсеткен Қытай елімізге бір топ дәрігерін жіберіп, алдын алу жолдарын үйретпек. Қытай елімізге коронави­рус­пен күреске көмек ретінде дәрі­герлерін жіберді. Білікті маман­дардың алғашқы легі 9 сәуір күні Нұр-Сұлтан әуежайына арнайы рейспен ұшып келді. Індетпен күресте нәтижелі жұмыс істеп жатқан елден тәжірибе алмасуды сұраған – өзіміз. Мемлекет бас­шы­сы Қасым-Жомарт Тоқаев Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзипиньмен теле­фон арқылы сұхбаттасып, індет­пен күресте бірге амалдауға ке­ліскен. Нәтижесінде, Қытай медицина мамандарымен бірге гуманитарлық көмектің екінші бөлігін жіберді. Елге келетін делегация құра­мында қандай мамандар бар? Пульмонология, инфекция, шұғыл терапия, эпидемиология, қоғамдық денсаулық сақтау саласы мамандары елге келеді. Яғни, олар инфекцияның алдын алу, бақылау, оқшаулау тетігін жетік біледі және аталған тақы­рыпта тренинг өткізуге дайын. Президент ортада дәнекер бол­ған келісім нәтижесін берері анық. Өйткені 7 сәуір күні Ден­сау­лық сақтау вице-министрі Ләз­зат Ақтаеваның төрағалығы­мен Денсаулық сақтау комитеті өкілдері мен қытайлық дәрігерлер онлайн кездесу өткізді. Қос тарап сапар бағдарламасын жасап, басым бағыттарды анықтады. Иә, гуманитарлық көмектің алғашқы партиясын Алматы қаласындағы СІМ өкілдігі, «Фар­мация» мен ҚХР Бас консулдығы өкілдері күтіп алды. Оның ішінде тепловизор, тест жиынтығы, ме­дициналық бахила, қолғап, көзіл­діріктер мен медициналық киім­дер бар. Аталған көмектің екінші бөлігі де осындай жабдық­тардан тұруы мүмкін. «Жақсылық иесін табады» де­гендей, бұл Қытайдың «сыйға – сый» ұсынғаны. Өйткені ақпан айында UNICEF бас болған 11 ел Қытайға коронавируспен күресу үшін гуманитарлық көмек жі­берді. Ішінде Қазақстан да бар. Мем­лекетіміз Қытайға 13,6 тон­наға жуық медициналық бұйым түрінде көмек берді. Сонда қы­тай­лық елші нағыз достың қиын­дықта сына­латынын айтқан. Де­геніндей көр­ші басына күн ту­ғанда құралақан қалмайтынын дәлелдеп отыр. Біріккен Араб Әмірліктері де елімізге медициналық қорғаныс құралдарын жіберді. Олар жібер­ген бетперде, қолғап, бахила, ан­тисептик сияқты медициналық құралдардың салмағы – 13 тонна. Мемлекетімізге БАӘ-мен қатар АҚШ, Оңтүстік Корея, Жапония, Түркия мен Израиль көмек қо­лын созды. Жалпы, гуманитарлық кө­мек – ынтымақ пен ықыластың көрінісі. Әрі сенің әлемдік дең­гей­дегі беделіңді айшықтай түсе­тін амал. Сондықтан қолдан кел­се, қоржындағыны бөліскенге не жетсін?! Осындай оймен Қы­тай бірқатар елге көмек жіберді. Әсіресе, медициналық құрал-жаб­дықпен қамтамасыз етуге ты­рысты. Иран, Пәкістан, Лаос, Таиланд, Жапония, Оңтүстік Ко­рея мен Африка елдерімен бары­мен бөлісті. Бүкіләлемдік ден­сау­лық сақтау ұйымына 20 млн дол­лар қаржы аударды. Мұнымен тоқтамай Италия, Франция, Гре­кия, Испания, Сербия, Камбод­жа, Филиппин, Египет, Ирак, ОАР, Эфиопия, Беларусь, Чили мен Кубаға гуманитарлық көмек көрсетуге дайындалып жатыр. Әрине, Қытайдың бұл ісіне күдікпен қарағандар да табылды. Мәселен, Франция басылымдары Қытай осынысымен «істегенін мойнымен көтеріп жатыр» десті. Алайда Қытай тарапы «өзгеге кө­мектесу – өзіне көмектесу» еке­нін мәлімдеді. Індет төңіре­гінде бар әлем біртұрас екенін алға тартты. Расымен де, біріккенде ғана коронавирусқа қарсы тұруға бо­ла­ды. Мұны ДСҰ әр мәлімдеме­сінде тайға таңба басқандай етіп көрсе­теді. Содан болар, Ресей АҚШ-қа медициналық жабдық тиелген ұшақ жіберуге қамданып, Трамп Эрдоғанмен телефонмен сөйле­­сіп, індетке қарсы күресте тізе қо­­су­дың маңызды екеніне тоқталған. БҰҰ да қарап қалмады. Ұйым­ның бас хатшысы Антониу Гутер­риш оқшауланудан бұрын мәрттік танытатын уақыт жеткенін айтты. Бұл коронавирусқа қарсы әлемдік антивирус қуатына тең екен. Со­лай деді де үлкен жиырмалыққа кіретін елдерден жоспарды жүзе­ге асыру үшін 2 млрд доллар сұрады. Олар жоспар бойынша 80 мем­ле­кетке індетпен күресте қол­дау көр­сетпек. Әсіресе, Ауған­стан, Иран, Ирак, Венесуэла, Си­рия, Ли­вия, Мали мен Эфио­пияға қараспақ. Иә, жоғарыда аталған ел­дердегі жағдай мәз емес. Әлеумет­тік желіде Африка тұрғында­ры­ның «бізде қол жуатын сабын, кие­тін бетперде жоқ» дегені жү­рек­ті елжіретеді. Мұндай елден күрес жүргізуге қам жаса деп қа­лай сұрайсың?! Сондықтан БҰҰ бірігіп, Африка, Азия мен Латын Америкасындағы жағдайы төмен елге гуманитарлық көмек жібе­реді. Көмектің ішіне не кірмек? Арнайы лагерь ашылады, онда қол жуатын орын, қорғану құрал­да­ры мен сақтық шараларын үй­рететін мамандар барады. Ал әлем елдерінің көмек дәп­те­рін ашып көрсек, әртүрлі эпи­демиямен күресте адамзатқа қолұшын созуға АҚШ әуес екен. Олар 2009 жылдан бері жәрдемге 90 млрд доллар жұмсапты. Коронавируспен күреске келсек, Ақ үй 100 млн долларды қайы­рымдылыққа жұмсауды көздеп отыр. Мәселен, 37 млн долларды індет өршіп жатқан 25 елге бөліп бермек. Оның ішінде Ауғанстан, Ирак, Пәкістан, Тәжікстан, Қырғыз Республикасы, Вьетнам мен Таиланд та бар. Одан бөлек, Ресей Италияға 15 әскери-транспорт ұшағын жіберді. Олар Италияға дезин­фекция жұмысына көмектесіп, лабораториялық тәжірибеге атса­лысты. Түркия, Қытай, Жапония мен АҚШ қырғыз еліне демеу көр­сетті. Мысалы, бір ғана Ва­шингтоннан Бішкекке 10 мың хи­рургиялық маска, 10 мың қол­ғап, 1,4 мың халат пен 200 көзіл­дірік жеткізілді. Тізе берсең, бір-біріне қолдау білдіріп жатқан ел көп. Барлығы індеттің беті қайтқанын қалайды. Беделді ұйымдар да «қолыңнан келсе, бөліс» деп дабыл қағуда. Әзірге карантин мерзімін тоқтат­қан Ухань ғана. Бірақ Қытай ко­ронавирустың екінші толқыны­нан қауіптеніп отыр. Дегенмен Еуропа елдерінде жағдай біршама жақсарған. Бастысы, үміт үзбеу керек. Ал адамзат қолда барымен бөлісуге дайын. Мұны жоғары­дағы дәйектер дәлелдеп тұр.  

 width=      Айзат АЙДАРҚЫЗЫ