Алматыда 3557 медицина қызметкері төлем алады
Алматыда 3557 медицина қызметкері төлем алады
203
оқылды
Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз орталығында өткен онлайн-брифингте Қоғамдық денсаулық басқармасы басшысы Тілеухан Әбілдаев шаһардағы қазіргі ахуалмен таныстырды. Өкінішке қарай кеше сағат 23.50-де Алматыда ӨЖЖ-да аса ауыр жағдайда болған пациенттің қайтыс болғаны тіркелді. «Пациент байланыста болғандар қатарынан, оның оң талдауы 16 наурызда анықталды. Қосымша ауруларымен, атап айтқанда өкпенің созылмалы обструктивті ауруларымен, жүректің созылмалы жеткіліксіздігі мен жүректің ишемиялық ауруларымен, стенокардиясымен, артериялық гипертензиясымен байланысты. Ол 18 наурызда реанимация және қарқынды терапия бөлімшесіне орналастырылды. Жүргізілген қарқынды терапияға қарамастан, жағдай полиоргандық жеткіліксіздіктің – тыныс алу, жүрек-қан тамырларының дамуымен прогрессивті нашарлады. 9 сәуірде қосымша ауруларының үдеуі аясында сағат 23.20-да қан айналымы тоқтады. 30 минут ішінде жүргізілген реанимациялық іс-шаралар сәтсіз болып, сағат 23.50-де биологиялық қайтыс болғаны анықталды. Негізгі диагнозы: COVID-19 коронавирустық инфекциясы, расталған жағдай. Екі жақты полисегментті пневмония, ауыр ағымы. Екі жақты плеврит. Өкпенің ісінуі, Лайелла синдромы» деді қоғамдық денсаулық басқармасы басшысы Тілеухан Әбілдаев. Қазіргі уақытта Алматыда КВИ жұқтырудың тағы бір жағдайы тіркелді, жалпы бұл 122-ші жағдай болды. Бұл – байланыста болғандар қатарындағы 1967 жылы туған әйел. Жағдайы пневмония есебінен ауырлықтың орташа дәрежесі ретінде бағалануда. Бүгінгі күні инфекциялық стационарларда 96 КВИ жағдайы (1 облыстық), оның ішінде 4 бала бар. 72 науқастың жай-күйі қанағаттанарлық. 1 адамның жай-күйі өте ауыр, 4-уінде – ауыр, 19 ересек адамда – ауырлықтың орташа дәрежесінде (1 облыстық). 26 адам коронавирустық инфекциядан сауығып шығарылды. Провизорлық орталықтарда 250 адам, оның ішінде 29-ы бала, 384 азамат карантиндік оқшаулауда, 5 306 адам үй жағдайындағы карантинде. Естеріңізге сала кетейік, Алматыда коронавирусқа қарсы күреске тартылған медицина қызметкерлеріне алғашқы төлемдер басталды. 500-ден астам дәрігер, 1,7 мың орта медицина қызметкері, 549 кіші медицина қызметкері және 764 өзге де денсаулық сақтау қызметкері өз төлемдерін алуда. Жалпы алғанда, 965 миллион теңге сомаға 3557 медицина қызметкері төлем алады. Есептеулер 3 күрделілік санаты бойынша жүргізіледі: Бірінші тәуекел тобына COVID-19 коронавирусы бар пациенттерге медициналық көмек көрсету үшін анықталған реанимация бөлімшелері мен басқа да стационарларды қоса алғанда, инфекциялық стационарлардың дәрігерлері, орта және кіші медицина қызметкерлері жатқызылған. Осы тәуекел тобындағы бір қызметкерге үстемеақы мөлшері республикалық бюджет туралы заңда ағымдағы қаржы жылына белгіленген айлық жалақының жиырма еселенген ең төменгі мөлшерінен аспайды. Екінші тәуекел тобына провизорлық стационарлардың дәрігерлері, орта және кіші медицина қызметкерлері, медициналық жедел жәрдем дәрігерлері мен фельдшерлері, оның ішінде амбулаториялық-емханалық ұйымдар, сондай-ақ дәрігерлер мен санитарлық авиацияның орта медицина қызметкерлері тартылған жағдайда жатқызылған. Осы тәуекел тобындағы бір қызметкерге үстемеақы мөлшері республикалық бюджет туралы заңда ағымдағы қаржы жылына белгіленген айлық жалақының он еселенген ең төменгі мөлшерінен аспайды. Үшінші тәуекел тобына карантиндік стационарлардың дәрігерлері, орта және кіші медицина қызметкерлері, медициналық жедел жәрдем бригадаларының жүргізушілері, сондай-ақ зертханалардың мамандары, эпидемияға қарсы іс-шараларды жүргізуге тікелей қатысатын санитариялық-эпидемиологиялық қызмет жұмыскерлері, жіті респираторлық вирустық инфекциялары, пневмониясы бар пациенттерді қабылдауға және эпидемияға қарсы іс-шараларға байланысты биологиялық материалды алуға айқындалған шұғыл стационарлардың қабылдау бөлімшелерінің және медициналық-санитариялық алғашқы көмек ұйымдарының қызметкерлері, Төтенше жағдай жөніндегі жедел штабтың және облыстар, республикалық маңызы бар қалалар мен астана әкімдіктерінің аумақтық штабтарының мүшелері, сондай-ақ блок-бекеттерде карантиндік режимді қамтамасыз ететін денсаулық сақтау қызметкерлері жатады. Тілеухан Әбілдаев Қалалық балалар жұқпалы аурулар ауруханасының медицина қызметкерлеріне төлемдер жүргізуге қатысты жайтқа да тоқталып, төлемдер 1-тәуекел тобының санатына сәйкес барлығына жүргізілетінін айтты.