Еріктілер ерлеп тұр
Еріктілер ерлеп тұр
518
оқылды
Қай­тарымсыз қайырым­ды­лық жасаудан қол үзбеген хал­қымыз биылғы Еріктілер жылында атқарылып жатқан жұмыстармен қоғамда мейірім­­сіз ел болмайтынын бай­қатты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы 2020 жылды «Еріктілер жылы» деп жа­риялап, адамдарға шын ниеті­мен көмек­тесіп, оны науқанға айналдырмау қажетін айтқан болатын. Ерікті болу қоғам­ға адал қызмет атқара жүріп, ата-баба­дан аманат болып жеткен адам­гершілік қасиеттің адам болмы­сынан ажырамауына жастар тара­пынан көп жұмыс атқарылуда. Ерік­тілердің бойын­дағы қайрат-жігер әр азаматты ын­таландыруы тиіс. Біз қазір ел ба­сына күн туған сәтте әр күн сайын осыған куә болып отыр­мыз. Әлем елдерін үрейлендіріп, ажал құштырып жатқан індет байтақ елімізге де жетті. Бұл жо­лы індетті бірігіп жеңу мүмкіндігі айқын болғандықтан еріктілер жеке бастарын қатерге тігіп, аз қам­тылған отбасыларды, жал­ғыз­басты қарттарға азық-түлік, дәрі-дәрмек жеткізіп кө­мек­тесуде. Атырауда да коронавирусқа қарсы күрес үшін облыстық Ішкі саясат басқармасы Азаматтық орталық КММ-і жанынан ерік­тілер штабын құрды. Штаб бірнеше бағыт бойынша қызмет атқарады. Дәлірек айтқанда, автокөлігі бар азаматтар тұрғын­дарға азық-түлік, дәрі-дәрмек таратып, медицина еріктілері жедел жәрдем қызметкерлеріне жәрдемдесіп, мониторинг жүр­гізетін еріктілер азық-түлік бағасына мониторинг жасауға көмектесуде. Бұдан басқа, поли­ция қызметкерлеріне көмекке рейдке шығатын еріктілер мен ерікті тігіншілер тұрғындарды бірнеше мәрте пайдалануға бола­тын бетпердемен қамтамасыз етуде. Атыраулық еріктілер штабы жуырда ғана эстафета бастап, Қазақстанның әр аймағындағы қайырымды жандардан екі күнде 1 002 330 теңге жинады. Олар осы уақытқа дейін жалғызбасты қарттарға, көпбалалы аналарға, мүмкіндігі шектеулі жандарға, барлығы 164 отбасына азық-түлік себетін таратты. Азық-тү­ліктің бір себеті 13 600 теңгеден 14 800 теңгеге дейінгі баға мөл­ше­рінде алынған. Азаматтық орталықтың өкіл­дері берген мәліметке сүйен­сек, ерікті тігіншілер бірнеше мәрте пайдалануға арналған 12 269 бетперде тікті. Полициямен бірге рейдке шыққан еріктілер де бар. Кейбір қала тұрғындары әлі карантин ережесін сақтамай жүр. Мониторинг жүргізетін еріктілер аудандарға бөлініп, азық-түлік бағасына мониторинг жүргізе бастады. Әрқайсысы дүкенді, супермаркетті аптасына үш рет аралап шығады. Штабта жүзге жуық ерікті бар. Олардың арасында таксистер, компания қызметкерлері, үйде отырған жандар, вахтада жұмыс істеген азаматтар да кездеседі. Олардың мақсаты бір. Ол – аймақтағы індеттің жайылып, халықтың өміріне қауіп төндіруіне жол бермеу. «Золотое время» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Айгүл Уалиева: «Еріктілер штабын ұйымдастырып, біздің пайдалы іспен шұғылдануымызға мүм­кіндік тудырғаны үшін Азамат­тық орталыққа рақмет айтамын. Біз бес бағыт бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Адамдар әлі де сақтық шараларын қатаң сақ­таса екен. Аса қажеттілік болма­са үйде отырғаны дұрыс. Ал шық­қан жағдайда бетперде және меди­циналық қолғап киюі керек. Сол кезде ғана біз қауіптің алдын ала­мыз» деп тұрғындарды карантин талаптарын сақтауға үндеді. Жасыратыны жоқ, елде карантин жарияланған сәтте-ақ азық-түлік тапшылығы бо­лады деген халықтың базар мен дүкеннен жаппай тамақ сатып алу үшін кезекке тұрғанын көргенбіз. Үкімет пен жергілікті атқарушы билік тарапынан айтылған тү­сіндірулерге құлақ аспаған ха­лықтың алаңдаған көңілін өз пайдасына жаратып, тауарын қымбаттатқан сатушылар қата­ры да көп кездесті. Дәріхана сөре­сінен антисептик пен бет­­пер­делер, спирттер жым-жылас жоқ болды. Осындай сын сәтте Азаматтық орталықтың «Іскер ана» жобасы бойынша тігіншілік кәсіпті үйренген қыз-келіншектер аз қамтылған отбасыларға бетпердені тегін таратып, таба алмай сарсаңға түскен тұрғындарға қолжетімді бағамен сатуды қолға алды. «Самға жүрегім» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Эльвира Аралованың айтуынша, қазіргі таңда супермаркетте, базарда баға тұрақты. Аптасына 3 рет барлық сауда нүктелерін тексе­ріп жүрген олар ең қажетті азық-тү­ліктің қымбаттамағанын айтып отыр. Еріктілер рейдке көп шығып, тұрғындарға тығыз шаруасы болмаса үйлерінде отыруға кеңес беріп, бетперде тағып жүрудің маңызын түсіндіруді өз міндетіне алған. «Атырау қала­сы­ның ерік­тілеріне қиын кездегі кө­мектері үшін рақмет. Аз қамтыл­ған, жалғызбасты көпбалалы ана­ларға, қарттарға қол ұшын соз­ғаны үшін ризамын. Бір-бірімізге осылай қолдау көрсету арқылы біз бірлігі жарасқан ел екенімізді көрсете алдық деп ойлаймын. Ниеттеріңе рақмет. Бұл кішкентай көмек адамның көңілін көтеріп, қуаныш сезімін сыйлады. Жергілікті тұрғындар карантин талаптарын сақтаса бәрі жақсы болады», – дейді. еріктілердің көмегі көр­сетіл­ген аз қамтылған отбасы аты­нан алғыс білдірген Ләззат Есенбаева. Бүгінде елімізде өз еркімен қоғамға пайдасын тигізуді көз­дейтін еріктілердің қатары жыл санап артып келеді. Бастапқыда ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға көмектесіп, жалғыз тұратын қарттардың үйлерін тазалап, бау-бақшасына көмектесіп, азық-түлігі мен дәрі-дәрмегін өздері жиған еріктілер тобы «Жүректен-жүрекке» қа­йы­рым­дылық қоры қоғамдық бір­лестігінің жетекшісі Әйгерім Досқалиева жетекшілік етуімен өңірге белгілі болған. Азаматтық орталықтың директоры Әйгерім Дос­қалиеваның айтуынша, кө­мек­ке мұқтаж жандарға азық-түлік жет­кізу ісінің бас­тал­ғанына бір аптадан асқаннда: «Қала­лық жұмыспен қамту бөлімі тізі­мінде бармын, денсаулығыма байланысты кезекте тұрмын, 109 қауырт желі операторы нөміріңізді берді» деп хабар­ласқан жандардың айтарын тыңдап, қолымыздан келгенше көмектесіп отырмыз. Бүгін бізге бір өтініш түсті. Өтініш иесі 90 жастағы әжейге көмек­тесуін сұрапты. Кім-кімге де көмектесеміз, бірақ жалғызбасты қарттар бізде – бірінші орында. Азық-түлігімізді алып, әжені іздеп бардық. Есікті ұзақ қа­ғып тұрдым. Есікті ашқан әжеге ерікті екенімізді айттық. Алғысын жаудырып жатыр. Әженің әкесі соғысқа қатысқан екен. Төрде әкесінің медалі ілулі тұр. Кіреберіске қызының суретін қойыпты. «Жалғыз қы­зым болған, ол да дүниеден өтті. Қызымды ойлаймын деп ауырып қалдым» деп көзіне жас алды. Әжені өз бақылауымызға аламыз деп отырмыз. Біз қайырым­дылық эстафетасын бастап, 2 күнде 1 002 330 теңге жинадық. Халықтың сеніміне көп рақмет» деген Әйгерім Жәрдемқызы республиканың барлық қала­лары мен өңірлерінен эстафетаға қатысып, қаражат аударған жан­дарға шексіз ризашылығын жеткізді. Елімізде COVID-19 ін­деті өршіп тұрған уақытта ден­саулығына сенімді болып, өз ер­кі­мен ақысыз қызмет көрсетіп, қоғамдық жұмысқа белсенді қатысып отырған еріктілерді ер демеске болмайды. Сайып кел­генде, қазақ халқының қанында бар қайырымдылық қасиеттің ұрпаққа жалғастығы осындай істермен жалғасып, өміршең болатыны сөзсіз. Еліміздің ұлт­тық құндылықтарды сақтай білген тұлғасын қалыптастыруда еріктілердің ерлікпен тең өжет­тілігі өнеге болуы – заңдылық.    width=     Тұрсын ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ, Атырау облысы