Партия бағдарламасын талқылады
Партия бағдарламасын талқылады
382
оқылды

Алматы қаласындағы Ы.Алтынсарин атындағы №159 гимназияда Nur Otan партиясының парламенттік фракциясы мүшелерінің қатысуымен партияның 2030 жылға дейінгі бағдарламасының – «Әрбір адам үшін қолжетімді болашақ білімі» атты екінші мақсатының жүзеге асырылуы бойынша дөңгелек үстел өтті.

Басқосуға Мәжіліс төра­ғасының орынбасары, Nur Otan партиясы фракциясының же­текшісі Гүлмира Исимбаева,
Nur Otan партиясының депутат­тық фракциясының мүшесі Гүлнәр Ихсанова, Nur Otan пар­тиясы Алматы қалалық филиалы төрағасының бірінші орын­басары Станислав Канкуров, Алматы қалалық Білім бас­қар­масының жетекшісі Гүлнар Ходжа­бер­генова және орта білім меке­мелерінің директорлары мен оқу ісінің меңгерушілері қатысты.

Мәжіліс төрағасының орын­басары Гүлнәр Исимбаеваның айтуы бойынша, партия бағдар­ламасының екінші мақсаты әрбір адам үшін қолжетімді, болашақ білімді ұйымдастыруды – қазақ­стандықтардың инновациялық жаңа буынын дайындауды, білім саласына ең озық мамандарды тарту, білім жүйесін дамытуды көздейді.

– Жаңа ұрпақ өкілдері әлем­нің технологиялық жағынан озық үлгідегі білім мен тәрбие алған замандастарымен терезесі тең болуын ойластыруымыз қажет. Nur Otan партиясының кезекті XVIII съезінде Елбасы пар­­тия алдындағы осы бағытта атқарылар стратегиялық тап­сырмалар жүйесін белгілеп берді. Тұңғыш Президент Н.Назарбаев бұдан басқа да өзекті мәселелерді көтере отырып, жалпы білім жүйесін жаңғыртуды, үш тілде оқытуды, бүгінгі оқу процесіне жаңа ақпараттық технологияны енгізуді, қолжетімді білім алуды қамтамасыз етуді тапсырды», – деп атап өтті Г.Исимбаева.

Депутаттың айтуы бойынша, бүгінде Nur Otan партиясы елі­міздегі әрбір мектепте IT-сы­ныптар ашуға, шәкірттерді компьютерлік бағдарламалар жасауға ынталандыруға, олардың бойындағы интеллектуалды та­ланты мен қасиеттерді ашуға білім мекемелері арқылы барлық мүмкіндіктерді жасап отыр.

– Біз бүгін осыған орай, өздеріңізбен ақылдаса отырып, тағы да маңызды ұсыныстарды есту үшін бас қосып отырмыз. Сіздер оқушылармен тікелей жұмыс істейтін тұлғасыздар. Сондықтан барлық өтініштеріңіз бен лайықты ұсыныстарыңызды тыңдап, жинақтау үшін ұстаздар қауымын әдейі шақырып отырмыз, – деді Г.Исимбаева.

Дөңгелек үстел барысында алматылық ұстаздар өздерін толғандырып жүрген жаңа оқу бағдарламасының толық­тыра­тын олқы тұстары туралы, үш тілділікті енгізу, мектеп оқу­шыларының интеллектуалды ой-өрісін өсіруге қажетті ме­тодикалық-әдістемелік оқу құ­рал­дарының сапасын жақсарту және басқа да білімге қатысты ой-пікірлерін ортаға салды.

Жиын қорытындысында білім саласына байланысты бір­қатар нақты ұсыныс жаса­лынды және олар тиісті мем­лекеттік органдарға назарға алу үшін жолданатын болады.

 

Ш.ЕРНИЯЗ