Омархан Өксікбаев: Ертеңгі дамуымызға бірге үлес қосуымыз керек
Омархан Өксікбаев: Ертеңгі дамуымызға бірге үлес қосуымыз керек
411
оқылды
Қазақстан Парламенті Мәжілісінің депутаты, экономика ғылымының докторы Омархан Өксікбаев Елбасының «Бірлесе білген ел бәрін жеңеді» атты мақаласына қатысты өз пікірін айтты. Еліміздің Тұңғыш Президенті «Бірлесе білген ел бәрін жеңеді» атты мақаласы арқылы халықты сабырға шақырған. Сары уайымнан арылып, ертеңгі күнге сеніммен қарауға, бір адамдай жұмылып, бірліктің арқасында елдігімізді,егемендігімізді танытуға бағыт-бағдар беріп отыр. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары мемлекетті қалыптастыруда басымыздан өткен қиыншылықтарды айта келіп, оны жеңуде біз өзіндік іс атқарғанымызды айтқан.Қазақстан жаһандануға еніп, соның ішінде жақсы бастамалардың басында болғанын,оның барлығы мемлекетіміздің дамуына үлес қосқанын, әсіресе экономикамыздың өсімін пайдаланып, мемлекетіміздің қорын жасағанымызды мәлімдеді. Бүгінгі таңда сол ұлттық қорда жинақталған қаражатты осындай қиын жағдайда пайдаланып отырмыз. Бұл ұлттық қор мен Ұлттық банктің алтын-валюта қорының қаражаты 90 милллиардтан АҚШ долларынан асқан. Бұл қаражат қазіргі қиын жағдайда көп мәселені шешуге мүмкіндік береді. Әрине, бұл қаражатты үнемді пайдалануымыз керек. Қазіргі экономика тұралап тұрған заманда қаражатты мұқтаждарға жұқсап, ертең карантин біткенде экономиканы қайта жандандыруға күш қосатын, бүгін тоқтатуға болмайтын өндірістердің барлығын ары қарай жандандыруға мүмкіндік туғызатын жағдайда қаражатты тиімділігімен, бағытымен жұмсау керектігін айтады. Осының бәріне жетелейтін дүние – тәртіп. Елбасы Бауыржан Момышұлының сөзін келтіре отырып, еліміз тәртіпті ел болып, бірлігін сақтаса, алдағы мақсаттарымызға жете алатынын айтқан. Қазіргі коронавирустың өршіп тұрған кезінде тәртіпті сақтау керек. Дәрігерлердің айтқанын орындап, карантиннің барлық талабын сақтасақ, осы індеттен тезірек құтыларымыз сөзсіз.Халқымыз осыны түсінуі керек деп білемін. Өзімізге өзіміз жау болмай, бәрі өзіміздің қолымызда тұрғанын түсініп, тәртіпке бағынуымыз керек. Елбасы қолымызда тұрған бірлігімізді, ел ынтымағын сақтасақ, осы қиыншылықты жеңетінімізді айтқан. «Жау жағадан алғанда, бөрі етектен» демекші, осындай дерт келіп, жан-жақтан қыспалап, әр мемлекеттің өз жағдайы қиындап жатқан кезеңде экономика тұралап қалды. Экономикамызда басты рөл атқаратын мұнай бағасының құлдырауы алдағы уақытта қиыншылықтың көп болатынын көрсетеді.Осы жерде Елбасы бойкүйездікке салынбай, сары уайымнан арылып, тығырықтан шығудың жолын іздеген халықтың қатарында болуымыз керектігін айтады. АҚШ президенті Дональд Трамтың өзі коронавирусқа қарсы күресте бүкіл әлем елдерімен бірлесіп, тіпті Қытаймен де бірлесіп, оның шешімін іздеуге бармыз депті.  Коронавирус әлемдегі саяси текетіресте елдердің пиғылын өзгертіп жатыр. Елбасы саясаттың өзінде де осындай өзгеріс болып жатыр деп соны айтқан. Елбасының мақаласындағы ең маңызды нәрсе – бірге болу, қиындықтан шығу жолында Мемлекет басшысының бастамаларына қолдау көрсету. Бәріміз бірігіп, біртұтас ел екенімізді, берік жұрт екенімізді танытуымыз керектігін айтқан. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл демекші» ертеңгі қиындықты бәріміз бірігіп жеңетінімізді нұсқайды. Біз егемендік алған тұста талай қиындықты еңсеріп, қазіргі жақсы заманға жеткен халықпыз. Сондықтан халықтың бірлігін, ел ішіндегі тыныштықты сақтап, ертеңгі дамуымызға бірге үлес қосуымыз керек. Елбасы мақаласы осыған сілтейді.