Алғашқы үміткер тіркелді
Алғашқы үміткер тіркелді
417
оқылды

Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясы­ның отырысы өтіп, онда алдағы Президент сайла­уын­да Қасым-Жомарт Тоқаевты Nur Otan партия­сынан Қазақстан Республи­касының Президенттігіне кандидат ретінде тіркеу мәселесі қаралды. Іс-шараға Қасым-Жомарт Тоқаевтың сенімді өкілі, Nur Otan партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев және басқа да бірқатар саяси партиялар мен мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты.


Отырыста Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Сабила Мұстафина баяндама жасап, Nur Otan партиясы қоғамдық бірлестігі 2019 жылдың 23 сәуірінде Орталық сайлау ­ко­миссиясына Қасым-Жомарт Тоқаевты Қазақстан Республикасының ­Президенттігіне кандидат ретінде ұсыну ту­­­­ралы құжаттарды ұсынғанын айтты. 
Осы құжаттардың негізінде, сондай-ақ кандидаттың мемлекеттік тілді еркін меңгергендігін анық­тау үшін Орталық сайлау комиссия­сының 2019 жылғы 25 сәуірдегі № 16/244 қаулысымен Президенттікке кандидат Қасым-Жомарт Тоқаевтың Конституция мен «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңның талаптарына сәйкестігі анықталып, азаматтардың қолдарын жинау үшін қол қою парақтары берілді. Сонымен қатар Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Орталық сайлау комиссиясына кандидатты тіркеу үшін де тиісті құжаттардың тапсырылғанын айтты.
Осы хаттамаларға сәйкес Президенттікке үміткер Қасым-Жомарт  Тоқаевтың қолдауына Қазақстанның барлық 17 өңірінен 315 910 азаматтың қолы жиналып, олардың 313 653-і дұрыс деп танылды. Соған сәйкес Орталық сайлау комиссиясының хатшысы барлық талаптардың заң шеңберінде орындалғанын атап өтті. 
– Орталық сайлау комиссия­сының 2019 жылғы 15 сәуірдегі № 13/237 қаулысымен белгіленген Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидатты қолдау үшін дұрыс қолдардың қажетті саны кемінде 118 140 қолды құрайды. Қасым-Жомарт Тоқаевты Президенттікке кандидат ретінде тіркеуге қажетті барлық құжаттар Орталық сайлау комиссиясына ұсынылды және оларға қойылатын талаптарға толық сәйкес келеді, – деді Сабила Мұстафина. 
Осы баяндаманың негізінде «2019 жылғы 9 маусымға тағайындалған Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауында Қасым-Жомарт Тоқаевты Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидат ретінде тіркеу туралы» қаулы қабылданды. 
Іс-шарадан кейін Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат Қасым-Жомарт Тоқаевтың сенімді өкілі, Nur Otan партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев бұқаралық ақпарат құралдарымен кездесіп, сауалдарға жауап берді. 
Кездесу кезінде Мәулен Әшімбаев қазіргі таңда Қасым-Жомарт Кемелұлының іссапарда болуына байланысты ол кісінің тапсырмасымен сенімді өкілі ретінде Орталық сайлау комиссиясының отырысына арнайы қатысқанын жеткізді. 
– Заң талаптарына сәйкес барлық керекті құжаттар жиналып, Ор­талық сайлау комиссиясына уақы­тылы тапсырылды. Сондай-ақ заңда көрсетілген шаралардың барлығы атқарылды. Партиямыздың кан­дидатын қолдау мақсатында қа­жетті көрсеткіштен әлдеқайда көп қол жиналды. Соның нәти­жесін­де Қасым-Жомарт Кемелұлы алдағы Президент сайлауына кандидат ретінде Орталық сайлау ­комиссиясына ресми түрде тіркел­ді, – деді Nur Otan партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары.
Сонымен қатар ол осы ше­шім­нен кейін Қасым-Жомарт Кемел­ұлы­ның республикалық қоғамдық штабы құрылатынын да тілге тиек етті.
– Бүгінгі ресми шешімнен кейін Қасым-Жомарт Кемелұлының республикалық қоғамдық штабы құрылады. Сонымен бірге аймақ­тық қоғамдық штабтар да жасақталады. Кандидатымыз республикалық штабты басқаруды маған тап­сырды. Сондықтан біз бірден қажетті жұмыстарға кірісеміз. Заң бойынша үгіт-насихат жұмыстарын 11 мамыр күні сағат 18:00-ден бас­таймыз. Барлық іс-әрекетіміз заңға сәйкес жүргізіледі, – деді Мәулен Әшімбаев. Одан бөлек, Nur Otan пар­тиясы Төрағасының Бірінші ор­ын­басары алдағы сайлаудың ашық әрі әділ өтетініне сенім білдірді. 

Жазира  ДАРХАНҚЫЗЫ