Туристер ағынын ұлғайтуды ұсынды
Туристер ағынын ұлғайтуды ұсынды
476
оқылды

Сенат төрағасы Дариға Назарбаева Біріккен Араб Әмірліктерінің Қазақстандағы елшісі Мұхаммед әл-Жаберді қабылдады.

Жоғарғы Палата басшысы Қа­зақстан мен БАӘ ынтымақтасты­ғының қарқынды дамуына ризашылық білдіре келіп, оған елі­міз­дің Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.На­зарбаев пен БАӘ-нің жоғары басшылығы, оның ішінде шейх Заид негізін қалаған сенімді қарым-қатынастар ықпал еткенін атап өтті.
Елші Д.Назарбаеваға Сенат төрағасы қызметіне сайлануға байланысты БАӘ Ұлттық Федералдық кеңесінің төрағасы Амал әл-Кубисидің құттықтауын жеткізді. Сенат басшысы екі ел арасындағы парламенттік алмасулардың маңыздылығын атап өтіп, БАӘ депутаттарын Қазақстанға келуге шақырды.
Мұхаммед әл-Жабер Әбу-Дабидің мұрагер ханзадасы шейх Мұхаммед ибн Заид әл-Нахаянның 14 мамырға жоспарланған Нұр-Сұлтанға ресми сапарының дайындығы туралы хабардар етті. Сенат басшысы бұл сапар өзара іс-қимылдың барлық салаларындағы екіжақты қарым-қатынастарды одан ары нығайтуға ықпал ететініне сенім білдірді.
Кездесу барысында сауда-экономикалық, көлік-логистикалық, гуманитарлық ынтымақтастықты тереңдетудің келешегі талқыланды. Ауқымды экономикалық жобалар арасында Атырау облысында құны 6,5 млрд доллар болатын газ-химия зауытын салу, сондай-ақ теңіз порттарының ірі операторы – DP World компаниясының Қазақстан-Қытай шекарасында және Қазақстанның батысында Ақтау теңіз портында көліктік-логистикалық хаб жобасына қатысу жоспары бар. 
БАӘ елшісі Қазақстанда SABIS брендімен жұмыс істейтін халықаралық білім беру желісін құру туралы айта келіп, бұл сала бойынша дүниежүзінде 65 мыңнан астам оқушы білім алатын 60-тан астам мектеп бар екенін жеткізді.
Сенат басшысы елдер арасындағы визасыз тәртіптің туристік әлеуетін дамытуға оң әсерін атап өтіп, БАӘ-ден Қазақстанға турис­тер ағынын ұлғайтуды ұсынды.