Бұл дағдарыстан халқымыз ширап шығады
Бұл дағдарыстан халқымыз ширап шығады
322
оқылды
Қазақстанда төтенше жағдай  және карантин режимі сәуір соңына дейін ұзартылды. Алайда біраз кәсіпорын қайта ашылады. Елде COVID-19 бойынша кең ауқымды тестілеу басталмақ. «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы қатаң сынға ұшырады және қайта қаралады. «Жұмыспен қамту жол картасының» әр жобасын арнайы топ бақылауға алады. Осы және басқа да мәселелер бойынша Президент Қ.Тоқаев өз ше­шімін жария етті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев төтенше жағдай ре­жимін қамтамасыз ету жө­нін­дегі мемлекеттік комиссияның оты­рысына қатысып, сөз сөйледі. – Коронавирустың таралуын бар­ынша бәсеңдету үшін қажетті ша­раларды дер кезінде қабыл­дадық. 15 наурызда алғашқы нау­­­қас­­тар белгілі болған сәттен бас­­­тап төтенше жағдай жария­ла­дым. Бірден екі ірі қаламызда ка­­­­­­­рантин енгізілді. Шын мә­нін­де, қазір – бүкіл әлем жұрт­шы­лы­­ғы үшін сын-қатерге толы уа­қыт. Осындай күрделі кезеңде Ел­басымыз арнайы мақала жа­рия­­лады. Бұл халқымыздың ең­се­сін көтеретін өте мазмұнды, маңыз­ды үндеу. Береке-бірліктің ар­қасында Қазақстан бұл індетті артқа тастап, зор сеніммен алға басады, – деді ол. Ел Президенті мемлекеті­міз­дің шұғыл шаралар арқасында ін­деттің кең таралуына жол бер­ме­генін нықтады. Тұрғын­дарға жә­не бизнеске қолдау көрсету мақ­сатында дағдарысқа қарсы нақ­ты шаралар қабылданды. Аза­маттарға көмектесу үшін бұрын-соңд­ы болмаған көлемде қыруар қар­жы бөлінді. Көптеген мемле­кет­тер халқына осындай қолдау көр­сете алған жоқ. Мемлекет бас­­­­­шысы Үкіметке сол қара­жат­тың сапалы әрі мақсатқа сай жұм­салуын қадағалауды жүктеді. – Пандемия зардабын бүкіл дү­ниежүзі тартып отыр. Бұл індет ел экономикасына теріс ықпалын ти­гізуде. Дағдарысқа қарсы нақ­ты шаралар қабылдадық. Каран­тин шаралары арқасында вирус­тың жаппай таралуын бәсеңдет­тік. Тұтастай алғанда, жағдай ба­­­қылауда. Елорда мен Алматыда жағ­дай тұрақты. Бірақ Қара­ған­ды, Ақмола, Қызылорда, Түр­кіс­тан, Жамбыл облыстарында ауру­ға шалдыққандар саны күрт өсіп кетті. Бұл атқарылған жұ­мыс­тың жеткіліксіздігін және қосымша шаралар қажетін көр­сетеді, – деді Мемлекет басшысы. Ол мемкомиссия аймақтар­да­ғы карантин шараларының орын­далуын қатаң бақылауға алуы тиіс екенін баса айтты. Бұл ретте «полиция мен мемор­ган­дар­дың іс-қимылы тек қатаң шара түрінде емес, орынды әрі ақыл­ға қонымды болуы» қажет. Жөн­сіз әрекеттерге жол берілмеуі шарт. Қасым-Жомарт Кемелұлы бар­­лық медицина қызмет­кер­лері­нің қаһарман ерлігіне тәнті екенін атап өтті. Алайда коро­на­вирус­тық пандемиямен күреске жұ­мылған ақ халатты абзал жан­дардың барлығына бірдей ТЖ кезіндегі үстемеақы төленбепті. Көптеген өңірде оны тек COVID-19 жұқтырған науқас­тар­ды ем­дейтін дәрігерлер ғана ал­ған екен. Қал­ғандарына, мысалы, сол ауруха­на­да карантинге жа­был­ған мейір­бикелер мен сани­тар­ларға тек аз мөлшердегі сыйақы беріл­ген. Президент ме­дицина маман­да­рының өз атына жолдаған осы­ған қатысты арыз-шағы­мы­мен таныс екенін жеткізді. – Біз коронавирусқа шал­дық­қан сырқаттармен тікелей ара­ла­сатын медицина қызметкерлеріне кө­мектестік. Олардың саны ша­ма­мен 30 мың. Сонымен бірге жер­гілікті билік медицина қыз­мет­­­керлерінің басқа санат­тары­ның мәселесін шешуден бойын аулақ салмауы қажет. Өңірлер өз мүм­кіндіктері мен көзқарас­та­рына қарай дәрігерлер мен мейір­бикелерді материалдық қол­дауы тиіс, – деді Қ.Тоқаев. Ол медицина қызмет­кер­ле­рі­нің індет жұқтырып жатқанына алаңдаушылық білдірді. – Ауруға шалдыққан әрбір 5 адам­ның біреуі – медицина қыз­меткері. Бұған жеке қорғаныш құралдарының жетіспеуі және қауіпсіздік шараларының сақ­тал­мауы себеп. Дәрігерлеріміз онсыз да жетпей жатқанда, бұған мүл­дем жол беруге болмайды. Нау­қас­тарды емдейтін медицина қыз­меткерлерінің еңбек жағ­дайын ерекше бақылауға алу ке­рек. Олар жеке қорғаныш құ­рал­­дарымен толық қамтылуы тиіс. Сондай-ақ  дем алатын және уа­қытша тұратын жерлерін де мұ­қият ойластырған жөн, – деді Мем­лекет басшысы. Ол полицейлерге, әскери қыз­меткерлерге, алдыңғы шеп­тегі меморгандар қызметкер­лері­не қамқорлық мәселесін көтерді. Волонтерлар қауіпсіздігіне де мән беру керек. Президент пан­демиямен шайқастың барлық ба­тыры – дәрігерлер, полицей­лер, әскерилер және еріктілер же­ке ескерткіш орнатуға лайық еке­нін жеткізді. – Алдағы кезеңде тестілеу ау­қымын айтарлықтай кеңейтуіміз қажет. Осы арқылы коронавирус­тың таралуына қатысты толық кө­­ріністі көре аламыз. Тәтті өті­рік­тен ащы шындық артық! Бұл бі­рін­ші кезекте, азамат­тары­мыз­дың денсаулығы үшін керек. Рас, коронавирус – ауыр дерт, оған қарсы әзірге бірегей дәрі-дәр­­мек жоқ. Дегенмен дер ке­зін­де диаг­нозы қойылса және қолда­ныс­та­ғы медпрепараттармен көмек­тес­се, емдеуге илігеді. Денсаулық сақ­тау министрлігі адам шы­ғынын барынша азайтуға мін­дет­ті! – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.    width= Он бес жыл қыруар қаржы шығындалған цифрландыру са­ласы сынаққа дайын емесін, дәр­менсіздігін паш етті. Осы орайда мысалы, 42 500 теңге әлеуметтік көмекті халық уақы­тылы алуы үшін Президент 3 күн ішінде төлем карталарын қа­шықтан алу мәселесін шешуді тапсырды. Қасым-Жомарт Кемелұлы алда денсаулық сақтау, білім беру салаларына және ғылымға қа­тысты түбегейлі реформалар қолға алынатынын аңдатты. Өйткені «дағдарыс көптеген олқы тұстарды жалаңаштады». Реформалар бойынша жұмыс қазірден басталады. Ел Президенті халқымыздың шамамен 37%-ы толығымен оқшауландырылған карантин­дегі қалаларда қалғанын еске салды. Ең негізгі мәселенің бі­рі – оларды азық-түлікпен қамту. Үкімет пен әкімдерге осы мәселені тұрақты бақылауда ұстау жүктелді. – Азық-түлік бізде, сөзсіз, жеткілікті. Енді елде дүрбелең туғызбау үшін бағалардың қол­жетімді болуын және тауарлар­дың дұрыс қоймаланып, жет­кізілуін қамтамасыз еткен жөн. Үкімет  әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің 9 түрінің шекті бағасын бекітті. Одан қымбат сатуға тыйым салынады. Әйт­кен­мен бағаны реттеу тетігі пысықтауды талап етеді. Сауда және интеграция министрлігіне, әкімдермен бірге баға түзілуінің бүкіл тізбегі бойынша бағаны реттеу тетігін оңтайландыруды тапсырамын. Карантиндегі қала тұрғындары үшін коммуналдық төлемдерді азайту бойынша кешенді шешім қабылдауды жүктеймін! Білуімше, әзірге оның шешімі табылмаған, – деді Мемлекет басшысы. Жұмыссыздық белең алмауы үшін «Жұмыспен қамтудың жол картасы» қабылданды. Оның жобаларын жүзеге асыруға, 240 мыңдай жұмыс орнын құруға ғаламат сома – 1 триллион теңге арна тартпақ. Президент осынша қаржы әдеттегідей, құмға сіңген судай жоқ болмауын, нақты нәтиже беруі тиісін нықтады. Үкімет пен әкімдіктер қазақ­стандық жұмысшылар еңбегін, отандық құрылыс компания­ларын және жергілікті құрылыс материалдарын пайдалануы шарт. Осы орайда Қ.Тоқаев ашылуы жоспарланып отырған жұмыс орындарының 95%-ы уақытша екені көрсетілген тал­дау қолына түскенін хабарлады. Еңбек саласына жауапты ше­неуніктер 1 триллион теңгеге небәрі 13 мың адам үшін тұрақты жұмыс орнын құрмақ. Бүгінде елде көктемгі егіс науқаны басталды. Қ.Тоқаев Үкі­мет және әкімдіктерге осы ма­ңыз­ды жұмысты ерекше назарда ұстауды тапсырды. Аграршылар арзандатылған дизель отынының сапасына шағымданады: Прези­дентке сапасыз дизель отыны­ның кесірінен қымбат көлік-техника істен шығып жатқанын айтыпты. Ол Энергетика минис­трі мен әкімдерге ЖЖМ көле­мімен қоса енді оның сапасын да бақылауға алуды жүктеді. – Сапасыз ЖЖМ жеткізу – тек экономикаға ғана емес, сон­дай-ақ ұлттық қауіпсіздікке ті­келей төнген қатер. Ұлттық қа­уіпсіздік комитеті, Экономи­калық тергеу қызметі сапасы төмен ЖЖМ жеткізетін ком­паниялар мен жеке тұлғаларды анықтауы керек. Олар елдің қа­уіп­сіздігіне, экономикалық әле­уетіне нұқсан келтіреді. Саботаж жасаушылардың басқа да әре­кеттерін құқық қорғау орган­дары әшкерелеп, қылмыс­кер­лерді жауапқа тартуы тиіс, – деді Қ.Тоқаев. 15 сәуірде төтенше жағдай енгізу туралы Жарлықтың мер­зімі аяқталады. – Қазірдің өзінде ТЖ режи­мін кем дегенде сәуір айының соңына дейін созуға тура келетіні анық болып отыр. Коронавирус індетінің шырқау шегінен әзірге өткен жоқпыз. Осы себепті елордада, Алматыда, Шымкентте және облыстарда карантиндік режимді сәуір айының соңына дейін ұзартуды тапсырамын, – деген Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елді әбден ығыр еткен шектеу шараларын жалғас­тырмаса, жағдай ушығып, індет баршаны жаппай жайлауы, бүкіл ұлт саулығына қатер төнуі мүм­кін екенін алға тартты. Бірақ енді бірқатар кәсіпо­рындардың қайта ашылуына мүмкіндік беріледі. Әкімдіктер қатаң санитарлық-эпидемио­логиялық режимді, қызмет­кер­лерінің бір-бірінен алшақ оты­руын қамтамасыз ете алатын кәсіпорындардың тізімін әзір­лейді. Дағдарысқа қарсы өңірлік штабтар оларға тексерумен барады және жұмыс орындарына жұмысшылар мен қызмет­кер­лерді жеткізудің тәртібін, басқа да ұйымдастырушылық, тех­никалық мәселелерін айқын­дайды. Ал студенттер, оқушылар қашықтан оқуын жалғастырады, балабақшалар ашылмайды. – Дамыған елдер де төл олқы тұстары мен кемшіліктерін көріп, қорытынды жасап жатыр. Өйткені пандемияға ешкім де дайын емес еді. Бұрын болмаған ауыр дағдарыстан халқымыз ширап, жаңа кезеңге бейімделіп шығатынына сенімдімін. Қазақ­стан міндетті түрде осы қиын­дықты еңсеріп, тұрақты және сапалы өркендеу жолына түседі. Дағдарыс ел келешегі мен оның алдағы дамуы туралы терең ой­лануға мүмкіндік береді. Сон­дық­тан бәріміз бір ел болып бел­сенді жұмыс жүргізуіміз керек, – деп түйді Президент Қ.Тоқаев.  

Айхан ШӘРІП