Коронавирус: өңірлердің өкініші көп
Коронавирус: өңірлердің өкініші көп
194
оқылды
Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар саны 800-ден асты. Мемкомиссия отырысында Президент Қ.Тоқаев елорда мен Алматыда жағдай тұрақталғанын, алайда Қарағанды, Ақмола, Қызылорда, Түркістан, Жамбыл облыстарында ауруға шалдыққандар саны күрт өскенін атап өтті және өңірлердегі пандемиямен күрес жұмысын «жеткіліксіз» деп сынады. Ра­сын­да, індет енді өңірлерде белең алып отыр. Бұған шектеу жә­не оқшаулану шараларының дұрыс сақталмауы себепкер емес пе?  

Өңірде емес, өз үйіңде оқшауланған жөн

Жұртшылықты түсінуге бо­ла­ды. Елдегі COVID-19 бастапқы оша­­ғы болған қос мегаполисте – Алматы мен Нұр-Сұлтанда пәр­менді шаралардың қолға алынуы нә­тижесінде кеселге ұшыраудың жаңа оқиғасының саны азайып ке­леді. Оның орнына эпиде­мия­лық жағдай ауыл-аймақта на­шар­лап барады. Мысалы, жұма күнгі таң­да коронавирус инфекция (КВИ) індетін жұқтырған тағы 21 адам анықталса, оның тек біреуі ғана елорда еншісіне тиген. Қал­ға­ны тегіс өзге өңірге тиесілі. Ал­матыда бір адам вирустан қаза тап­ты. Әзірге коронавирусқа шал­дық­қандардың жалпы саны жө­ні­н­ен Нұр-Сұлтан (226 адам) жә­не Алматы (122) «көш» бастап тұр. Өзге өңір жұртшылығының бұ­ларға күдікпен, қабақ түйе қа­райтыны сондықтан. Көкшетау қаласының тұр­ғы­ны Забира Шинтемирова Ақмола об­лысының әкiмi Ермек Мар­жық­­паевқа жүгініп, облыстағы елді мекендерге елордалықтар мен алматылықтардың келуіне тыйым салуды сұрады. «Құрметті облыс әкімі! Сізден Көк­шетау қаласын жауып тас­тау­ды өтінеміз! Бұл бізде эпиде­мия­ның жайылуына жол бермеу үшін қажет. Әйтпесе, Нұр-Сұлтан және Алма­ты тұрғындарының 15-25 пайы­зы карантинге дейін Ақмола облысына келіп алды. Қаншамасы Көк­шетауға кез келген жолмен ор­наласып алуға тырысуда. Бар­лық тұрғындар қаланың жабыл­ғанын қалайды және осыны күтіп отыр» деп жазады өз хатында За­­бира. Осындай шағымдар өзге өңір әкімдері атына да түсіп жат­қан көрінеді. Мысалы, 1 сәуірден бас­тап елорда аспаны жолау­шы­лар ұшақтары үшін жабылды. Осы се­бепті шетелден қазақстан­дық­­т­ар­­ды эвакуациялап жатқан ұшақ­­­­­­тардың Атырау мен Ақтөбе әуе­­жайына бағытталуына осы өңір тұрғындары қарсылық білді­ріпті. «Рас, коронавирусқа қарсы кү­рестің қуатты құралы – оқ­шау­лану. Бірақ ол мемлекеттің бір­тұтас­тығына, жердің бүтіндігіне сына болып қағылмауы керек. Ін­дет ошағына айналған қалалар мен елді мекендер онсыз да ка­ран­тинге жабылуда. Бұл ретте пан­демиядан қорғану үшін әр адам­ның өз үйінде оқшаулануы,  қатты қажеттіліксіз көшеге шық­пауы маңызды. Кейбір өңір тұр­ғын­дарын тыңдасаң, «індет өрші­ген қалалардан бізге ешкім кел­ме­сін, үйлерінде отырсын, ал біз қа­лыпты тіршілігімізді жалғас­тыра­мыз, әрі қарай сыртта серуен құра береміз» дейді. Бұл әрине, жарамайды», – дейді вирусолог-ғалым Алексей Потехин.  

Індет ошағы ұшақпен келген бе?

Өңірлерде жағдай ушығып келе жатқанға ұқсайды. 10 сәуір таңындағы жағдай бойынша Қы­зы­лорда облысында – 104, Қара­ған­ды облысында – 61, Ақмола об­лысында – 61, Атырау об­лы­сын­да – 45, Жамбыл облысында – 45, Түркістан облысында – 34, Шым­кент қаласында – 31, СҚО-да – 25, Ақтөбе облысында – 11, Ал­маты облысында – 10, Маң­ғыс­тау облысында – 9, ШҚО-да – 6,  БҚО-да – 6, Қостанай облы­сын­да – 3, Павлодар облысында  3 нау­қас тіркелді. Яғни, вирус та­­рал­маған бірде-бір өңір қал­ма­ды. Көптеген өңірде тұрғын­дар­дың КВИ-ге қалай «жолық­қа­ны» белгісіз. Бірқатар облыстарға ін­детті шетелден оралған саяхат­шы­лар әкелген. Мысалы, Қоста­най­ға COVID-19 енгізген жас ер­лі-зайыптылар Мысырдан ора­­лыпты. Олар басқа бір нау­қас­пен байланыста болған, бар­лығы нау­рыз айында Египетте бірге де­­­малған. Ең ауыр жағдай Қызылорда об­лысында қалыптасуда. Мы­са­лы, 8 сәуірде онда 1 күн ішінде өзін­дік рекорд орнатылды: 12 сыр­қат адам табылды. 1 сәуірден бас­тап Қызылорда ка­ран­тинге жабылды: оған кіруге де, шығуға да қатаң тыйым са­лын­ды. Сол кез­де өңірде небәрі 26 науқас бол­ған. Бүгінде олардың саны жүзден асып кетті. Бұлай ба­ра берсе, оның көрсеткіші елор­да мен Ал­ма­тыға жетіп қалуы да ықтимал.    width= Сыр өңіріне КВИ-ді бірнеше адам ғана әкеліп таратуы мүмкін де­ген болжам айтылуда. Нақ­ты­лай кетсек, Қызылорда облы­сы­ның Денсаулық сақтау басқарма­сы­ның басшысы Жақсылық Абду­саметов 31 наурызда өңірде тір­­келген 10 науқастың 8-і бір үй­­дің адамдары екенін хабарлады. Олардың жасы да әртүрлі: 6 жасар балдырғаннан бастап, 45 жастағы ерге дейін. Үшеуі – 14 жасқа дейінгі ба­­лалар. Басқарма жетекшісі сыр­­қат адамдар 388 адаммен ар­а­ла­­сып үлгергенін анықтаған. Жал­­пы, сол 10 адамның барлығы Жаңа­­қ­ор­ған ауданының тұр­ғын­дары. Ж.Абдусаметовтің мәлі­ме­тін­ше, облысқа пандемия бойын­ша аса қауіпті елдерден 148 адам келді. Оның 12-і аурухана­лар­­ға жат­қы­зылды, қалған 136 адам үйде оқ­шау­лануға жіберілді. Айта кету керек, Денсаулық сақ­тау министрлігі ұзақ уақыт бойы шетелден келушілерді ка­ран­тинге жабудан бойын аулақ са­лып келді. Саяхатшылардың тек дене қызуы тексеріліп, анкета тол­­тырып, қоя беретін. Ол кезде мың­даған адамды бірден қабыл­дауға ірі әуежайлар орналасқан қалалардағы ауруханалар дайын болмаған деседі. Ақыр соңында індет ошағы көбейіп шыға келді. Коронавирус бой бермей тұр­ған өңірдің бірі – Ақмола об­лы­сында қариялар жаппай кеселге ду­шар болды. Облыстық Денсау­лық сақтау басқармасының дере­гінше, өңірдегі Аққайың ауы­лын­да орналасқан мамандандырылған әлеуметтік қызметтер көрсететін орта­лықтың (қарттар үйінің) па­циенттері COVID-19 жұқты­рып­ты. Яғни, медициналық ұйымның өзі тарату ошағына айналған. Сол себепті аталған мекемедегі қария­лардан және оның қызметкер­лері­нің барлығынан қан талдауы алынды. Олар өз кезегінде 216 адам­мен қарым-қатынаста бо­л­ған. Салдарынан, осы дерт оша­ғы­нан 34 ақмолалықтың коро­на­вирусқа шалдыққаны анықталды. Бұлардың барлығы 2 сәуір­де осы аурудан қаза тапқан 1947 жыл­ғы ер адаммен байланыста бол­ды. Артынан қарттар үйінде бол­ған тағы бір адам – 91 жасар әжей коронавирустан дүние сал­ды. Қарттар үйі қызметкерлерімен бірге карантинге жабылды. 2018 жылға дейін Малотимо­феев­ка аталып келген Аққайың ауы­лы Нұр-Сұлтаннан 30 шақы­рым жерде тұр. Жалпы алғанда, Ақ­мола облысында КВИ-ге бай­ланысты 371 сырқат ауруханада жатыр. Тағы 97-і – провизорлық ста­ционарға, 234-і – карантинге, 40-ы жұқпалы аурулар аурухана­сын­да орналасыпты. 792 адам үй карантинінде. Шымкентке вирусты әкелген­дер­дің бірі – Үндістаннан оралған әйелдер болғанға ұқсайды. Олар Делиден ұшып келіпті. Осыдан кейін үшінші мегаполиске коро­на­вирусқа шалдыққан бірден 5 адам анықталды. Оның барлығы әлгі әйелдермен және олардың от­басы мүшелерімен байланыста болғаны хабарланды. Қарағандыда алғашқы науқас­тар 18 наурызда Минскіден ұшып келген. Өңірде коронавирустан өл­­ген нотариустің 16 досы мен туы­­­сы да осы індет құрсауына ілік­­­­кені анықталды. Олар жеке бокста оқшауландырылып, емдеу кур­сынан өтуде. Үшеуінің жағ­дайы ауыр. Қарағанды облысында індет ауқымы артуы ықтимал. 1 346 адам үй карантинінде болса, та­ғы 862 сырқат тәулік бойғы ба­қы­лауға алынған. Өкінішке қарай, КВИ жұқ­тыр­ғандардың кімдермен бай­ланыс­та болғанын толық анықтау мамандарға қиынға түсіп жатыр. Кейбір адамдар ондай ақпаратты қасақана жасырады. Мысалы, вирусы анықталған кейбір кә­сіп­кер бизнесіне зияны тиіп кет­пе­сін, келісімшарттан бас тартпасын деп, келіссөз жүргізген бизнес се­ріктестерінің, байланыста бол­ған контрагенттерінің атын атау­дан бас тартыпты. Қазақстанда бұл үшін қатаң жаза көзделмеген. Шетелдерде қылмыстық қудалау, тіпті өлім жазасына дейін қарас­тырылды. Егер пандемия респуб­ли­камызда өрши берсе, жауапкер­шіліктің қатайтылуы да ғажап емес. Бизнес демекші, биыл кәсіп­тің барлық түрі құлдырамайтыны байқалуда. Қорытынды шығаруға ерте, десек те қазірдің өзінде ту­ризм, қонақүй қызметі, құрылыс, жолаушылар әуетасымалы, спорт, шоу-бизнес, газет шығару және баспа қызметі тоқырады. Ал та­мақ өнеркәсібі, қорап және қап­тама өндірісі, тамақтың бөлшек саудасы, фармацевтика, ауыл шаруашылығы, жүк тасымалы сек­торларының өсімі қомақты болады деп күтілуде. Бұдан бөлек, телевидение және телеком­муни­кация саласы мемлекеттің қуатты қол­дауы арқасында өрлеуге бет ал­мақ.  

Елдос СЕНБАЙ